Организация ветеранов

Организация ветеранов

Астанинский городской филиал Республиканского общественного объединения

СҮЙІНДІКОВ ОТЫЗБАЙ СҮЙІНДІКҰЛЫ-ҰЛАҒАТТЫ ҰСТАЗ!

Құрметті ұстаз, қадірлі ардагер

Қазақстан Республикасының білім беру саласының құрметті қызметкері әрі еңбек ардагері Сүйіндіков Отызбай Сүйіндікұлы ағамыз ортамызда болса, биыл 95 жасқа толар еді...

АТА.jpeg

1931 жылғы 16 ақпанда Ақмола облысы, Қорғалжын ауданы, Жантеке ауылында дүниеге келіп, кішентайынан (5 жасында) әкесінен айрылған Отызбайдың жастық шағы соғыс жылдарына тұспа-тұс келді. Ол жұмыс істеді, еңбек майданында нан жинауға көмектесті, масақ жинады, мал бақты, тылда ерен еңбек атқарды. Осындай ауыр жұмыста жүрсе де сабақтан қол үзбей оқып, зеректігін таныта білді, өте жақсы деген бағамен оқыды. Бір сыныптан екінші сыныпқа көшерде, оның үлгерімін мұғалімдері басқаларға үлгі ететіп көрсететін болды. Отызбайлар тұратын Тыңғылықты ауылы колхоз орталығынан бес-алты шақырым қашықтықта болғандықтан, сабаққа жаяу қатынады. Мектептегі үздік оқушы әрі қайбір істі болмасын тиянақты атқаратындығымен көзге түскен, 14 жасқа қараған Отызбайға Тыңғылықты ауылында жабулы тұрған бастауыш мектеп мұғалімінің жауапкершілігі жүктелді. «Қызыл ту» атындағы колхоз орталығындағы орта мектептің сегізінші сыныбында оқитын бала Отызбай көптен бері жабық тұрған Тыңғылықты ауылындағы мектеп үйінің есігін ашып, алғашқы күні жиналған алты балаға бастауыш сынып бағдарламасы бойынша дәріс берді. Осылайша, түске дейін Қызыл тудағы сабағына барып, түстен кейін Тыңғылықты бастауыш мектебіне сабақ беруден О.Сүйіндіковтың ұстаздық еңбек жолы басталып кеткен еді.

президиум.jpg

Мейрам АҒА.jpg

Роза апай.jpg

Сол кездердегі көзі қарақты елді басқарып жүрген ағалардың тікелей өздеріне қарасты жауапты шаруаны бір сәт ысырып тастап, ауыл балаларының оқуларын үзбей жалғастыруларына мүмкіндік тудырулары шын мәнінде ұлтының ертеңін ойлаған ұлтжанды азаматтардың ерлігі деп бағалауға тұрарлық. Ақмола қаласындағы Сталин атындағы орта мектепті 1947 жылы үздік бітірген Отызбай Сүйіндікұлы жоғары оқу орнына бірден бармай, туған ауылы Тыңғылыққа келіп мұғалім болып істеді. Бір жылдан соң Алматыдағы Қазақ мемлекеттік университетінің тарих факультетіне түсіп, аталған оқу орнын 1953 жылы ойдағыдай тәмамдады. Университет жолдамасымен Ақмола қаласындағы Жамбыл атындағы N4 орта мектепке тарих пәнінің мұғалімі болып орналасты. Алған жоғары білімін нақты тәжірибемен ұштастырып, осы ірі де іргелі мектептің жоғары сыныптарына дәріс берді. Өзінің білімді азамат екенін аз уақытта танытып, оқушылар мен ата-аналар арасында үлкен беделге ие болды. Қалалық оқу бөлімінің нұсқаушысы лауазымында қызмет атқарған жылдары Отызбай Сүйіндіков қаладағы барлық мектептердің білім беру сапасын тексеріп, мұғалімдерге әдістемелік көмек көрсету міндетін артығымен жүзеге асырды. Оның білімі мен тәжірибесі әр қырынан толығып, біліктілігі қалыптасып, толықты.

музей ашылу.jpg

музей.jpg

1959 жылы О.Сүйіндіков облыстағы барлық қазақ мектептерінің тірегі болып саналатын Ақмола қаласындағы N4 орта мектепке директор болып тағайындалды. Сол кездегі мыңнан астам бала оқитын мектептің базасы талапқа сай емес еді. Қала басшылығымен тайталаса жүріп, сол кездегі талапқа сай ғимаратқа көшірілді. Нақ сол жыдары мектеп оқушыларын еңбекке баулу мәселесі күн тәртібіне қойылған еді. Қаржы мәселесі ырық бермей тұрған заманда жолын тауып, шеберхана салып, мектеп оқушыларының еңбек сабағында тәжірибе жүргізетін озық еңбек шеберханасын іске қосты.

ГОСТИ.jpg

1972 жылдан бастап Отекең Әділбек Майкотов атындағы педагогикалық училищеге басшылыққа келді. Содан бері отыз жылдан артық уақыт артта қалды. Сол кездегі училище қазір гуманитарлық колледж болып аталады. Оқу мекемесінің аты өзгергенімен, Отекең қалыптастырған білім беру мен оны тәжірибемен ұштастыру дәстүрі сол Отекең басшылық жасаған қалпынан өзгермеген. Кеңес үкіметі кезінде шәкірттердің саны екі мыңға жеткен кездері болды. Одақ бойынша білім беру сапасы жағынан үшінші орынға көтеріліп, педагогтар даярлаудағы еңбектері үздік бағаланды. Қазіргі кезде осы оқу орнынан қанат қаққан шәкірттердіің алды ғылым докторы, профессор дәрежесіне жетті. Отызбай Сүйіндікұлы директор болған жылдары осы оқу орнының жаңа кешенді ғимаратының құрылысы басталды. 576 орындық екі студенттік жатахана және 1200 орындық оқу корпусы салынды. Материалдық базаны дамыту жөнінен колледж республикалық байқауда бірінші орын алды. Отызбай Сүйіндікұлы Елорданы Алматы қаласынан Астана қаласына көшіруге белсенді қатысты. Өскелең ұрпаққа арналған озық педагогикалық кадрларды тәрбиеледі. Оның жанқиярлық еңбектері жоғары бағаланып, «Еңбек Қызыл Ту» орденімен, «Тың жерлерін игергені үшін» мерекелік медалмен, еліміздің бірқатар мерекелік медалдары және құрмет грамоталарымен марапатталды. Еңбектегі ерен табыстары үшін 1985 ж. Қазақ КСР Алтын кітабына жазылды, «ҚР білім саласына еңбек сіңірген қызметкер» атағы берілді. Сонымен қатар, Астана қаласының және Қорғалжың ауданының құрметті азаматы атағына ие болған Отызбай Сүйіндікұлы Елорда мен Қорғалжын ауданының қоғамдық-саяси өміріне белсенді араласты. Оның бастамасы бойынша Астана қаласы көшелерінің біріне Ыбырай Алтынсариннің есімі берілді. Қазақстан Республикасы педагогының бірінші әліпбиін құрастырушылардың бірі болды. Қоғамдық жұмыстармен белсенді айналысып, қалалық Ардагерлер кеңесінің мүшесі болды. Жастарға білім беріп, адамгершілікке тәрбиелеу, отансүйгіштік сезімдерін оятуда қажырлы еңбек етті, «Ұстаз» деген ұлы ұғымға лайық ғұмыр кешті. 2023 жылы Астана Халықаралық университетінің педагогикалық колледжінде атақты ұстазға арнайы музей ашылды. Бүгінде колледжде О.Сүйіндіков атындағы арнайы кабинет жұмыс істейді. Келешекте қалалық білім басқармасы марқұмның педагогикалық жолынан ерекше тәсілдерін қолдана келе, ұстаздарға арналған методикалық құрал жабдықтарды шығару жолдарын қарастыру жөніндегі ұсыныс Отызбай Сүйіндік қарияны еске алу кешінде айтылды. Сонымен қатар, колледж ұжымы тиісті ресімдерді жүргізу арқылы осы колледжге марқұмнын атын беруге ұсыныс еңгізуды қарастыруда.

Света АПАЙ.jpg

все.jpg

Отызбай Сүйіндікұлы асыл жары Светлана Нұрымқызы екеуі төрт перзент тәрбиелеп өсірді. Олардың бәрі өмірден өз жолдарын тауып, жоғары білімді маман атанды. Сол балаларынан көрген немере-жиендерін тәрбиелеп, солардың қызығын көрген ұлы Ұстаз рухани жебеуші ретінде барлығымыздың жадымызда мәңгі сақталады.

                                 АЙТЖАН АЙДАШЕВ 
                          Астана қалалық ардагерлер             ұйымының кеңесшісі