Ұстаздық еткен жалықпас…
Астанадағы ардагерлер Кеңесінің кеңсесі қала ардагерлерінің екінші үйі десе де болады. Қандай бір жиын кезінде бастары қосыла қалса, ел ағалары— қадірлі ардагерлер балаша шүйіркелесіп, әзіл-қалжыңдары аралас, орталарын әңгіме думанға бөлеп жатқаны. Сырттан қараған бейтаныс адамға бұл көрініс ерсілеу көрінуі мүмкін, бірақ ара-тұра бастары осылайша қосылған қарт адамдардың бұл тірліктері біріншіден, жасампаздықтың белгісі болса, екішіден, бір-бірінің аман сау екендеріне көз жеткізген ақсақалдардың жөн сұрасып, көңіл көтерулері ертеден келе жатқан ұлтымыздың салт-дәстүрінің жалғасы.
Осындайда көбінің сәлем беріп, ортаға алып әзіл қалжыңға басатын силы адамы бар. Ол сексеннің сеңгірінен асып, тоқсанның томпылдағына жақындап қалған «мәңгілік ұстаз» атанған Отызбай Сүйіндікұлы. Отекеңді қашан көрсең де артық сөйлеп, кейбіреулер сияқты көпіріп тұрғанын көрмейсің, қайта ағамыз басқаларды тыңдағанды жаратады, солардың мәнді сөзі болса, ықыласпен мұқият тыңдауды ұнатады. Ал көп мылжыңға басып жататындар болса, ұялған адамдай төмен қарап отырғанын байқайсыз. Бұл да өзіне жарасатын мәдениеттіліктің бір түрі болар. Бірақ, Отекеңді тұйық адам деп еш айтуға болмайды.
Отекеңнің өмірбаянына көз жүгіртсек, ол бір дастан тәрізді және жалпы сол кездегі қазақ ауылдарындағы жағдайдан еш айырмашылығы жоқ. Жоқшылық пен таршылыққа, жетімдік те бірге қосылған. Әкесі дүниеден өткенде Отызбай небәрі төрт-бес жаста, ал інісі Отарбай одан да кіші болатын. Ол Ақмола облысының Қорғалжын ауданында дүниеге келген. Балғын балалық шағы Қаратомар мен Тыңғылықты ауылдарында өткен. Әкесіз қалған балаларын ешкімнен кем қылмаймын деген анасы Рахила қолынан келгеннің бәрін жасауға тырысты. Сол кездің таршылығы мен жоқшылығына байланысты Рахила тұңғышы Қасенді Қызылжар қаласындағы балалар үйіне тапсыруға мәжбүр болды.
Бала Отызбайдың мектепте оқып, өсіп жетілуі Отан соғысының сұрапыл жылдарына тұспа-тұс келді. Соғыс ауыртпалығы ауыл еңбеккерлеріне де оңай тиген жоқ. Майданды азық-түлік, жылы киіммен қамтамасыз ететін сол жылдардағы колхоз-совхоздардың жұмысы түгелдей дерлік ауылдағы қыз- келіншектер мен еңкейген кәрі құртаңдарға қарап қалды. Бұл ауыр жұмыстан бұғанасы бекімеген балалар да шет қалмады. Анасы Рахила өте еңбекқор еді. Таңның атысынан, түн ортасы ауғанша созылатын колхоздың қара жұмысына жегіліп, бір тыным таппайтын. Соғыс Отызбайды да ерте есейтті. Ауыл балаларымен бірге соғысқа аттанған азаматтардың орнын басып, егін орды, шөп шапты. Не керек, сол кездегі колхоздың барлық науқандық жұмыстарының бүкіл ауыртпалығын ауылдастарымен бірге бөлісіп, жеңісті жақындатуға қолдан келген үлестерін аямай қосты.
Осындай ауыр жұмысты атқара жүріп, мектепте оқитын сол кездің балалары сабақтан бір қол үзбейтін. Әсіресе, бала Отызбай зеректігін танытып, сабақты өте жақсы деген бағамен оқыды. Бір сыныптан екінші сыныпқа көшерде, оның үлгерімін мұғалімдері басқаларға үлгі ететін. Бұл кезде Отызбай «Қызыл ту» аталатын колхоз орталығындағы орта мектептің сегізінші сыныбында оқитын. Отызбайлар тұратын Тыңғылықты ауылы колхоз орталығынан бес-алты шақырым қашықтықта болатын. Қыстың қақаған аязында балалардың екі ортада жаяу қатынауы қиямет еді. Бірақ соған қарамастан олар сабақтан кешігіп, немесе келмей қалуды білмейтін.
Бір күні сабақтан кейін Отызбайды мектеп директоры Нұртаза Шошанов шақыртты. Оқушылардың бұл ұстаз ағайға деген сүйіспеншілігі ерекше еді. Өмірден көрген-түйгені мол Нұртаза ағай біреуге дауыс көтеріп, ұрысуды білмейтін. Бірақ, ол кісінің берген тапсырмаларын оқушылар түгілі басқа мұғалімдер бұлжытпай орындайтын. Ұзақ жылдарғы мінсіз атқарған ұстаздық еңбегі ескеріліп, Нұртаза Шошанов ағай облыс мұғалімдерінің арасында алғашқылардың бірі болып, Ленин орденімен марапатталды.
Отызбай келсе мектеп директорының бөлмесінде колхоз басқармасының төрағасы да отыр екен. Сөзді бірден Нұтаза ағай бастады.
— Отызбай, мектептегі үздік оқушы ретінде саған бір жауапты міндет жүктегелі отырмыз. Тыңғылықты ауылындағы бастауыш мектептің жабық тұрғанын білерсің. Дәл қазіргі кезде ауыл балаларын оқытатын көзі қарақты мұғалім табу мүмкін болмай тұр. Сондықтан түске дейін осында сабағыңды оқысаң, түстен кейін ауылдағы бастауыш мектепте бала оқытсаң. Жоғары сынып оқушыларының арасынан сені таңдауымның себебі, біріншіден, сабақ үлгерімің үздік болса, екіншіден, қай бір істі болмасын сен тиянақты атқарумен көзге түстің. Сабақ беретін мұғалім табылып жатса, оны да көре жатармыз деп Нұртаза ағайы сөзін аяқтады. Күтпеген жерден мұндай екі бірдей ағайлардың тапсырмасына не деп жауап берерін білмей, қипалақтап қалған Отызбайдың ойын колхоз басқарма төрағасы бөліп:
— Бригадирге өзім айтамын. Отын бөліп, мектепті жылытып қойсын. Ертеңнен бастап іске кіріс, қарағым, — деп басқарма бастығы киіне бастады.
Ертеңіне орталықтағы оқуын бітіріп келген Отызбай көптен бері жабық қалған ауылдағы мектеп үйінің есігін ашты. Алғашқы күні жиналған алты балаға бастауыш сынып бағдарламасы бойынша дәріс беруге кірісті. Сөйтіп он төрт жасқа қараған Отызбайдың алғашқы ұстаздық жолы осылайша басталды. Сол сұрапыл соғыстың өкпек желі өкпені қысқан қытымыр қысында қолға алған осынау ұстаздық мамандықтың жарты ғасырға астам уақытқа созылып, барлық саналы ғұмырының адастырмас темірқазығына айналатынын сол кезде бала Отызбай сезген жоқ еді. Және дәл сол сәтте болған жағдайды саралап жататын Отызбайда мұрша да, уақыт та болмап еді.
Өткен ғасырдың қырқыншы жылдарының ортасындағы балаң жігіт Отызбайдың ұстаздық жолына түсуіне себепші болған бірі қолхоз бас- қармасын басқарған, екіншісі мектеп директоры болған ағайлардың сондай қадамға баруын бүгінгі жағдаймен саралап қарасақ, оны ұлтының болшағын ойлаған көзі қарақты ауыл азаматтарының ағартушылық мәселесін алға тартқан жанкешті ерлігі деп бағалауға тұрарлық. Содан бері қанша жылдар өтседе, Отекең сол ағайлардың қиын-қыстау кездегі қадамдарын үлкен ілтипатпен еске түсіріп отырады. Шаруашылдықтары қаншалықты жұтыны болғанымен ел басқарған сол ағайлар ауылдың мәдениеті, тұрмыс- тіршілігі, жастарға көңіл бөлу, еңбекке баулу, мектеп, мәдениет ошақтарының жұмыстарына, адам тағдырына байланысты мәселелерге ұдайы көңіл бөліп, кем-кетігін бүтіндеп, қадағалап отыруды үнемі назардан сырт қалдырмайтын. Мұндай үлгілі істі қай заманда болмасын қолдап, ел келешегі—ұрпақтар тәрбиесі мен оқу-білім ағарту саласында бүгінде кең қолданатын тәжірибеге неге айналдырмасқа.
1947 жылы Ақмола қаласындағы № 2 орта мектепті ойдағыдай бітірген Отызбай Тыңғылықты ауылына барып, бір жылдай мектепте сабақ беруге ұйғарды. Мұндай қадамға баруының негізгі себебі Отызбай өзін осы мұғалімдік жолда тағы бір сынап көрмек еді, екіншіден, ауылда қалған анасына бір жыл болса да көмек беріп, сосын батасын алғаннан кейін Алматыдағы Қазақ Мемлекеттік университетінің тарих факультетіне түсуді мақсат еткен еді.
Бір жыл қас-қағым сәттей өте шықты. Анасы Рахила баласының жоғары оқу орнына түсуіне қарсы болған жоқ, қайта Отызбайға ақ батасын беріп шығарып салды. Мектепті үздік бағамен бітірген Отызбайға сынақ емтиханын тапсыру қиынға соққан жоқ, сол кезде емтихан алушы университет ұстаздары талапты жастың зеректігіне бірден назар аударған болатын.
Қызығы мен шыжығы мол студенттік жылдар—ай, өмір бойы ұмытылмайтын кезеңдер—ай! 1953 жылы диплом алған сол кездің жас мамандары қазіргі жастар сияқты Алматы мен Астана тәрізді ірі қалалардағы жылы-жұмсақ орынды, немесе тамыр-танысты іздемей, бірден өздері келген аймақтарға, аудан, ауылдарға тартатын. Ондағы мақсат ауыл мәдениетін көтеру, жастарды білім бұлағынан сусындату еді. Елге келген Отызбай Ақмола қаласындағы Жамбыл атындағы № 4 орта мектепке тарих пәнінің мұғалімі болып орналасты. Университетті өте жақсы бағамен бітірген жас маман мектепте, мұғалімдер ұжымының арасында өзінің білімді азамат екенін аз уақытта танытып, оқушылар мен ата-аналар арасында үлкен беделге ие болды. Үш жыл қатарынан алған жоғары білімін тәжірибемен ұштастырып, осы мектептің жоғары сыныптарына дәріс берді. Жас маманның біліктілігі қалалық оқу ағарту бөліміне де мәлім болды. Оның басшысы көктен іздегені жерден табылғандай, Отызбайды гороно нұсқаушылығына шақырды. Отызбайдың ол орынға барғысы келмейтінін, ұстаздықты тастағысы келмейтінін байқаған гороно басшысы, бұл мәселенің басқа амалын тапты, яғни мектептегі тарих пәнінің мұғалімі болумен қатар нұсқаушылық жұмысты қатар алып жүруіне қарсы болмады.
Бұл жұмыстың ерекшелігі қаладағы барлық мектептердің білім беру сапасын тексеріп, мұғалімдерге әдістемелік көмек көрсету. Оқу бөлімінде нұсқаушы болып қызмет атқарған жылдар оның білімі мен тәжірибесінің әр қырынан толығып, біліктілігінің қалыптасуына айырықша ықпал еткен нағыз тәжірибе мектебі болды. Жан жағынан танылған жас маманның іскерлігі мен біліктілігі қалалық оқу ағарту бөлімінің үнемі назарында болды. 1959 жылы Отызбай Сүйіндікұлы облыстағы барлық қазақ мектептерінің тірегі болып саналатын Ақмола қаласындағы ірі де іргелі №4 орта мектепке директор болып тағайындалды. Бұл жайтты Отекең былайша еске алады:
— Нақ сол жылдары мектеп оқушыларын еңбекке баулу мәселесі көтерілген болатын. Ал Жамбыл атындағы мектепте бұл мәселе тек сөз жүзінде айтылғанмен, іс жүзінде ол қолға алынған жоқ еді. Себебі мектептің шеберханасы атымен жоқ болатын. Құрылыс материалдарының тапшылық кезі. Бүкіл қаланы аралап жүріп, біреулер қажетсіз деп қалдырылған «бетономешалканы» таптым. Сөйтіп, кешкі мектепте оқитын жастардың күшімен бір айдың ішінде шеберхана үйінің құрылысын бетоннан құйып шықтық. Шеберхананы өз еріктерімен салып бітіруге қатысқан жастарға сол кезде айтар алғысымыз шексіз еді. Ол кезде қазіргідей ата-аналардан ақша жинау деген атымен жоқ болатын, тіпті ол кезде ақша туралы сөз қозғаудың өзі қылмыс болып саналатын.
№4 мектеп директоры болған үш жыл ішінде Отызбай Сүйіндікұлы ұстаздық жолында талай сыннан сүрінбей өтті. Директордың міндеті тек қана педагогикалық әдістемесімен айналысып қоймай, сонымен бірге сабақ беретін мұғалімдерге ыңғайлы жағдай тудырумен бірге, шаруашылық жұмыстармен тікелей айналысуды қажет етеді. Осындайда Отызбай мектеп директорының міндеті колхоздың науқандық жұмыстарынан бір-бір кем еместігіне көз жеткізді. Күнделікті жұмыстың бірін бітірсе, екіншісі дайын тұрады. Осы тұрғыда қандай бір қиындық туып жатса да Отызбай оның бәрін болмысында қалыптасқан жігер мен жастыққа тән қайрат арқылы жеңе білді.
Осы мектепте директор болған үш жылдың ішінде Отызбай өзін білікті басшы екенін таныта білді. Сол жылдардағы өлкелік партия комитеті облыстағы түрлі қызметтегі жастардың арасынан суырылып шыққандардың лауазымдық өсуін үнемі назарда ұстайтын, яғни оларды кадрлар резервіне қоятын. 1961 жылы жас кадрларды жауапты қызметте сынақтан өткізу мақсатымен өлкелік партия комитетінің ғылым және мектеп бөліміне Отызбай нұсқаушы қызметіне қабылдады.Сеніп тапсырған қызметті үйіріп әкетуге бейім Отызбай бұл қызметті де үш жыл атқарды. Отекеңе үйреншікті үш жыл өтісімен оны жаңадан салынған үлкен ғимаратқа көшкен №8 орта мектепке директор болып бекітілді. Осы жауапты қызметті Отекең тапжылмастан тоғыз жыл атқарды, бұл білім ошағында да айырықша із қалдырды.
Уақыт шіркіннің жүйріктігіне қалай есеп жүргізерсің. Өткен ғасырдың сұрапыл Отан соғысы кезінде бұғанасы бекімеген бала Отызбай ересектермен бірге шөп шапты, егін орды, одан қалса шешесіне көмектесіп, атқа ер салды, ақсақалдарды қолтығынан демеп қайырымдылық пен мейірім үлгісінде тәрбиеленген ауыл баласы енді өмірдің үлкен мектебінен өтіп келе жатты. Азаматты білім мен білік шыңдайды десек, осы дархан аймақта ол Қаратомар, Тыңғылықты ауылдарындағы мектептерде сабақ беріп, өмір баспалдақтарына қарай биіктетіп жіберген абзал ойлы ұстаздары мен бала кезінде өзіне сенім білдірген сол кездегі колхоз төрағасы мен мектеп директоры Нұртаза Шошанов сияқты азаматтарға көп көп қарыздар екенін ешқашан ұмытып көрген емес.
1972 жылыдан бастап Отекең Әділбек Майкотов атындағы педагогикалық училищеге басшылыққа келді. Содан бері отыз жылдай уақыт артта қалыпты. Сол кездегі училище қазір гуманитарлық колледж болып аталады. Оқу мекемесінің аты өзгергеінімен Отекең қалыптастырған білім беру мен оны тәжрибемен ұштастыру дәстүрі сол қалпында. Өскен—өркендеген білім ордасы. Кеңес үкіметі кезінде шәкірттердің саны екі мыңға жеткен кездері болды. Одақ бойынша білім беру сапасы жағынан үшінші орынға көтеріліп, педагогтар даярлаудағы еңбектері үздік бағаланды. Қазіргі кезде осы оқу орнынан қанат қаққан шәкірттердің алды ғылым докторы, профессор дәрежесіне жетті.
Отызбай Сүйіндікұлы директор болған жылдары осы оқу орнының жаңа кешенді ғимаратының құрылысы басталды. 576 орындық екі студенттік жатахана, және 1200 орындық оқу корпусы салынды. Мысалы үшін бұрынғы оқу корпусында 10-ақ кабинет болатын. Осы жылдары материалдық базаны дамыту жөнінен колледж республикалық байқауда бірінші орын, ал Одақ бойынша екінші орын алды. Гуманитарлық колледждің қалыптасуы мен дамуына сол жылдары Қазақ КСР-ның ағарту министрі болған Қ.Б. Балахметов үлкен көмек көрсетті. Бірнеше жатаханасы, үлкен оқу корпусы бар бұл колледжге сол жылдары республиканың түкпір—түкпірінен оқығысы келетіндер жастар көп болатын.
Отекең басшылық жасаған жылдары колледж қала мен облыстың жастарын тәрбиелеп, білім беру ісіне зор үлес қосты. Елорданы Алматыдан Есіл өңіріне көшіру кезеңінде Отекең басқарған педагогикалық ұжым бұл шараға белсене қатысты.
Озық үлгімен салынған бұл колледж жатаханалары Алматыдан сол кездегі Целиноградқа көшіп кедген мемлекеттік қызметкерлердің баспанасы болғанын қазірде екінің бірі біле бермейді. Сол кездегі жағдайды қала әкімнің бірінші орныбасары болған Сансызбай Есілов былайша еске түсіреді:
— ҚР Үкіметінің қаулысымен жаңа астанаға көшіп келіп жатқан мемлекеттік қызметкерлер үшін не кеңсе, не лайықты баспана болмады. Сондықтан қазақша айтқанда, қиыннан қиыстырудан басқа амал болмады. Әдеттегідей қолды жайып Отекеңе барамыз, бір амалын тапсаңызшы деп ол ағайдың мазасын аламыз. Сондағы байқағаным Отызбай ағай шын мәнінде ұлтжанды патриот азамат екен. Бұйымтайымызды айту мұң екен, ол кісі бірден:—Сансызбай қарағым, қам жеп бастарыңды қатырмаңдар, тәуелсіз елдің астанасына қоныс аударып жатқан қандас бауырларымызды далада тентіретіп қоймаспыз, амалын табамыз деп, әкімшіліктен келген бір топ адамдардың көңілін көтеріп жіберді. Сөйтіп Отызбай ағамыз 360 орындық колледж студенттерінің бір жатаханасын қоныс аударып жатқан ҚР білім және ғылым министрлігінің қызметкерлеріне бергізді. Онымен қоймай, Отекең Алматыдан келіп жатқан білім және ғылым министрлігінің қызметкерлерін вокзал немесе аэропорттан қарсы алу үшін колледж оқытушылары мен студенттерін бір кісідей жұмылдырып отырды.
Отекең рухани өресі биік жан. Әдебиетті, тарихты, өнерді жақсы көреді. Әдеби кітаптарды көп оқып, күнделікті баспасөзді жібермей қадағалап отыратындығы жұмыс барысындағы жиындарда жиі байқалатын. Сөзді де орынды сөйлеп, әңгімені де жүйелеп бабымен айтатын.Ағамыз өзінің сол білімі мен біліктілігін колледж ұжымының рухани жан дүниесіне қозғау салып, елдік пен намыс туын жоғары көтеріп жүруге барын салды. Сондықтан да болар, Отекең басқарған колледж түлектеріне деген сұраныс жан—жақтан келіп жататын.Оның себебін ҚР халық ағарту ісінің үздігі, зейнеткер ұстаз Төлеген Бақтыбаев былайша түсіндіреді:
—Қазіргі оқудағы артықшылық–электрондық мәлімет бере алатын компьютерлер ғана. Солай бола тұра жалпы орта білім беретін мектептердегі шәкірттердің білім сапасы өте төмен. Мұндай жәйт жоғары оқу орындарында да байқалуда. Соған байланысты бір мысал келтірейін. Отызбай Сүйіндікұлы басқаратын Ақмоладағы педагогикалық училищені бітіргендер мектепке даяр мұғалім дәрежесінде келетін. Ал пединститутты тамамдағандарды 3-4 жылға дейін мұғалім дәрежесіне жеткізе алмай қаншама қиналушы едік.Солтүстіктегі облыстар үшін Отекең басқарған педучилище білікті де білімді мұғалідер даярлап жіберіп отырды. Сол үшін Отызбай Сүйіндікұлына көптеген мұғалімдердің атынан мың да бір алғыс айтамын.
Жалпы Отекеңнің осы білім ордасында қалдырған ізі ерекше. О.Сүйіндікұлының ұзақ жылдарғы білім беру саласындағы үздік еңбегін ескере отырып, Қазақстан Республикасының оқу ағарту министрлігінің шешімімен гуманитарлық колледжде «Республикаға еңбегі сіңген мұғалім Отызбай Сүйіндіковтың» кабинетін ашты.Бұдан былай республикалық маңызы бар шаралардың бәрі осы кабинетте өтетін болады. Мұндай құрмет оқу—ағарту саласындағы Отекеңнің ұзақ жылдарғы еңбегіне берілген әділ баға деп білген жөн. Еңбегіне қарай—өнбегі демекші,Отекеңнің кеудесінде Еңбек Қызыл ту орденімен бірге ондаған медальдар жарқырайды.1999 жылы «Республикаға еңбегі сіңген қайраткер» құрметті атағы берілді.
Отекеңнің боындағы тағы быр тамаша қасиеттер – жан тазалығы, ар тазалығы, салауаттылық пен жақсы өмірге деген құштарлығы. Өмірдің небір кәкүр—шүкірімен санасын уламаған, ойын былғамаған таза адам. Бұл жалған дүниеде жаман атқа қалмай, жақсы өмір сүру бақыты екінің бірінің басына бұйыра бермейді. Отекең сондай бақыттың құшағында өмір сүріп келеді. Ол кісінің мінез—құлқына, жүріс—тұрысына, парасат пайымына әріптестерінің бәрі қызыға қарайтын және ол кісінің осы қасиеттерін өздеріне үлгі тұтады.Ағамыз елі мен жұртының абыройына бөлене жүріп, ақсақалдықтың ауылына да тамаша, замандастары сүйсінетін қалпында жетіп отыр. Ақсақал деген, ел ағасы деген ардақты атты абыроймен алып жүр. Ол ұстаз деген ұлы ұғымға лайық ғұмыр кешуде.
Отекең зейнет демалысында жүрсе де оқу—білім үрдісінен қол үзгісі келмейді.Осы саладағы күрмеуі қиын сан-салалы мәселелер қарт ұстазға маза беретін емес.
Мысалы, күнде таңертең бастауыш сыныпта оқитын балақайлардың иығына асқан сумкасы мен қолына ұстаған дорбасы тым ауыр емес пе? Олардың бойы өсу керек қой, осыншама салмақ олар үшін тым ауыр емес пе. Ғылми тұрғыдан осы мәселе дәлелденді ме;
балаларды тәрбиелеу мен оқытудың кілті баспа өнімдері.Кітапқа деген балалардың қызығушылығын қалай оята аламыз;
біз өзі тым еліктегіш халық болып барамыз, неге өзіміздің салт дәстүрімізді, ұлттық құндылықтарымызды сақтамаймыз, басқаның қаңсысы, бізге таңсық па? мәдениет саласында батыс елдеріне еліктеу басым болып барады.
Отекеңді мазалап жүрген бұл сауалдарды Білім және ғылым министрлігінің құлағына алтын сырға деп іліп қояйық
Осы тұста Отекеңнің отбасы туралы айтпай кету мүмкін емес. Отекең асыл жары Светлана Нұрымқызы екеуі төрт перзент тәрбиелеп өсірді.Олардың бәрі жоғары білімді маман. Өзінің жолын қуғаны Файзия қызы университетте сабақ береді. Жанаты экономист, Қанаты мен Жанаты жоғары білімді маман. Отекең мен Светлана жеңгей немерелерін сүйіп, ұйыған отбасы атануда.
«Тұлпарда да тұлпар бар,қазанаты бір бөлек,
Жігітте де жігіт бар, азаматы бір бөлек… демекші ел жадында, туған туыс санасында, бала шаға жүрегінде, дос жаран көңілінде есімі жатталып қалған азаматтың бірі осы Отекең. Жасай беріңіз, асыл аға!
Мейрам Байғазин журналист,
Астана қалалық ардагерлер Кеңесінің мүшесі