Организация ветеранов

Организация ветеранов

Астанинский городской филиал Республиканского общественного объединения

ОҚЫТУШЫ,ЗЕРТТЕУШІ,ТӘРБИЕШІ!

КҮЛЗИРА ЫСҚАҚҚЫЗЫ: ОҚЫТУШЫ, ЗЕРТТЕУШІ, ТӘРБИЕШІ (75 жылдық мерейтойына орай)

Мақала жазуға себепкер болған жан – К.Ы.Ысқақова, оның биылғы жаз айының ортасында мерейлі 75 жасқа толуы. Қай адам болса да, белгілі бір кемел жасқа келгенде ең әуелі өз алдында, әріптестері мен дос-жарандарының алдында: «Осы жасқа келіп, не бітірдім?», - деген сұрақ келуі заңды болады деп ойлап, Күлзира Ыдрысқызының өзімен әңгімелесіп, оның өмір баспалдақтарына шолу жасап көрдік. И.Идрисовна.jpg Кейіпкер- замандасымыз 1950 жылы 31шілде айында Ақмола қаласында дүниеге келген екен. Әкесі Ыдрыс Ысқақұлы мен анасы Сарқыт Мұқамеджанқызы Қарағандының Нұра өлкесінің тумалары. Әкесі Ыдрыс Ысқақұлы-ҰОС ардагері, жауынгерлік жолы Сталинград шайқасынан басталып, Жеңіс күнін Берлинде, Рейхстаг қабырғасында қарсы алды. ҰОС ардагеріне берілген медаль мен ордендердің иегері.Соғыстан кейін әкесі Ақмолада бухгалтер, ревизор қызметін атқарса, Күлзираның анасы Сарқыт мүғалімдік жүмысты Абай атындағы № 8 мектепте бастап, сол жерден зейнеткерлікке шықты. Ал Күлзира болса анасының жолын қуып, Алматыдағы Кеңес кезінденгі ең беделді ЖОО С.М.Киров(кәзіргі Әл Фараби) атындағы мемлекеттік университеттің тарих факультетіне оқуға түседі. Халықтың «Адам екі түрлі жағдайда қателеспеу керек: бірі - жар таңдағанда, екіншісі - мамандық таңдағанда», деген сөзді еске келеді.. Ал Күлзираның жолы бұл екі жағдайда да болды...
Университетте оқып жүрген кезінің өзінде-ақ білім мен ғылымға ерекше талпыныс танытып, ғылыми үйірмелерге қатысып, көтеген студенттердің ғылыми конференцияларында баяндамалар оқыды. Күлзира қоғамдық жұмыстармен белсене араласуды жалғастырды (жалпы бастауыш сыныптың өзінде-ақ ол сынып старостасы, пионер отряды, комсомол үясы төрағасы болған еді). Университеттің тарих факультетінде оқыған бес жыл бойы топ комсоргі жұмысын атқарды. Мектепте де , ЖООда оқыған жылдары Күлзира Алғыс хаттар мен түрлі сыйлықтармен марапаттарды иеленді. Мысалы, 1971 жылы Каз МУ дың сол кездегі ректоры Өмірбек Арысланүлы Жолдаспековтың бұйрығымен оқу орнының жиырма шақты оқу озаттары мен белсенді студенттеріне қысқы каникул кезінде Мәскеудегі Патрис Лумумба атындағы Халықаралық Достық университетінің 10 жылдық мерейтойына қатысу ұшін қайырымдылық іс-сапарға жіберілді. Бұл Күлзираның Москва қаласын алғаш рет көруі еді. Университетті 1973 жылы үздік тәмамдап, тарих және қоғамтану пәндерінің оқытушысы мамандығын алып, Күлзира Талдықорған қаласында жаңадан ашылған педагогикалық институтының тарих факультетінің оқытушылық қызметіне жолдама алады. Бірақ, тарих факультеті сол жылы ашылмай қалғандықтан Талдықорған облысы Киров ауданындағы орта мектепке жұмысқа жіберіледі де, сол жерде тарих пәнінің ұстазы болып, еңбек жолын бастады. 1976 жылы жанұялық жағдайға байланысты сол кездегі Целиноград қаласына қоныс аударды.Тағдырын ұстаздықпен байланыстырған Күлзира Ыдрысқызы мұнда инженерлік-құрылыс институтында тарих және саясаттану кафедрасының оқытушысы, аға оқытушысы, доценті, кафедра меңгерушісі болады. 1985-1988 жылдары С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің философия-экономика факультетінің күндізгі бөлімінің аспирантурасында оқиды. Ғылыми жұмысын сәтті аяқтап, қорғап, 1989 жылы философия ғылымдарының кандидаты атағын иеленді. 1992 жылы саясаттану пәнінің доценті ғылыми атағы берілді. Аталған ғылыми атақтар Москвада бекітілді. 1996 жылы 23 мамыр айында Целиноград педагогика институты мен Целиноград инженерлік-құрылыс институттары біріктіріліп, Л.Н.Гумилев атындағы ұлттық университеті құрылды. Әрі қарай Күлзира Ыдрысқызы аталған университетте оқытушылық, ғылыми. қоғамдық жұмысын жалғастырып, кафедра доценті, кафедра меңгерушісі қызметтерін атқарды. 2004 жылы Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ «Тарих» мамандығы бойынша академиялық профессор атағы беріліп, Күлзира Ыдрысқызы Біліктілікті жетілдіру институтының директоры, Біліктілікті жетілдіру және сырттай білім беру факультетінің деканы лауазымды, ал 2009 - 2022жж - Қазақстан тарихы кафедрасының профессоры қызметтерін атқарды. Күлзира Ыдрысқызы оқыған пәндер тақырыптары сан-салалы. білім алушы студенттер мен магистранттарға екі (қазақ, орыс) тілде дәріс оқып, семинар жүргізді. Оқытушылық қызметін атқарған жылдары 60 тан астам пәндердің оқу-әдістемелік кешендері (ПОӘК) мен силлабустарын жасаған екен. Осы орайда ауыз толтырып айтуға тұрарлық нәрсе: кафедрада оқытылатын жаңа пәндердің ПОӘК барлығы дерлік, ен тәжрибелі ұстаз ретінде, Күлзира Ыдрысқызына тапсырылып келген болатын. Мысалы, тек соңғы жылдардың өзінде: «Академиялық хат»,», «Тарихи зерттеулердегі сыни ойлар», «Тарихи феменология» және тағы басқа да тақырыптардағы пәндер. . Университетте жұмыс істейтін барлық ПОҚ- тың міндетті түрде атқаратын жұмысы – ғылыммен айналысу, ғылымға өз үлесін қосу. Өйткені, ғылым адамзат өмірін ұрпақтан-ұрпаққа жеңілдетіп, тәуелсіз етеді және материалдық, рухани байлықтың негізіне айналады. Дана халқымыз: «Ғылым – теңіз, білім – қайық», - деп тегін айтпаған. Білім - студенттің, магистранттың ақыл - ойы мен ерік - жігерін қалыптастырушы тірек. «Тегінде, адам баласы адам баласынан ақыл, білім, ар, мінез деген қасиеттермен озады», - деген ұлы ақын Абай сөзі барлық уақытта өз мәнін жойған емес. Бұл екеуі синоним сөздей. Тек қана білім арқылы ғылымға жаңалық енгізесің. Білім - оқу дегенді білдірсе, ғылым - зерттеу дегенді білдіреді. Сөз жоқ, ғылым - адамзат мәдениетінің орасан зор жетістігі болып саналады. Білім мен ғылым - қазақ елінің рухани тәуелсіздігінің тұғыры. Ал, біздің кейіпкеріміз ғылыми жұмысқа не қосты деген сұраққа: 150 дей ғылыми-зерттеу жұмыстары бар. Сонау бір ерте заманнан «Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» деген даналық сөз бар. Ғалымның өлмейтін заты - оның зерттеулері, ой-пікірі, ғылыми мақалалары. Күлзира Ыдрысқызы талмай ізденіс пен еңбекқорлығы арқасында жазып, баспадан шығарған ғылыми жұмыстарының саны 160-қа жетсе, оның екеуі оқу, ал үшеуі оқу әдістемелік құралдар және 2009-2010 оқу жылында университет баспаханасынан шыққан «Отанды қорғау мен қастерлеу: тарих және тағылым...», «Есіл өңірі: тарих және тағылым», «Бауыржан Момышұлы», «Л.Н.Гумилев:этногенез теориясы», «Евразийский национальный университет им. Л.Н.Гумилева: история и современность» деген ғылыми жинақтардың жарық көруіне редакцияның алқа мүшесі ретінде еңбек сіңіріп, қомақты үлес қосты. Біздің ойымызша, ғалымның беделі еңбегінің санымен емес, сапасымен, оның тиянақты да жүйелі тындырған салмақты ісімен бағаланса керек. Күлзира Ыдрысқызының зерттеушілігі, ұстаздығы өзінің тарих саласындағы берік те биік тұғырына іс жүзінде адалдағымен өлшенеді.ЕҰУ басшылары оқытушылардың ғылыми деңгейін жетілдіру мақсатында шетелдерге ғылыми тағылымдамалардан өту үшін іс-сапарларға жіберу тәжрибесін бастады. Күлзира Ыдрысқызы да 2012 жылдың мамыр-шілде айларында Чехияның Прага қаласында «Жоғары білімнің Европалық кеңістігі - Болон процесі» атты ғылыми тағылымдамасынан өтті. 2012-2013 жж Европаның «Хайматгартен» ғылыми орталығының «Основные тенденции миграции и иммиграции населения в странах Европы и Центральной Азии: проблемы и пути их урегулирования» атты тақырыбы бойынша, «Мосты добрососедства» атты ғылыми жобасына мүше болып, ғылыми конференцияларға қатысып, оншақты мақалалар жариялады. Сонымен бірге, Күлзира Астана, Алматы, Москва, Ленинград, Ростов на Дону, Якутск, Одесса және Красноярск қалаларында бірнеше мәрте халықаралық, республикалық және қалааралық конференцияларда ғылыми баяндамалар жасады..Ғылымға қосқан үлесі үшін 2012 жылы Қазақстан Республикасы БҒМ -ң тарих және қоғамдық пәндер академиясының академигі атағы берілді. Университетте қызмет істеген барлық жылдары Күлзира Ысқақова университеттің, жалпы Астана қаласының қоғамдық жұмыстарына белсене араласты Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, Қазақстан мен Венгрия арасындағы достық және мәдениет қауымдастығының вице президенті,«Қазақстан тарихшыларының Ұлттық Конгрессі» қоғамының, «Қазақстан ғалым әйелдері» қоғамының, «Туран-Астана» университетінің профессор Орақ Әлиев атындағы Эпистемология зерттеу орталығының мүшесі болды. 1991 жылдан бүгінгі күнге дейін үзбей атқарып келе жатқан қоғамдық жұмысының бірі - ҚР Күзет қызметінің (ол жылдары Президенттің күзет қызметі деп аталды) офицерлік құрамына Қазақстан тарихының ахуалды мәселелері бойынша өзі дәріс оқып, кейін университеттің атақты ғалымдарының дәрістерін ұйымдастырып келеді. Халықтың арасына кең тарап кеткен ғұлама ғалым Әл-Фараби айтқан: «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие беру керек, тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы. Ол келешекте оның өміріне зиян әкеледі» деп тәрбиеге аса қатты көңіл бөлу керектігін айтып кеткендей, тәрбие қашанда өзекті екені белгілі. Күлзира Ыдрысқызы 2008 жылы зейнеткерліке шықса да (кафедраның профессоры қызметін 2022 жылға дейін атқарды) жастарға үлгі болып, ұрпақ тәрбиесіне ат салысып жүрген ардагер ана. Осы жерде айта кетсек, зейнеткерлікке шықпастан көп бұрын кездің өзінде-ақ Еуразия ұлтық университет басшыларының тапсырмасы бойынша, Астана қаласы ардагердер кеңесінің сол жылдары төрағасы болған Бутенко Михаил Сергеевич пен ЕҰУ Ардагердер кеңесінің төрағасы Борошенко Люция Яновнаға түрлі мәдени-тәрбиелік шараларды өткізуге белсене қатысып, көмек көрсетіп жүрді. 2011 жылы қыркүйек айында ЕҰУ Ардагердер кеңесінің жалпы жиналысында Күлзира Ыдрысқызы университеттің Ардагерлер кеңесінің төрағасы болып сайланды.Осыдан кейін, артынша, қалалық Ардагерлер кеңесінің Президиум мүшесі, этносаралық қатынастар және спорт жөніндегі тұрақты комиссиясының Төрайымы болып сайланды. Бүгінгі күндері Астана қаласы мен Алматы ауданы ардагерлер Кеңесі Президиумдарының мүшесі. Ол әрдайым ардагерлер ұйымының жұмыстарына белсенділік танытып, еліміздің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, жастардың патриоттық негізде тәрбиелеуге сүбелі үлес қосып жүрген жан. Күлзираның өмірлік тәжірибесі мен білімінің арқасында Астана қаласындағы көптеген іс-шараларды ұйымдастыруға белсене қатысуына мүмкіндік береді.Қазақстан мен Венгрия арасындағы достық пен мәдениет Ассоциациясының вице-президенті ретінде, 2011 жылдың 25 мамырында ҚР Тәуелсіздігінің 20 жылдығы мен Венгрияның Еуроодақтағы Төрағалығына арналған «Қазақстан мен Венгрия: жалпы тарихи және мәдени тамырластығы» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференцияны ұйымдастырып, сәтті түрде жүргізді. Аталған іс-шара үшін Венгрияның Төтенше және Өкілетті Елшісі Имре ЛАСЛОЦКИ мырза Искакова Күлзира Идрисовнаға Алғыс Хат тапсырды. Астана қаласы Ардалерлер кеңесі мен Ауған соғысы ардагерлер Ассоциациясымен бірлесіп, Күлзира Идрисовна Астана қаласындағы Бауыржан Момышұлына арналған ескерткіштің жанында 2016 жылдың 16 наурыз айында «316 атқыштар дивизиясын майданға шығарып салу» ( 316 атқыштар дивизиясының 75 жылдығына орай) атты Астана қаласы тарихында алғашқы рет ашық аспан астында 300-ге жуық ардагерлер мен жастар жиналған әскери-патриоттық акция ұйымдастырып, өткізді. Ал келесі 2017 жылдың 26 сәуірінде ол Астана қаласы Ардалерлер кеңесі қолдауымен Рахымжан Қошкарбаев ескерткіші жанынында Отан қорғаушылар күніне арналған қаламыздың ардагерлері мен жастары қатысқан әскери-патриоттық акция ұйымдастырып, өзі баяндама жасап, батыр жерлесінің ерлігіне тағзым етті. Тек соңғы жылдардың өзінде-ақ Астана қаласы, Алматы ауданы Ардалерлер кеңесі, университеттің ардагерлер ұйымы А.Имановтың - 150 жылдығы, Қ.Қайсеновтың – 105 жылдығы, Ш.Құдайбердінің - 165 жылдығы сияқты іс-шараларға басшылық жасай отырып, жастарды патриоттық негізде тәрбиелеуге сүбелі үлес қосып келеді. Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ өкілдерімен ҚР Ұлттық музейде өткен «Ұлы адамдардың ерлігін ұлықтау» атты дөңгелек үстелді ұйымдастырған да сол өзіміз білетін Күлзира Ыдрысқызы. Шара қазақ әдебиетінің үш алып бәйтерегі – Сәкен Сейфуллин, Беиімбет Майлин және Ілияс Жансүгіровтың 130 жылдық мерейтойына арналды. Күлзира Ыдрысқызының сан-салалы еңбегі мойындалып, университет пен Ардагерлер кеңестер тарапынан лайықты бағаланып келеді. Әр жылдары: ҚР БҒМ «Ы.Алтынсарин» атындағы, «ҚР ғылымын дамытудағы еңбегі үшін», «Білім беру ісінің құрметті қызметкері», «Кәсіподақ ардагері» «Құрмет белгісі» төс белгілері, «ҚР тәуелсіздігіне 25 жыл», «ҚР тәуелсіздігіне 30 жыл», «Астанаға 20 жыл», «Қазақстан Конституциясына 25жыл», Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Күлтегін», «Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық Университетін 15 жыл», «Еуразия университетіне 25 жыл» медальдарымен марапатталған. «Ардагерлер ұйымы» РҚБ Орталық Кеңесі 2019 жылды жариялаған «Жастар біздің болашағымыз» - «Молодежь наше будущее» республикалық байқау-конкурсына белсене қатысып, оның қорытындысы бойынша, 2019 жылдың 13 қарашасында «Ардагерлер ұйымы» Республикалық Қоғамдық Бірлестігінің Орталық Кеңесінің Төрағасы Бақтықожа Салахатдин Измухамбетов қол қойған Алғыс хатымен марапатталды. ҚР МКҚ бастығының, ҚР МКҚ Айрықша мақсаттағы күштер қолбасшысының, «Айбын» Президенттік полкі әскери бөлім командирінің Алғыс хаттарымен; Астана қаласының, «Алматы» ауданының, «Аманат» партиясы Астана қалалық филиялының «Алғыс» хаттарымен марапатталды. Қазақстанның ғылымы, білімі мен мәдени дамуына қосқан үлесі үшін, Күлзира Ыдрысқызы 2021 жылы «Bilim-orkenieti» ҚР Үлттық инновациялық ғылыми-зерттеу орталығының «Қазақстанның құрметті профессоры» ғылыми атағы берілді.
Мақала кейіпкеріне өзі 50 жылдан астам еңбек еткен университетің ректоры Ерлан Бәттәшұлы Сыдыковтың, Астана қаласы Ардагерлер Кеңесі төрағасы Сансызбай Сейтжанович Есіловтың, Алматы ауданы Ардагерлер Кеңесі төрағасы Марат Кәрімұлы Мұстафиннің Күлзира Ыдрысқызына түрлі мерейтойлар, салтанатты шараларға арналған оннан аса мерейтойлық медальдар мен елуден астам Алғыс хаттар берілген Күлзира Ыдрысқызының сан алуан қызметі мен жетістіктеріне темірқазық болып отырған әрине, оның отбасы мен шаңырағы екені түсінікті. Отбасының отағасы Шалбаев Елубай Жұмабекұлы- ӘЛ-Фараби атындағы Қазақ Ұлтық университетінің түлегі, заңгер. Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ заң факультетінде 20 жылдан астам оқытушылық қызмет атқарды. Олардың сыйластығы жарасқан жанұясында туған балалар да талапты болып өсті. Үлкен ұлдары Ердос-заңгер, магистр, Қазақстан Республикасының арнайы органында полковник шенінде, департамент басшысы болып қызмет атқарады. Екінші ұлдары Айдос та әкесі мен ағасы сияқты заңгер. Еңбек жолын Қазақстан темір жолындағы заң департаментінің басшысы болып бастап, қазір «Сарыарка компани» ЖШС бас директорының орынбасары. Күлзираның екі келіні мен төрт немерелері бар. Күлзира адагершілігі мен рухани байлығы зор ұстаз. Кез кедген адам ұстаз бола алмайды. Ұстаз болу — жәй ғана мамандық емес. Ол — адам бағдарын жасаушы. Бұл ретте Бауыржан Момышұлының «Ұстаздық — ұлық емес, ұлы қызмет» деген дана сөзі еске түседі.
Ұлағатты ұстаз болу үшін табиғи дарын, ізгілікті ізденіс, білікті білімге қоса қажырлы еңбек қажет. Мұны біздер Күлзира Ыдрысқызының өмірінен, атқарған істерінен, жазған, шығарған ғылыми жұмыстарынан айқын байқаймыз. Әрине, көлемі шектеулі мақала беттері біздің кейіпкеріміздің университетте елу жылдық, одан кейінгі Ардагерлік кеңестерінде атқарған барлық табыстарын тізбектеп жазуға мүмкіндік бермейтіні түсінікті ғой. Сондықтан, біз ардагер ұстаздың өмірі мен ғылыми-қоғамдық қызметінің негізгі белестерін қамытуға тырыстық. Қүрметті Күлзира Ыдрысқызы! Торқалы той құтты болсын ! 75 жасыңыз қуаныш пен шаттық сыйласын!

                    Астана қаласы  Ардагерлер кеңесі
                                  2025 жыл.