Қос қасиеті – қос қанаты
Адам – өз өмірінің сәулетшісі. Даралар да, қаралар да, даналар да қонақ болып өтетін мына дүниеде әркім өз өмір соқпағын өзі сомдайды. Оның мәнді де, сәнді, мағыналы да, мазмұнды болуы сол өмір иесінің қарымы мен қасиетіне байланысты. Құдыретті табиғат осы адами қасиеттерін мол дарытқан жандардың бірі – қашанда айналасына, тек мейірімділік шуағын шашып келе жатқан Ғаппас (Эбенғаппас) Елемесұлы Ахметов.
Өзім соңғы уақытта жиірек жүздесіп жүрген, жалпы, жетпістің желкесіне көтерілген – қазына жасқа жеткен жандардың бүгінгі биікке шығуының сыры еңбек пен білімге деген шексіз құштарлығы десем қателеспеспін. Өйткені, бәрі де жастайынан арман қуып, жүрек қалауымен мамандық таңдай білгендер. Бұл ортаңғы буынның да өмірден көрген қиындығы аз болмады. Бірақ – ділі мықты. Басым көбі ақжаулықты әженің әлдиімен тербеліп, от пен оқтан оралған әкенің мейірімінен гөрі, аманатын көп тыңдап, әке өсиетін өмірлік мұрат еткендер.
Арнайы өзім іздеп келген орта бойлы қағылез жанмен жолығыса қалған кімде-кім, алдымен, оның ерекше ілтипатына риза болады. Ал, оның сырын әңгіме барысында тереңірек аңғарғандаймын.
Ғаппас Ахметовтың құдірет берген екі қасиеті бар, – біріншісі, тумысынан қоғамшыл, белсенді өмірлік көзқарасының арқасында адамдармен қоян-қолтық араласа жүріп, қай ортада болсын тіл табысып кете баруы.
Екінші бойына дарыған қасиеті – өзі таңдап алған мамандығына әркез адал, ал қоғамдық, мансаптық қызметтің қай сатысында жүрмесін хирург-травматологтың басты медициналық құралы – никельді немесе хром құрышты скалпельді бертінге дейін уысынан шығармауы.
–Мен мектеп жасынан-ақ ол кездегі барлық қоғамдық іске шын ниетпен, жүректің қалауымен араласып, енді аңғарып отырмын, су бетінде қалықтаған кемедей жүзіп кете барыппын. Одан соң комсомол, партия, кәсіподақ ұйымдарының жетекшісі болмаған кезім жоқ, – деп еске алады өткен өмір жолын парақтай отырып.
Иә, бұл да әркімге бұйыра бермейтін қасиет. Қоғамның басты байлығы адам, демек, оны алға жылжытып, болашақтың кірпішін қалап жатқандардың жүрегіне жол таба білу, өз заманының саяси ұстанамын солардың санасына жеткізу, сөз жоқ, жалпы тұрақтылыққа жетудің басты қағидаты, азып-тозбайтын ел қазынасының қайнар көзі.
Сол елшілдігінің арқасында әлі де парасаттылық пен даналықты қажет ететін қызметтің тұтқасын төртінші жыл ұстаған ол, «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің қатарында 28 мыңдай зейнеткері бар Сарыарқа аудандық филиалының төрағасы, Астана қаласындағы ардагерлер кеңесі президиумының мүшесі. Осы төрағалық қызметте де ол, «Кешегі бабамызбен ғана емес, бүгінгі бағамызбен, ертеңгі шамамызбен де мақтана алатын ұлт болуды ойлауымыз керек» деген Елбасымыздың елге қарата айтқан тілегін басшылыққа алып, ұрпақтар арасындағы сабақтасты дамыту арқылы жалпыұлттық сана-сезімді болашақ мүддесіне қызмет етуге қалыптастыруды мұрат тұтқан. Құндылықтарды нәсихаттау жолында ұрпақтар қатысуымен аудандық ардагерлер ұйымының түрлі кездесулерін жүйелі ұйымдастырып отырады.
Өмір жолын қаншама парақтасақ та, жансақтыққа бой алдырмаған іспетті. Азаматтық парызы мен қоғам алдындағы рөлін әр кез сын сынағынан сыныптай бұлтартпай бақылап отыруы – Ғаппас Ахметовты өзінің бүгінгі қазына жасына абырой-атақтың алтын бесігінде тербетіп алып келгендей.
Жетіағайындының төртіншісі, өзі де көпбалалы оның отбасы ынтымағы жарасқан, ырысы тасыған әулеттің қатарында. Бауырларының бәрі де ұядан аман-есен ұшып, қоғамнан өз орындарын тапқан тәуелсіз елдің арқасүйер ұл-қыздары.
Ғ. Ахметов осы Ақмоланың төл тумасы, бел баласы. Дүниеге келген атақонысы қарт Шортанды ауданындағы Жолымбет руднигі. Баршаға мәлім осы шағын ауыл кезінде алтын өндіретін кен орны болатын. Кезінде қазақтың небір «мен» деген ұлдары жан-жақтан осында жиналып, еңбек етті. Солардың бірі әкесі Елемес. Өз заманының ағымы, күнкөрістің қамымен Елемес Ахметов осы өңірдің бірқатар, басқа да елді-мекендерге қоныс аударып, ақыр соңында, атақонысы Ерейментауға оралады.
Ол кісі 1939 жылы Омбы шекарасынан үйлі-боранды болуына қарамастан әскерге аттанып, тек, соғыс аяқталған соң, қырықбесінші жылдары ғана оралады. Анасы Бибіғайша болса, сол кездегі барша әйелдердің тұрмыс тауқыметін басынан біркісідей өткерді. Масақ терді, отын шапты, биялай-шөлке тоқыды. Майданға азық-түлік даярлады. Бүгінде ата-анасы өздерінің атажұрты Ерейментау ауданының Олжабай Батыр (Благодатное) ауылында мәңгілік тұрағын тапқан.
Күншалған деген тамаша атау мені қатты қызықтырып, «бұлай деп неге аталған» деген сауалыма, сұхбаттасушы жүзі жадырап түсінік бере кетті. Ол жер әкемнің 1904 ж туып өскен жері. Бәлкім, ұзақ жылдар сыртта жүріп, нешеме қызметтің басын ұстаса да, жалаң аяқ, жалаң бас, лай балшықты тал шыбықпен шыпылдатып шауып жүрген балалық шағынан туған ауылына деген бір сезім селт етті ме екен. «Күншалған» деген ол тау. Етегінде мөлдір өзені бар. Жалпы, Ерейментау ауданы сулы да, нурлы жер. «Түгің тартсаң майы шығады», дейді.
Иә, кезінде осы ауданды неміс ұлтының губернияға айналдырамыз деген тартысы болғаны тегіннен емес екен. Қауіп болды. Еркіншілік, Новодолинский ауылдарының тоқсан тоғыз пайызы осы ұлт өкілдерінен тұрған. Сол кездегі Целиноград қаласына қарсылық ниетпен ауылдың тұрғындары да үдере көтеріліп жолға шыққан болатын… Абырой болғанда бәрі оң шешілгенін білеміз.
Ғ. Ахметов, айтып өткеніміздей, білімді де осы тың өлкелік Целиноград қаласында алып, барлық күш-қуатын да осындағы қызметіне жұмсап келеді. Ерейментау ауданының Благодатный селосындағы (бүгінде Олжабай батыр ауылы) онбіржылдық мектепті тәмамдап, мемлекеттік Целиноград (бүгінде Астана) медицина институтын, 1971 жылы емдік іс бөлімі бойынша аяқтап, дәрігер-травматолог мамандығын алып шығады. Алғашқы еңбек қадамын фельдшер-травматолог, одан соң 1971-1977 жылдары Целиноградтың 2-ші қалалық ауруханасында дәрігер-травматолог болды. Ал, 1977 жылдан 1986 жылдарға дейін мемлекеттік Целиноград (қазіргі Астана) медицина институтында травматология, ортопедия және әскери-дала хирургиясы кафедрасының ассистенті қызметін атқарды, жоғары санаттағы хирург-травматолог. Бірақ емдік қызмет көрсетуден бір сәт те шет қалған емес. Пәпкәсі мен скальпелі бойынан табылатын.
Тікелей дәрігерлік қызметімен қоса, Целиноград қалалық медицина қызметкерлері кәсіподағының төрағалығы секілді қоғамдық қызметін ала жүрді. Ол заманда солай болатын. Қоғамдық жұмысты негізгі іспен қоса атқарып, биік мінберден қызметкерлердің тұрмыс жағдайын жақсарту мақсатындағы әлеуметтік, басқа да проблемалық сан-салалы мәселелерін көтеру солардың мойнына артылған-тын. Ақы төленбесе де бұқарамен жұмыс атқаратын қоғамдық орындарға, бір жағынан өз ісін жетік меңгерген, жүрген ортасына сыйлы, беделді адамдар ғана тағайындалды. Ғ. Ахметов сол талаптан әркез табыла білген деуге негіз бар.
Қызығынан шыжығы басым, өмір мен өліммен тайталаса жүріп, әр секунды алтыннан қымбат операциялық залдағы арпалыстан босай қалғандағы қалт еткен әр сәтін кәсіби шеберлігін ұшатуға жұмсаудан ерінбей-талмайтын, ізденетін, біліктілігін арттыру үшін шетелдерге де сапар шегетін. Емделушілер де, әріптестері да «алтын скалпельді ортопед-травматолог» деп өз бағаларын беріп те қойған кезінде. Тіпті, облыстағы қол сүйегіне операция жасайтын бірден-бір білікті де бірегей маман деп танылды. Талай жанның салалы саусақтарын скалпельмен жара отырып, мыңдаған жіптен де нәзік тамыр талшықтарын қайта жалғап, сол зардап шегушінің өмірге деген құлшынысын оятты, тіпті, асыраушы ретіндегі тірлік-қарекетіне араласуына мүмкіндік берді.
Бұған қоса баспа беттерінде ғылыми тақырыпта қаншама мақалалары жарияланып, өзі көріп, көңіліне тоқығанды кәдеге жарату үшін аса құнды 5 жаңашыл ұсыныс жасайды. Бұл күн сайынғы медициналық тірлік-тауқыметті көзімен көріп, қолымен ұстап сол жолда шеберлігін ұштай іс-әрекет етіп жүрген тәжірибелі дәрігердің игілікке қосқан құнды да, баға жетпес зор үлесі деп бағаланды.
Жаңашылдығының тамаша бір жетістігі ретінде, Астанада 2007 жылы әдістемелік орталықтың ашылуына нақтылы мұрындық болды. Олай былай болған іспетті.
Қашанда болмасын, қай жастада болмасын үнемі ізденісте жүретін практик дәрігер – жоғарғы санаттағы травматолог АҚШ-ына кәсіби шеберлігін көтеру мақсатында іссапармен барып, одан үлкен ой құшағында оралады. Елге жеткен соң, «нәртәуекел» деп медициналық жаңа жобасымен қалалық әкімдікпен бөліседі. Көп ұзамай Астана қалалық әкімдігінің қолдауымен «Оқыту-клиникалық орталығының» ЖШС-і ашылады да, директоры боп Ғ. Ахметов тағайындалады. Өзара тәжірибе алмасу аясында шет елдермен байланыс орнатып, солардың кәсіби мамандарының көмегіне жүгіне қаз тұрған бұл орталық бүгінде бекем қалыптасып, халыққа медицналық қызмет көрсетудің беделді тірек ұйымына айналды. Орталықтың мақсаты қолдарында дипломы бар орта буын медицина қызметкерлерінің біліктілігін одан әрі көтере түсу. Яғни, 45 бұрышта ине салу, алдымен, сырқатты екпеге физиологиялық тұрғыдан дайын ету секілді көптеген, бір қарағанда ұсақ-түйек сияқты, бірақ ем-домның алғышарты боп саналатын әдіс-тәсілдерінің бүге-шүгесін қайта үйретіп шығады десек те болады. Қазір Астанада бұл орталық солжағалаудағы №3 ауруханамен қанаттаса жайғасқан. Бір айта кетерлігі, осы «Оқыту-клиникалық орталықтың» лицензиясыз ендігі уақытта медбикелер операциялық залдардағы қандайда болмасын ота жасауға қатысуға рұқсат етілмейді. Талаптың бүгінгі қатаңдығы осындай.
Орталықта қаламыздың барлық емдеу-сауықтыру орындарының медициналық қызметкерлері тәжірибе жинақтап, жоғары деңгейдегі біліктілік сынағынан өтіп жатыр. Бұл олар үшін де мерей. Республикадағы басты оқыту-клинкалық орталығына айналған оның бастауында тұрып, негізін өз қолымен қалағанын әр кез мақтан тұтады. Ел саулығының қамын жеген тынымсыз жандардың бірінен саналатын, бар ғұмыры, білім мен күш-жігерін сол жолда жұмсап келген Ғ. Ахметовтың бұл еңбегін екінің бірі біле бермеуі де мүмкін.
Дәрігер – ол адам жанының арашашысы, күн-түн демей күзетте тұратын сақшы-солдаты. Сол қарбаласы қызу жылдарда жоғары санаттағы хирурург-ортопедтің күндіз әр сырқаттың жан жарасын емдеп, қадағалап отырғанын, түнгі кезекшілікте телефон қоңырауымен өре тұрып ойда-жоқта кез келген сәтте бейнетке тап болған жанды ажалдың тырнағынан суырып алудағы жанталасқан арпалысы оңай болмағанын жақсы сезінеміз. Осылайша арына да, гиппократ антымен скальпелді қолына алған дәрігерлік антына да дақ түсірмеген ол, ендігі жинақтаған мол тәжірибесін жас ұрпаққа дарыту мақсатында кадрлар дайындау ісіне қалай араласып кеткенін де байқамай қалғанымен, медицина мекемесін басқару жолында жиыррма жылдай қызмет етті.
1986-2005 жылдар аралығында Целиноград медицина училищесін (1994 жылдан колледж) басқарды. Оның қаншама түлектері бүгінде еліміз ғана емес, шет елдердегі маңдайалды медицина орталықтары мен клиникаларында абыроймен қызмет етуде. Осы жылдардағы ұядан ұшырған шәкірттерін атап шығудың өзі мүмкін емес. Бастысы, олардың бәрі де ұстаз дәрісін бойына дарытып – басты байлық – адамға қызмет етуде.
Әңгіменің түп төркіні қызмет, тек қызмет жайлы боп отырған аракідікте оның әулеті, отбасы жайлы да сұрап қалдық. Сонда, бір байқағаным, «жаны ботадай нәзік» пе екен дедік. Анасы Бибіғайша жастай дүниеден озып, ең кенжесі онекі жасында қалған. Өзі институттың студенті ол анасын жоқтағаны сонша айға таман басын көтере алмай, тіпті, институттан шығып кету қаупі де болады. Әупірімдеп жүріп есін жиса керек. Олай болатын жөні де бар. Ғаппас Ахметовтың атажұрты Ерейментаудың тамылжыған табиғаты, тек адамды сүюге үндейтіндей. Туған Күншалған тауының самал желі ғана қайғы мұның серпи алды.
Қайсарлықты да, алға қойған мақсатқа жетерлік табандылықты да осы табиғаттан алған. Оның да жастық шағы жоқшылық басым заманға дөп келді. Мамықтай аппақ қары «мені аймаласайшы» деп күмістей жарқырап, көкпеңбек «Қарабай» өзенінің айнадай айдыны менмұңдалап тұрғанда қай бала тиыш отырсың. Қол да бар тебен-таяқты шана, шаңғы ғып сырғанақ теппейтін ауыл баласы бола ма, әсте. Ол да жоқтан бар жасап, өзеннің сағасындағы бір биіктікті «трамплин» ғып белгілеп қойып, қайтсе де жаңағы жалбырап салбырап жатқан «шаңғысымен алуды» көздейді. Көп тырбанып мұратына жеткеңдегі бала қуанышы қандай шексіз болса, сол қорқынышты жеңіп, алға ұмтылу мұратының шексіздігі де осы «Қарабай» өзенінің сағасынан бастау алған іспетті.
Содан бері ауыл баласы өмірдің қандай қиындығы болмасын жеңе біліп, тек алға ұмтылып, әр жетістігін ел игілігіне арнап келеді.
Отбасылық бақыты да баянды. Студенттік ән-жырларын бірге шырқаған жары Сәуле Қарағандының қызы болғанымен, онымен қол ұстасып бұрынғы Целиноград – қазіргі Ақмолада тұрақтап қалған. Еңбек кітапшасында да бір-ақ жазу бар. Яғни, «Астана қаласындағы №3 мектеп-гимназиясында күні бүгінге шейін француз тілінің маманы». Жұптары жарасқан олар бес бала – Дана, Дәнияр, Жанар, Дина және Инара атты ұл-қыз тәрбиеліп өсірді, жоғары білім берді. Бәрі өмірден өз орындарын тапқан, қаржыгер, дәрігер-ғалым, қазақ және француз тілінің маманы, айтишник (IT), халықаралық заңгер. Олардан алты немере сүйіп отыр.
Еңбегі атаусыз қалмаған. Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау, білім беру істерінің үздігі, «Ерен еңбегі үшін», «Еңбек ардагері» және басқа да бірқатар мемлекеттік медальдың иегері.
Ғаппас Ахметовтың айшықты өмір жолы құс ізіндей айқын, күннің жерге түскен сәулесіндей түп-түзу әрі көз қарилықтай сан алуан түспен шағылыса жарқырайды. Оның бойындағы қос қасиеті бір арнаға тоғысып – адамды сүюмен тұйықталған. Олай дейтініміз, ол қоғамдық қызметте де, тікелей емдік ісінде де, тек адамды сүйе отырып қызмет жасап келді. Бірінде адамның жан жарасын жазса, екіншісінде рухани дүниесін байыта отырып, тәуелсіз қазақ елінің іргетасын қалауда ерік-жігерін рухтандыра отырып, жүректерге сөзбен де, ембен де жол тапқан.
Өмірбақи адами сыйластықтың осы алтын арқауын ұстанған Ғаппас Ахметов әлі де сол дара да дана жолда.
Майра ШӨКЕН