Организация ветеранов

Организация ветеранов

Астанинский городской филиал Республиканского общественного объединения

Сансызбай ЕСІЛОВ: «Аға ұрпақтың өмірлік мол тәжірибесін жас ұрпақ тәрбиесінде ұтымды пайдалану – негізгі міндет»

Биыл республикалық Ардагерлер ұйымына 30 жыл толып отыр. Қазыналы қарияларымыздың өмірлік мол тәжірибесін, ақыл-кеңесін назардан тыс қалдырмай кәдеге жаратумен қатар, ұзақ жылдар бойы олардың мұң-мұқтажын мұқият тыңдап, үнемі қамқор болып келе жатқан республикалық Ардагерлер ұйымының тарихы терең, тағылымы ерен екені даусыз. Осы орайда, біз, Астана қаласы ардагерлер Кеңесінің төрағасы Сансызбай Сейітжанұлы Есілов мырзамен әңгімелескен едік.

Өмір дерек Сансызбай Сейітжанұлының есімі Есіл өңіріне жақсы таныс. Бүкіл саналы өмірін осы Ақмола облысында өткізді. Білім алып есейген соң, туған өлкесін өркендетуді мақсат етіп, мемлекеттік қызметтің түрлі сатыларынан абыроймен өтті. Астана қаласы әкімінің бірінші орынбасары, Астана қалалаық маслихатының хатшысы, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты, қалалық әкімдігі жанындағы Қоғамдық Кеңестің төрағасы. Қазіргі кезде Астана қалалық Кеңеске жетекшілік етуде. Мемлекеттік қызметтегі жемісті еңбегі ескеріліп, «Құрмет» және екінші дәрежелі «Достық» ордендерімен марапатталды.

– Биыл республикалық Ардагерлер ұйымына 30 жыл толып отыр. Айтулы мерейтой қарсаңында Астана қалалық Ардагерлер кеңесінде де мерекелік іс-шаралар барысы жоспарланып, мақсат-міндеттер нақтыланған болар. Осы орайда, қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы ретінде алда атқарылуға тиіс мерекелік шаралар жоспарына тоқтала кетсеңіз… – Қазақ халқында «Кариясы бар ел – қазынасы бар ел» деген тәмсіл бар. Бәріміз білетін және жиі айтатын бұл сөз халқымыздың қадірлі ұғымының бірі. Жалпы, қанатты қағидалар жай әншейін айтыла салмайды. Өмірден көрген түйін, тұрмыстан көрген тәжірибе бағалы сөздің қадірін баршаға ұғындырарлық қасиетке ие болады. Және осындай қағидалардың бәрі қарттар өмірімен байланысты айтылады. Белгілі ақын Сағи Жиенбаевтың «Даламның иісі бұрқырап, қарттарым аман-сау жүрші» деген сөзінде де қаншама мән-мағына тұнып тұр. Біздің күнделікті жұмысымыз қабылдауға келетін ақсақалдардың арыз-өтініштерін, реніш-күйініштерін тыңдап, түрлі әлеуметтік мәселелерін шешу, оларға қолдан келген көмекті көрсету секілді қарбаластан басталады. Республикалық ардагерлер ұйымының 30 жылдық атаулы мерекесіне арнап қалалық Кеңес бірқатар шараларды жүзеге асыруды жоспарлады. Соған байланысты бастауыш, аудандық және қалалық ардагерлер Кеңестері ардагерлер белсенділерін, басқа да қоғамдық бірлестіктердің және қалалық әкімшіліктің өкілдерін шақырып, жиналыстар өткізуді міндеттедік. Осы шаралар мен жиналыстарда ерекше көзге түскен ардагерлерді қалалық және Орталық Кеңес атынан марапаттап, оларға мақтау грамоталары мен бағалы сыйлықтар беріп, құрмет көрсететін боламыз. Бұдан басқа бастауыш ардагерлер ұйымдары байқау конкурстарын өткізіп, жеңімпаздарға тиісті сыйлықтар береді. Сонымен бірге, қаланың белгілі адамдары құрметіне спорттық жарыстар ұйымдастырылады. Ардагерлер қозғалысының 30 жылдық құрметіне орай бастауыш ұйымдарда, қалалық және аудандық Кеңестерде альбомдар, суреттер басқа да көрнекті үгіт-насихат құралдары дайындалып, ардагерлер мен жастардың қатысуымен тақырыптық кештер, дөңгелек үстелдер өткізуді бастап та кеттік. Өткен отыз жыл ішінде ардагерлер қозғалысына жетекшілік еткен қайраткерлер аз болған жоқ. Олардың әрқайсысы өзіндік абыройлы іздерін қалдырды, іс-тәжірибелерін ортаға салды. Олар аға ұрпақты қалай құрметтеп, олардың көптеген өтініштерін қалай шешу керектігін, оларға қалай қамқорлық танытып, қалай көңілдеріне шуақ сыйлау керектігін бізге аманат етіп кетті. Сөз реті келгенде сол азаматтардың есімдерін атап өткенді жөн санаймын. 1991 жылдан бастап Астана қалалық ардагерлер ұйымын Сәкен Рамазанұлы Тұрсынбеков басқарды, одан соң 2009 жылға дейін төраға болып Михаил Сергеевич Бутенко істеді. Бутенко кеткен соң төраға болып Қуаныш Махметұлы Алпысбеков сайланды. Кезекті төрағаны сайлау кезінде Президиум мүшелерінің таңдауы Бекен Өкенұлы Әлімжановқа тоқталды. Оны Амангелді Хамзаұлы Сыздықов ауыстырды. Олардың бәрі қалалық ардагерлер Кеңес жұмысының жандануына зор еңбек сіңірді. Сол үшін олардың бәріне алғыстан басқа айтарымыз жоқ.

– «Үлкенге – құрмет, кішіге – ізет» халқымыздың қанында бар киелі, ұлағатты қасиеттердің бірі. Жалпы еліміздегі барлық қарт адамдарға деген құрмет пен қамқорлық жыл сайын жаңаша сипатқа ие болып келе жатқанына куәміз. Алда астаналық қарияларымызды нақты қандай ақжолтай жаңалықтарыңызбен қуантпақсыздар? – Қазақ қоғамында ардагерлер өз алдына бір үлкен шаңырақ. Бұл шаңырақтың міндеті – бірлік пен бүтіндікке қызмет ету, халық және ұрпақ тәрбиесіне атсалысу, қанмен берілген ұлттық қасиеттерімізді өскелең ұрпақ бойына сіңіріп, бойдағы мол тәжірибені ел дамуы жолындағы ізгіліктерге жұмсау. Зейнеткерлердің түрлі маңызды мәселелері мен проблемаларын қалалық және аудандық әкімшіліктердің белсенділерімен, олардың департаменттері мен басқармаларымен және басқа да мүдделі тараптармен, шаруашылық және коммерциялық құрылымдармен бірлесе отырып шешеміз. Ұлы отан соғысы ардагерлерін жайлы пәтерлермен қамтамасыз ету мәселесі толық шешілген. Демеушілердің, қалалық департаменттер мен басқармалардың көмегі арқасында ҰОС қатысушылар мен тыл еңбеккерлерінің 164 пәтерлері жөндеуден өтті. Бүгінде ардагерлер ұйымдарының қатысуымен қалада ардагерлерді әлеуметтік қолдаудың көлемді бағдарламасы жүзеге асуда. Сауатты әлеуметтік саясат қалалық бюджеттен қомақты қаржы бөлуді қажет етеді, бұл өз кезегінде қалалық және аудандық Кеңестерден зейнеткерлердің сұранысын өтеуде ыждаһаттылықты керек етеді. Бұл жағдай қалалық ардагерлер кеңесі мен қалалық ардагерлер ұйымының активтерінің қала әкімі Әсет Өрентайұлы Исекешовпен кездесу кезінде де ерекше назарда болды. Қала әкімі ардагерлер мен зейнеткерлер пайдаланатын қоғамдық көлікпен тегін жүру билеті және отан соғысына қатысқандар үшін ай сайын қалалық бюджет есебінен коммунальдық қызметке, үй жайын ұстау және телефон үшін абономенттік төлемге бөлінген қаржы сынды әлеуметтік қолдаудың кешенді шараларын егжей—тегжейіне дейін атап өтті. Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев жыл сайынғы халыққа Жолдауында мемлекет әрдайым халықтың әлеуметтік қорғалуы төмен топтарын қолдау үшін бөлінетін қаржыны аямайды және өзіне міндет етіп алған әлеуметтік міндеттерді сөзсіз орындайды деп атап отырады. Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 25 жылдығына байланысты Астанада өткен салтанатты жиында Елбасы 2017 жылы зейнеткерлердің зейнетақысы 20 пайызға көбейтілетінін жария етті. Зейнетақы төлеу 1 қаңтардан бастап 9 пайызға, ал бірінші шілдеден бастап 11 пайызға, мүгедектерге, асыраушысынан айырылғандар және жасына байланысты көмекке зәру жандар үшін жеті пайызға көбейіп, биылғы жылдың 1 шілдесінен бастап 13 пайызға артпақ.

– Аға ұрпақтың тәжірибесі мен даналығы – жас ұрпақ үшін үлкен өмір мектебі. Қалалық ардагерлер кеңесі ардагерлер әлеуетін ұрпақ тәрбиесіне пайдалануға қаншалықты көңіл бөліп отыр? – Ежелгі тарихымызға ой жүгіртер болсақ, қай кезеңде де қазыналы қариялар елді бірлік пен адал еңбекке жетелеп отырған. Дауды әділ шешіп, ешкімнің ала жібін аттамай, әділдіктің туын жықпай, көпке үлгі, жасқа тәлім берген. Ұлтымыздың ұлағатты салт-дәстүрлерін өмір мектебі ретінде одан әрі дамытып, келер ұрпақтың кемел деңгейіне жетуіне тікелей атсалысқан. Қазақы қалпын сақтап, қасиетін қожыратпаған қарияларымыз әлі де қатарымызда көп. Мәселе олардың өмірлік мол тәжірибесі мен үлгі-өнегесін замана талабына сай ұрпақ тәрбиесінде ұтымды пайдалана білуімізде. Біздің күнделікті жұмыста қарияларымыздың жағдайына қамқорлық жасау да, қымбат қазынамызды тиімді пайдалану да кезек күттірмейтін маңызды міндеттер болып табылады. Жастардың бойындағы келеңсіз іс-әрекеттерді дер кезінде байқап, саналы сөзімен, салиқалы тәжірибесімен жөн сілтеу аға ұрпақтың негізгі міндеті болу керек. Ұлы Абай «Ақсақалдар айтпады деп, жүрмесін» деген сөз қалдырған. Жастар алдындағы ұлы міндетті Абайша түсініп, ақыл-ой таразысын тең ұстауда қариялардың қатары сиремесе екен деп тілейік. Қалалық Кеңестің өткізетін ең басты шараларының негізгісі – жыл сайын 9 мамыр – Ұлы жеңіс күніне дайындық пен мерекені өз деңгейінде атап өту. Бұл күні жастардың қатысуымен ардагерлер ұйымдары өткізетін бүтіндей әскери патриоттық, рухани іс-шаралар жұмысымыздың бастысы болып саналады. Отан соғысына қатысқандар мен тыл еңбеккерлеріне мемлекеттік ұйымдар мен коммерциялық құрылымдардың, басқа да ұйымдар және жеке кәсіпкерлердің, осы бағыттағы жұмыстары мен қамқорлықтарын, материалдық қолдауларын Ұлы жеңіс күні мерекесі кезінде анық байқауға болады. Ардагерлерге жеңіске қосқан зор үлестері үшін әлеуметтік қолдау ретінде қалалық бюджеттен 2016 жылы 281 миллион теңге бөлінді. Соғыс ардагерлері мен мүгедектерге 1 миллион теңгеден, ал соғысқа қатысқандармен теңестірілгендер үшін жеңілдік бойынша 20 000 теңгеден берілді. Чернобыль АЭС зардаптарын жоюға қатысқандарға 100 000-нан, тыл еңбеккерлеріне 10 000, Чернобыль АЭС зардаптарын жою кезінде қазаға ұшырағандардың жесірлеріне 50 000, қайтыс болған соғысқа қатысқандардың жесірлеріне 10 000 мыңнан ақша бөлінді. Осындай қайырымдылық көрсеткен кәсіпкерлер мен қоғамдық ұйымдар және кәсіпорындар басшыларына қалалық Кеңес бұқаралық ақпарат құралдары арқылы алғыс жариялады. Жеңіс күні – 9 мамырды қарсы алу мен мерекелеуді салтанатты өткізу, бұл отанға деген патриотизм мен сүйіспеншіліктің, қазақстандықтардың, әсіресе жастардың рухани дамуының көрінісі. Аға ұрпақтың өз кезегіндегі міндеті – өскелең ұрпақ бойында жалпы азаматтық құндылықтарды, Отанға деген адалдықты, халыққа адал қызмет етуді, ант алдындағы беріктікті, еңбекқорлықты, заңды құрметтеуді, аға ұрпаққа деген сыйластық пен құрметті қалыптастыру. Осыған орай «Ардагерлерді ардақтайық» акциясына жыл сайын қаланың барлық ұйымдары түгелдей дерлік қатысады. Жастар мен өскелең ұрпаққа білім беретін ұйымдардың бәрінде 100 «Ерлік сабағы», Отан соғысына қатысушылардың оқушылар мен студент жастармен, еңбек ұжымдарымен 100 кездесуі өткізіледі. Жеңімпаз солдаттардың даңқты ерлігі халықтың жадында мәңгі сақталуы тиіс. Қалада өткізілген «Мәңгілік полк» акциясына қатысушылардың саны жоспарланғаннан әлде қайда асып кетті. Бұл 1941-1945 жылдары Отанды қорғаған аға ұрпақтың ерлігі мәңгілік есте қалатынын, жастар әрдайым сол ерлікке тағзым ететінін дәлелдеді. Отан соғысының тарихы көміскіленген сайын Батыс елдерінің саясаткерлері сол соғыста бар ауыртпалықты көтеріп, небір қиын сыннан сүрінбей өткен Совет одағы мен оның халқының рөлін төмендеткісі келеді. Біз өзіміздің күнделікті жұмысымызда осы проблеманы ескеріп, Отан соғысы туралы шындықты жастарға жеткізуге тиіспіз. Соғыс тақырыбы туралы талмай еңбектеніп жүрген азамат Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры, «Мемориалды аймақ» іздестіру отрядының командирі Майдан Көмекұлы Құсайынов «Москваны қорғаудың 75 жылдығы және оған қатысқан Панфилов дивизиясы» атты ғылыми-практикалық конференцияда Алматыда жасақталған Панфилов дивизиясы туралы егжей-текжейлі айтып берді. Соғысқа қатысып, із-түзсіз жоғалып кеткен солдаттардың есімдерін анықтау жұмыстары жалғасын табуда. Осындай белсенді азаматтардың арқасында іздестіру жұмыстарына қосылғандардың қатары арта түсуде. Соның бір дәлелі Астанадағы №60 мектеп-лицейде құрылған «Жауынгерлік және еңбек даңқы мұражайының» іздестіру жұмыстарының нәтижелі жүргізілуі. Ерлік тарихы ешқашан ұмытылмауы тиіс. Жастарға үнемі үлгі-өнеге болатын ардагерлеріміз баршылық. Атап айтсақ, Мыңайдар Боранбаев, Ахат Бекмади, Мария Полторацкая, Барлыбай Төбешев, тыл еңбеккерлері Сағила Есенжолова, Валентин Шербаков, Болат Қуанышев, Нұркенов Жаңбырша, Мұқамедқасым Шәкенов сынды қариялырымыз бар. Күнделікті өмірде жиі қолданылатын «патриотизм», «Отанға деген сүйіспеншілік», «Мәңгілік ел» ұғымдары жәй айтыла салған жалаң сөз емес, оның тамыры тереңде жатқан рухани ұлттық ұғым. Соны жастарымыздың санасына сіңіру аға ұрпақтың қоғам алдандағы парызы.

– Сіз, өткен өмір белестеріне көз жүгірте отырып, мемлекеттік қызметте есіңізде ерекше қалған, естен кетпес қандай оқиғаны атап айтар едіңіз? – Менің есімде мәңгі қалатыны бұл Тәуелсіз елдің астанасын Алматыдан сол кездегі Ақмолаға көшіру жөніндегі Президентіміз Н. Ә. Назарбаев қабылдаған тарихи шешім. Бүкіл мемлекеттік құрылымдарды көшіру – мұны бір отбасының көшуімен салыстыруға болмайды. Сол жылдары қала әкімінің орынбасары ретінде коммуналдық саланы басқарғандықтан, астанада жаңа нысандарды салу мен жобалауға қатыстым, соларға басшылық жасадым. Тәуелсіздігіміз тәй-тәй басып келе жатқанда осындай жауапты жұмысты атқару әрқайсымызға жүктелген зор міндет деп санаймын. Егер біздің тарихымызға көз жүгіртіп қарайтын болсақ, осыған дейін Қазақстан астанасы екі рет көшірілген екен: Орынбордан Қызылордаға, сосын Қызылордадан Алматыға. Соңғы көштің ауқымы мен көлемі бұрынғы көштерден әлдеқайда ауқымды әрі ауыр еді. Осындай тарихи кезеңде көш басында Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың болуы және Елбасының тапсырмаларын орындау мемлекеттік қызметтің тұтқасын ұстап отырған азаматтарға жүктелген абыройлы міндет деп қабылдауымыз керек.

– Қазіргі күні қоғамда «толғағы жеткен», шешімін табуы тиіс, әсіресе елорда тұрғындары үшін ең өзекті қандай мәселеге жіті көңіл аудару керек деп ойлайсыз? Сондай-ақ, өз тарапыңыздан аталмыш мәселенің шешілуіне қалай атсалысар едіңіз? – Ондай мәселелер, өкінішке орай осы күнге дейін аяққа оралғы болып жатқаны жасырын емес. Тәуелсіздігімізді алғалы ширек ғасырдан асса да мемлекеттік тіл мәселесін қалпына келтіре алмай жатырмыз. «Толғағы жеткен» мәселенің бірі осы. «Көш жүре түзеледі» ғой» деп жайбарақат отыра берсен, ол бұрыс бұрылып кетуі мүмкін. Бұл бағытта біздің ардагерлеріміз аз айтып жүрген жоқ. Өз төл тілімізге сақ қарап, жастарға осы мәселенің маңызды екенін айтудан жалықпай-ақ келеміз. Астана тұрғындары үшін өзекті мәселенің бірі – балалар бақшалары мен пәтер кезегінің азаймауы. Бұл мәселенің күн тәртібінен түспеуі, Астанаға жастардың көптеп келуі болса, екінші жағынан, дүниеге келіп жатқан қаракөз сәбилердің көбейуі. Бұл бір жағынан жағымды жағдай. Аталған соңғы мәселе туралы қаланың жаңа жас әкімі Әсет Исекешев хабардар. Қазіргі кезде қала әкімшілігі осы мәселенің тиімді шешімдерін қарастыруда. Ардагерлер Кеңесі бұл мәселелерден тыс қалмайды және осы мәселеге жауапты құзырлы органдарға қажет көмекті беруге әрдайым дайын.

– Өзіңіз білесіз, қазіргі күні жеңұшынан жалғасқан жемқорлық мәселесі ушығып тұр. Халық сенген, Елбасы үміт артқан лауазымды тұлғалар тұтқындалып, елдің еңсесін түсіріп отыр. Осы орайда, сіздің көзқарасыңыз қандай? Жемқорлықпен күресте нақты қандай тәжірибеге сүйенген дұрыс деп ойлайсыз? – Әрине, бұндай келеңсіз көріністің орын алуы жас мемлекетіміздің беделіне нұқсан келтіретіні сөзсіз. Мешкей дейтін жақсы сөз емес. Өкінішке орай, жемқорлықты кәсіпке айналдырып алғандар қалайша ұялмай-қызармай ортамызда жер басып жүр екен. Біз олардың аты-жөндерін сот жүріп жатқанда ғана білеміз. Осыған қарағанда, жемқорлардың іс-әрекетіне тосқауыл қоятын заң тетіктерінің әлсіздігінен бе деп ойлаймын. Екінші жағынан басшылыққа кейбір лауазым иелері қалайша келді, оларды сондай май шелпек орынға сүйреп әкеп қонжитқан кімдер екен? Жоқ, әлде біз кадр таңдау мәселесін бетімен жіберіп алдық па. Айту қиын. Негізі «ала жіпті аттама» деп тұсауымызды кесетін халықтың ұрпағы едік қой. Әлі де болса, «сырмақ шетінде жүрген» басшы-қосшылардың «ұрлық түбі, қорлық» екенін түсінетін уақыты келер деп ойлаймын.

– Оқырманға тілегіңіз… – Нарықтың қиын кезінде журналдарыңыздың таралымы азаймай, өсе берсін деймін. Журнал беттерінен үнемі ұлтымызға қатысты, оның сан ғасырлық тарихы, мәдениеті, салт-дәстүрі және қазіргі қоғам дамуына байланысты туындап отырған проблемалар туралы өткір материалдарды жиі оқысақ. Сонымен бірге, редакция ұжымына шығармашылық табыс тілеймін, аға ұрпақтың бай өмірлік тәжірибесі сіздерге үлгі-өнеге бола берсін!

– Рахмет!

Сұхбаттасқан Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ

https://www.facebook.com/ardagerkz/posts/1141229332666712