ӨНЕГЕЛІ ӨМІР ӨРНЕКТЕРІ
Әр адам баласының өмірі өзінше өрнектеледі. Өмір жолы бәріне бірдей тақтайдай тегіс бола бермейді. Біле білсек, адамның тағдыры да өз қолымен жасалады. Ең бастысы, өмір жолында, тағдыр жазуында кездескен қиындықтарға мойымаған адам аңсаған арманы мен көздеген мақсатына жетіп, бақытқа кенеледі.
Бүгінгі әңгіме арқауына айналып отырған астаналық ардақты ардагер Мағзұм Балтабайұлы Жәбигенов – өмірдің ыстығы мен суығын, бейнеті мен зейнетін қатар көріп, ғанибетті ғұмыр кешіп келе жатқан абыройлы азаматтың өзі. «Балалық шағын соғыс ұрлаған» заманның тумасы Мағзұм Балтабайұлы ел басына нәубет әкелген ашаршылықтан халық енді есін жинап жатқан шақта, атап айтқанда, 1936 жылдың 18 қыркүйек күні дүние есігін ашқан екен. Қорғалжын ауданында колхоз шаруашылығын ұйымдастыруға белсенді қатысқан, колхоз төрағасы болып жұмыс істей бастаған әкесі Балтабай бір-ақ күнде Ақмолаға қоныс аударып кетеді. Өйткені бұл кезеңде «халық жауы» деген дүрбелең басталып кеткен. Ертелі-кеш осындай жағдай өз басына да келерін дер кезінде аңдаған аптал азамат Ақмола іргесіндегі қазіргі Көктал кентіне тұрақтайды. Теміржол бойында жұмыс істейді. Ал 1941 жылдың қараша айында Ұлы Отан соғысына аттанады. Қайран әке Сталинград түбіндегі шайқаста қаза табады. «Қара қағазды» қолына алған Мейіз ана осылайша үш баламен қалады. Алайда абзал ана балаларын қатарынан қалдырмау үшін қолынан келгеннің бәрін жасады. 1944 жылы Мағзұм бала қаладағы М. Ғабдуллин атындағы № 26 мектептің табалдырығын аттайды. Мектепте жақсы оқыған түлек өзі армандаған мамандығына қарай Қарағанды медицина институтына оқуға түседі. Бірақ басқа қалаға қатынаудың қиындығынан оқудан қол үзуге мәжбүр болады. Көп ойланбастан әскерге аттанады. Авиация құрылымында қызмет атқарады. Әскерден келісімен, әуежайда техник-механик болып жұмыс істейді. 1961 жылы Ақмола ауыл шаруашылығы институтына сырттай оқуға қабылданып, агроном-экономист мамандығын алады. Өте жақсы оқығандығынан болар, институтты үш-ақ жылда тәмамдап шығады. Ол кезде емтихандарды мерзімінен бұрын тапсыра алатын студенттерді жоғары курсқа көшіру жүйесі болған екен. Институттан кейін Ақмола құрылыс банкінде жұмыс істейді. Табиғатынан елгезек, шаруаға бейім жігіттің бойындағы еңбекқорлығы мен жігерлігін облыс басшылығы да байқаса керек, түрлі қызметтерге тарта бастады. Алдымен Целиноград аудандық партия комитетіне жұмысқа кірісті. Көп ұзамай әскерге барып келген, партия қатарындағы, жоғары білімді азамат Ақмола облыстық Мемлекеттік қауіпсіздік комитетіне қызметке шақырылады. Киев қаласындағы Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің жоғары мектебін тәмамдайды. Сегіз жылдай осы салада жемісті еңбек етіп, 1975 жылы денсаулығына байланысты қызметінен запасқа шығады. Жақсы адам, білікті маман жерде қалмасы айқын. Бұл – өмір заңдылығы. Бірде бұрын өзін оқытқан, Ақмола ауыл шаруашылығы институтында кафедра меңгерушісі болған ғалым ағасы Батырхан Балтин хабарласып, «органдағы жұмысыңнан босаған екенсің, енді бізге кел, мен ректормен өзім сөйлесемін. Сенің оқытушы болуға мүмкіндігің зор» деп, ағалық кеңесін жеткізеді. Көп ұзамай Мағзұм Балтабайұлы институттың экономика бөліміне аға оқытушы болып қабылданады. Бұл 1976 жыл болатын. Содан 1999 жылға дейін осы оқу ордасында жастарға дәріс берді. Студенттерді оқыта жүріп, ғылымға да ден қойды. 1983 жылы экономика ғылымының кандидаты атанды. Мағзұм Балтабайұлының ерен еңбегі еленбей қалған жоқ. Кеудесінде жарқырап тұрған бес медаль – сол еңбекқорлығының белгісі. Зерделі адам зейнет жасына шықса да, қарап отыра алмайды екен. Осы тұрғыда Мағзұм Балтабайұлы жайында парасатты сөз айтуға болады. Бірінші айтарымыз, өнегелі өмір жолында түйгенін жас ұрпаққа жеткізуге ұмтылды. Өмірдегі жақсы менен жаманның аражігін ашып көрсететін мақалалар жазып, оның негізін «Астана ақшамы» газетінде жариялап, елордалық басылымның тұрақты авторына айналды. Қаламынан туындаған шығармаларының басты тақырыбына имандылық, ұлттық тәрбие өзек болды. Өзегін жарған жазбаларын шашау етпей жинап, жақында кітап етіп шығарды. Айтпақшы, ардақты азамат 2007 жылы қасиетті Мекке-Мәдинаға сапарлап, қажылық парызын өтеп келген еді. Бұл да абзал ағаның имандылық жолындағы парасаттылығын көрсетсе керек. Өмірлік жары, балалар дәрігері болған зайыбы Роза Әбдірашитқызы екеуі төрт бала тәрбиелеп өсірді. Балаларының бәрі – жоғары білімді, білікті мамандар. Бүгінде сексеннің сеңгіріне көтеріліп отырған ардақты ардагер, абзал азамат, мейірімді ата Мағзұм Балтабайұлы құдай қосқан қосағымен бірге он немере мен бес шөбере сүйіп, берекелі де мерекелі ғұмыр кешіп отыр.
Ғалым ҚОЖАБЕКОВ