Мәкен Серік Айткешұлы
**Адал дос, асыл азамат**
...Қолтығынан достарды жүрдің демеп,
Аянбадың олардан беріп көмек,Ұйытқы болып бастарын қосатұғын,Достар үшін өзіңнің орның бөлек,деп ақын жырлап кеткендей, Серік Мәкенов туралы енді сөз қозғайтын болсақ, «Тағдыр» деген жүрекке салмақ салатын ауыр сөзді қосып айтуға тура келеді. Тағдыр сені де арамыздан аяқ-асты алып кеткені барша достарыңды қатты қапаландырды. Оған қарсы тұратын ешбір амал жоқ. «Ажалға қарсы тұрар амал жоқ,-ажал алмас қамал жоқ»-деген ата-бабаларымыздан қалған нақыл сөз осындайда айтылған болу керек. Біздің халқымыз тіршілікте көрген ең ауыр күндерін «Тағдыр» деген жалғыз ауыз сөзге әкеліп тірейтіні белгілі.Секеңді бала кезінен, яғни Кеңес орта мектебінде оқыған кезінен жақсы білуші едім. Біздің ауылдан оқитын Есболат Дүйсенов, Көпей Жәнібекова, Тлеулес Қожақоваларға 1960 жылы Амангелді ауылынан Серік Мәкенов қосылды. Бұлардың сабақ үлгерімі де ерекше озат еді. Кейін оқуды тәмамдап, мамандық алғаннан кейін қызметке байланысты мекен-жайымыз әр тарапта болдық. Алайда араларымыз суыған жоқ, мереке немесе туған күндерге байланысты бір-бірімізді құүттықтап, хат-хабар алысып тұрдық. Бұл дәстүрден біз ешқашан ауытқыған жоқпыз. Бала-шағаларымыз ержетіп, «ұлдарды ұяға, қыздарды қияға» ұзатар кездерде де бәріміздің бастарымыз қосылып, той-домалақтарды дүрілдетіп өткізуші едік. Сондай бақытты тойлардың көңілді өтуіне ұйытқы болатын Серігіміз еді. Қайда жүрсек те, Серік пен Майра екеуі адрес, телефондарды тауып алып,баршамыздың басымызды қосатын. Екеуінің дархан да қонақжайлық көңіл-күйлерін қалай ұмытасың!
Секеңнің отырған жері ойын-күлкі, жарасымды әзіл болатын. Біреудің көңіл-күйі жабырқаулы болса, Секеңнің әзіл-оспақ әңгімесінен кейін, ол азамат еріксіз күлкіге беріліп, ортамызды думанға айналдыратын.Менің жарым Есболат екеуі ажырамастай дос болды. Секең дүниеден өтті деген қазалы хабарды естігенде Есболат жастықты құшақтап, үш күн бойы басын көтермей ұзақ қайғырды.Секең қайтардан бір күн бұрын екеуі телефонмен ұзақ сөйлесті. Секеңнің ауырып тұрғанын сонда ғана түсіндік. Ертеңінде суық хабарды естігенде төбемізден жәй түскендей болдық. Секеңнің арамызда жоқтығына әлі де сенгіміз келмейді. Телефон соғып, «Үке, қалдарың қалай»? дейтін үйреншікті қоңыр даусын сағынатын болдық.
Бүгін бар, ертең жоқ қу тіршілікте, мына жарық дүниеде кімді жоғалтпадық?! «Өлдің- өштің» дегендей,ұмытылмайтын пенде болмас. Дей тұрсақ та, солардың арасында көзден кеткенімен, көңілден кетпейтіні жоқ емес. Дос-жарандарының жүрегіне өшпестей із қалдырып, жадында жатталып қалатын ізгі жандардың жүріп өткен жолын еске түсіріп, сағынбай тұра алмайсың, іздейсің, елеңдейсің. Табиғаты аса таза, жаратылысында тектілік бар, рухани- адамгершілік қасиеті мол, кісілігі кең сондай жандардың бірі Серік Мәкенов досымыз еді.Қас-қағым сәтте өте шығатын жалған дүние.Сұм ажал арамыздан жаны нәзік, ақжарқын, қарапайым сезімтал, ақкөңіл, ардақты әке, сүйікті жар, елін, жерін ерекше сүйген азаматты алып кеткеніне де бір жылдың жүзі болып қалыпты.
Өмірден өткен адам, әсіресе ол досың болса, пікір жазу оңай дүние емес. Дегенмен, Секеңнің достары мен әріптестері үшін кім екенін бала- шағалары мен жастар білсін деген ниетпен қолыма қалам алуға тура келді.
Бұл жалған дүниеден біреу ерте, біреу кеш өтеді. Бәрі де бір алланың жазуына, тағдырға байланысты өмір. Оған адам баласы билік жасай алмайды. Бәріміз пендеміз. Алланың жазғанына көнеміз.Жақсы адамдардың игі істері, бауырмалдылығы мен кішіпейілділігі, қарапайымдылығы жан сарайыңда ұзақ сақталады екен. Амал нешік, Секең арамыздан тым ұзап кетті. Қазақта «тең теңіңмен, тезек қабымен» деген сөз бар. Біз құрдас болғандықтан сырымыз бен жырымыз бітпейтін еді, бір- бірімізге деген сый құрметіміз, ілтипатымыз ерекше болатын. Секең бақилық болғаннан бері оның қоңыр жағымды дауысын естігім келіп, оны сағынатын болдым, бауырмашылдығымыз қандай еді! Бабаларымыздың мынадай өнегелі сөздері, жақсы теңеуі бар ғой. Осы сөздерді ойға алып, сараптап қарасам, өмірдің өзегі де, мәйегі де осында жатқан сияқты.
Жайлаған мал кетсе, бел құлазиды,
Жағалай қонған құс кетсе, көл құлазиды,
Нарқы болмаса, сөз құлазиды,
Қатарынан айырылса, шал құлазиды...
Секең досымыз тағылымды өмір сүрді. Ол бойындағы барлық білімі мен дарынды қабілетін өмірден таңдап алған мамандығы арқылы қоғамның дамуына бағыттады. Адам өз заманының түлегі. Қандай қоғамда өмір сүріп, қызмет етсе де, бар күш- қайратын сол қоғамды өркендетуге жұмсаса, ел игілігіне арнаса еңбегінің жемісін көреді. Оның айқын айғағы біздің Секең.
Аққу ұшып көлге кетті,
Сұңқар ұшып шөлге кетті.
Олар адасып кеткен жоқ,
Бәріміз баратын жерге кетті.
«Өмір бір күн бәрімізден өтеді, Аяқ асты айтпай ақ ол жетеді» деген сөздер де өмір бар жерде, өлім бар екендігін айқындай түскендей.
Секең өмірден өткенде, оны білетін адамдардың бәрінің де қабырғалары қайысқан, өңдеріндегі өкініштері арқылы көздеріне жас алғанына да досымызды соңғы сапарға шығарып саларда куә болдық.
Секеңнің асыл адамгершілік бейнесі, дос-туысқа деген адал қарым- қатынасы, оны білетіндердің жүрегінде мәңгі сақталатынына ешбір күмән жоқ. Оның артында өзін қадірлей білетін бір қауым ел, туған-туыстары мен достары, жолдастары, өзінен өрбіген өскелең ұрпақтары Секеңді ешуақытта ұмытпайтынына сеніміміз мол.«Тұлпарда да тұлпар бар, қазанаты бір бөлек, Жігітте де жігіт бар, азаматы бір бөлек...» -демекші,туған-туыс санасында,бала-шаға жүрегінде, дос- жаран көңілінде есімі үлкен әріптермен жазылып қалатын азаматтың бірі Серік Мәкенов. Оған да тәуба дейік!
Топырағың торқа. Иманың саламат болсын Досым!
**Нұр-Сұлтан қалалық
ардагерлер Кеңесінің мүшесі
Үміт Әлібекқызы Дүйсенова**