Организация ветеранов

Организация ветеранов

Астанинский городской филиал Республиканского общественного объединения

Сталинград сарбаздары

Биыл Екінші дүниежүзілік соғыстағы адам қаны қисапсыз төгілген Сталинград шайқасына 75 жыл толды. Ел басына қатер төндірген қаһарлы күндер де тарихқа айналып барады. Сол қанды қырғынның ортасында жүрген жауынгерлердің де қатары сиреген.

Енді бір сәт сол сұрапыл ке­зең­ге оралайық. Шаһар үшін кескілескен ұрыс 1942-1943 жыл­дарды қамтыды. Екі жүз күн мен түн кеңес әскері Еділдің бойындағы ерен қаланы жау қолына бермейміз деп табанды күресті. Бұл Отан соғысындағы ең шешуші кезеңдердің бірі саналды. Бұған қазақстандықтар да елеулі үлес қосты. Бір жағынан, біздің еліміз осы майданның ең жақын тылы саналды. Батыс өңірдің көп елді мекендерінде соғыс жағдайы жарияланды. Бұған Қазақстанда әскери дайындықтан өткен бір шоғыр дивизиялар қатысты. Даңқты 62-армияның құрамында 4 мыңға жуық қазақ соғысты. Қаланы азат етуде жанқиярлық ерлік көрсеткен 112 адамға Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Оның төртеуі – қазақстандық. Олардың арасында атақты ұш­қыш Нүркен Әбдіров пен минометші Қарсыбай Сыпатаев секілді қаһармандарымыз бар. Сталинград майданына Ақмола қаласынан 29-атқыштар дивизиясы да аттанды. Дивизия құрамында үш атқыштар, бір артиллерия полкі және басқа да қосымша бөлімдер бар еді. Олар, негізінен, сапер, санитарлық, байланыс батальондары, танк жойғыш артиллериялық дивизионы, барлаушылар ротасы, авторота секілді арнайы бөлімдерден тұрды. Оның құрамында 11840 адам болған. Бүгінде елордада осы соғысқа бастан-аяқ қатысқан үш ардагер ғана қалған. Қазір үшеуінің жасы тоқсан бесті алқымдаған. Алдымен Иван Зайченко деген ардагер туралы айтайық. Бұл кісі де Сталинградтың сазды балшығын белуардан кешкен. 169-диви­зия құрамасының даңқты пуле­метшісі болған. Талай жауды жаң­бырдай себелеген оғымен жер жастандырған. Соғыстан кейін ішкі істер саласында еңбек етіп, зейнеткерлікке шыққан. Қария майдандағы ерен ерлігі үшін біраз орден-медальдармен наградталған. Бүгінде немере-шөберелердің ақылман атасы. Ал осы қасіретті күнді көзімен көрген соғыс және еңбек ардагері Шағила Құсанованың жөні бөлек. Батыр әжеміз 1941 жылдың қыркүйек айында Ташкентте қысқа мерзімде байланысшылар курсынан өткеннен кейін, Отан қорғауға аттанады. 1942 жылдан бастап 14-атқыштар дивизиясы құрамында Дон, Степной және Сталинград майдандарындағы ауыр шайқастарға қатысты. Әсіресе, Еділдің жағасындағы қыр­ғынның бел ортасында жүрді. Онда байланысшы қызметін атқарған. Бұл – әскердегі ең жауапты саланың бірі. Соны қазақ қызы мүлтіксіз орындайды. Сталинград жеңісінен кейін Шағила Әкімбайқызы қаруластарымен ­Румыния, Польша, Чехослова­кия­ны азат етіп, жеңісті Берлинде қарсы алады. Майданнан аман-есен елге оралғаннан кейін ғылым жолына түседі. Ұзақ жылдар бойы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде еңбек етті. Тарих ғылымдарының докторы, профессор болды. Жүз елуден астам ғылыми еңбектердің авторы атанды. Біз мереке қарсаңында ардагермен жүздесе алмадық. Шипажайға демалуға кетіпті. Он сегіз жасынан от кешкен Екатерина Плужникованың да өмір жолы тіпті өзгеше. Мектепте оқып жүргенде оның достарымен майданға өз еркімен баруға бір­ауыздан шешім қабылдайды. Алайда оны әпкесі Мәскеуден 400 шақырымда орналасқан Мичуринск селосына жібереді. Жолда шұбырған жұрт жау са­мо­леттерінен талай азапты бас­тан кешеді. Бұл кезде неміс әс­керлері сол уақыттағы Кеңестер Одағының астанасына жақындап қалған еді. Содан ауыл жастары Мәскеуге жауды өткізбеу үшін таңертеңнен кешке дейін шұңқыр қазады. Ақыры 1942 жылы Екатерина Герасимовнаны әскерге шақырту қағазы келеді. Ол алдымен Мәскеудің маңындағы 24-армия құрамындағы дала поштасында қызмет етті. Кейін Сталинград майданына ауыстырылды. Мұнда да байланысшы болды. Одан кейін екінші Украин, үшінші Украин майдандарында жүріп, Еуропа елдерін азат етуге үлес қосты. Қанды қырғыннан соң Қазақстанға отбасымен қоныс аударып, 42 жыл бойы байланыс саласында жұмыс істеді. Бас қаланың байырғы тұрғыны. Міне, Отан соғысында басты шайқастардың бірі болған Сталинград майданының көзі тірі үш куәгерінің ерлік жолы осындай.

Азамат ЕСЕНЖОЛ

http://www.astana-akshamy.kz/stalingrad-sarbazdary/