Организация ветеранов

Организация ветеранов

Астанинский городской филиал Республиканского общественного объединения

ПРЕЗИДЕНТ ҮНДЕУІ ХАЛЫҚ ҮНІНЕ ҰЛАСТЫ!

ПРЕЗИДЕНТ ҮНДЕУІ ХАЛЫҚ ҮНІНЕ ҰЛАСТЫ

МАРЖАН ҰСТАЗ!.jpg

Өткен аптада ойламаған жерден ел басына қауіп төнді. Мемлекет Тәуелсіздігі қыл үстінде тұрды деуге болады. Бейбіт халықтың тыныш ұйқысы бұзылды. Өмір атты ғажап дүниенің сырын ұғып, үлгере алмай арманын арқалап талай қыршын жастар қапыда құрбан болды. «Жау бар деме жар астында» деген ұғымды жадынан шығарып алған билік басындағы азаматтардың да, Қазақстан халқының үлкен-кішісі де тұтқиылдан төнген қауіпке қарсы тұра алмай, талай жандарымыздан айырылып қалдық. Бұл үлкен қасірет. Бұл орны толмас ата-ананың қайғысы. Бауыр еті балаларынан айырылып аналар жыласа, жүрек еті езіліп, әке қалды аңырап, халықтың қабырғасы қайысты. Сонымен осындай қиын-қыстау сәтте, елдігімізге қауіп төнген сын сағатта Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев әділ шешім қабылдап, дұрыс бағыт жасауы дүйім жұртшылықтың көкейіндегі қауіпті әрекеттер туралы күдікті сейілді. Халық көңілі біршама байыпты қалыпқа түсер шақта үлкен мазмұнды Үндеу жолдады. Бұл мемлекет басшысының Үндеуі халықтың үнімен жалғасын табуда. Барша бейбіт өмірді сүйетін халқымыз өз ойларын айтып, пікір білдіріп жатыр. Бұл айтылып жатқан оң пікірлер, сөз жоқ, Президентті қолдау болып табылады! Сондай-ақ, айға толмай Тәуелсіздігіміздің отыз жылдығын атап өтіп, мәре-сәре болып, шүкіршілік еткен сәтімізді бүлікшілер аз күнде уайым-күдікке айнладырып, қайғыға душар етті. Осы кезеңде әрбір қазақстандық үлкен жауапкершілікті сезінді. Ол Тәуелсіздік алдындағы азаматтық жауапкершілікті арттыра түсу болатын. Әрқайсымыздың көкейіміздегі елдігіміз бен егемендігімді сақтай аламыз ба деген күдікті ойдан Президентіміздің Үндеуі арылтты. Үндеуде айтылған келелі мәселелер халықтың көкейінен шықты. Шешімін таппай, көптен бері қордаланған өзекті мәселелердің болашақта халық игілігіне бағытталатыны туралы айтылған ой-пікірлер қарапайым халыққа ұмтылыс берді. Адамзат үшін аса қажетті денсаулық, білім, әл-ауқат, мәдени, ұлттық құндылықтары туралы айтылған ойларын қуана қабылдап, халық қолдауда. Үндеуде жастардың лайықты және тиімді, қажетті мамандықты меңгеруі жолында игі жобалар жасалуына баса назар аударылды.
Мен де Қазақстан халқының азаматы, ардагер ұстаз ретінде Президент Үндеуі туралы оң пікірімді білдіремін. Білімді азамат, отандық мұғалімдердің жай-күйін жақсы түсіне білетін ҚР Білім және ғылым министрінің өз орнында қалуы мемлекет басшысының көрегендігі десе болғандай. Мектеп мұғалімдері туралы да атап айтылған қолдауларына еліміздің барша білім беру мекемелерінде жоғары бағалар беріліп жатыр. Бұл, сөз жоқ, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевты күмәнсіз қолдау болып табылады. Білімсіз қоғам, толыққанды мамандық игермеген, өз ана тілін меңгермеген халқы бар елдің болашағы күңгірт болары және анық. Соған орай, қызметіне адал, іскер, өзіндік аса жауапты іс-әрекеттерде, қоғам дамуын, тәуелсіз Қазақстанның өркендеуіне қолдау жасай алатын лауазымды тұлғаларды тани білуде Президентіміздің көрегендігі мен парасатты тұрғыда жасаған шешімін қолдаймыз. Сондай-ақ Үкіметтің жаңа құрамынан халық тек жақсылықты күтеді. Жаңа Қазақстан болашағына сенеміз! Күшіміздің бірлікте екені ата-бабаларымыздан келе жатқан қасиетті ұғым, қастерлі Ұран! Ендеше бірлік арқылы Тәуелсіздігіміздің Туын тек көкте желбіретуге, енді Байрағымыздың төмен түспеуіне баршамыз жұмыла кірісуіміз керек. Бірлік бар жерде баянды тірлік болары анық! Саналы ғұмырымды ұзақ жылдар білім беру саласында атқарған ұстаз ретінде ел болашағы жастардың тағдырына бірге алаңдап, бірге жауапты болуды жадымызда сақтай білейік дегім келеді!

                                                                                                                                    М.Пірімбетова
                                 Есіл ауданының зейнеткері, ардагер ұстаз,
                                 ҚР Білім беру ісінің үздігі,
                                 «Үздік оқытушы» медалінің иегері.