ТАУ БИІГІ АЛАСАРМАЙДЫ
Әркім өзінің асқан белесін, қолы жеткен биігін алған асуларға теңеп жатады. Егер мұнысы ел игілігімен, халықтың мұрат-мақсатымен астасып жатса дұрыс екендігіне еш күмәніңіз болмайды. Өйткені қарапайым мұғалімдіктен министр лауазымына дейін көтерілген, өзіне жүктелген салмағы батпандай жүкті белі қайыспай көтере білген, республикамыздың оқу-ағарту саласына баға жеткісіз үлес қосып, артына – кейінгі, қала берді бүгінгі ұрпаққа білімнің нәрінен мейірлері қана сусындауына мүмкіндіктер жасаған халқымыздың тұлғасы асыл ардагер перзенті, қоғам қайраткері Қажахмет Балахметұлының өмір жолы нақ жоғарыда айтқанымыздың айқын дәлелі десек жөн. Тіпті осыдан аз уақыт бұрын ғана, яғни 2016 жылы маусым айында өзінің 90 жасқа толған мерейтойын атап өткен Қажахмет ағамызды шарболаттай серпінді қажыр-қайраты қайта қоймаған биік тұғырдағы қыран құсқа теңесек те артықтық етпейтін сияқты. Ал қырандар қашан да тек көк аспанда ғана қанат жая қалықтап, мұзарт таудың шырқау шыңына қонақтайды. Себебі көк жүзінде қалықтаған қырандар ғана тау биігі ешқашан аласармайтынын жақсы біледі. Демек, бұл өзінің ұмтылысы мен талпынысында тек алдына ізгі ниет, асқақ мұрат қойған адамдар ғана биік асуларға қол жеткізеді деген астарлы ойды меңзеп тұрғаны деген сөз. Міне, біздің де, ардагер азаматын ардақ тұтатын барша қауымның да Қожахмет Балахметұлын асқар таудың биік шыңына туын тігіп, тұғырын орнықтырған тұлға деп отырғандығымыз сондықтан.
Екі – ХХ және ХХІ ғасырдың көзі тірі куәгері, тоқсан жастың асулы биігіне көтерілген асыл ағаның өмір белестері өз уақытының аумалы-төкпелі құбылыстарымен қатар өрілген десек те болады. Әсіресе өткен ғасыр халқымыздың тағдырында қырғынды аштығымен, 37-ші жылғы ел ішінен жаппай «жау іздеген» үрейлі дүрмегімен, 1941-1945 жылғы алапат соғысымен зұлматты кезеңдер ретінде әлі де жадымыздан өшіп, санамыздан жойыла қойған жоқ. Осының бәрін көз алдынан өткерген Қажахмет ағаның қилы кезеңдер, шыққан тегі, өскен ортасы жайлы айтары да аз болмасы белгілі.
-Сіз сұрақ қойып отырғандықтан, алдымен сөзімді қазақтың ежелден келе жатқан шежірелі жолынан бастасам, бабамыз Қойгелдіден Әбілғазы, Әбілқайыр (Қайыр), Әбділдә, Әлпейіс есімді төрт бала. Осылардың Әбілқайырынан және әжеміз Ұлыштан — үлкені Мырзахмет (1938 жылы «халық жауы» жаласымен ұсталып хабарсыз кеткен), ортаншысы Қожахмет (жас кезінде опат болған), сосын менің әкем Балахмет тарайды. Бұлардан басқа Ажар, Әсия, Қадиша, Бәтима (Тобатай) есімді қыздары болды. Анамның есімі – Қазез. Бірақ ертедегі дәстүр бойынша тұңғыш немересі мені әжем өз бауырына салып алғандықтан, шешемді жеңгемдей көріп атын атап кеттім. Атамыз Әбілқайыр ертеде қайтыс болғанда небары отыз сегіз жастағы әжеміз балаларына жетімдік көрсетпей адам қатарына қосқан жан, — деп әңгіме тиегін әріден ағытқан Қажахмет аға осы арада сәл ойланғандай қалып танытты да, іле қайта сабақтап әкетті. — Ал жас кезінде арабша молданың алдынан білім алған әкем 1914-1917 жылдары өз ауылында ұйымдастырған орыс-қазақ мектебінде, 1918-1921 жылдары Саумалкөл мен Көкшетау қалаларындағы жоғары бастауыш училищесінде (тұрмыс қиыншылығынан оны аяқтамаған) оқыған көзі ашық, сауатты адам болды. Осы оқу, алған білімдері арқасында өз уақытында ол кісі өмірінің бастапқы жылдарында Көкшетау қаласында халық сотының хатшысы, Володаровкада (Саумалкөлде) аудандық атқару комитетінің іс жүргізушісі, орталығы Казгородок селосындағы (қазір Сырымбет аталады) жаңадан ұйымдастырылған ауданда прокуратураның хатшысы, Қызылжарға жақын Полуден қаласында аудандық тұтынушылар қоғамында, астық дайындау мекемесінде қызметкер сияқты түрлі салаларда беделді жұмыстарды атқарған. Жетім болып өсуі, бертін келе 1937 жылы Алаш партиясының мүшесі Әбілғазин Фаттахтың тәрбиесінде болды, байдың қызына үйленді деген айыптаулар тағылып, қызметінен қуылуы, хабарсыз кеткен ағаларының, өзінің балаларын өсіріп, тәрбиелеуі, ағайын-туысқа жақсылық жасауы, соғысқа алынып, 1943 жылы мина жарықшағынан бір көзінен айырылуы – осының бәрін ой-санамызға салып екшесек, әкеміздің өмірі «тар жол, тайғақ кешулерден» тұратындығына куә болғандаймыз.
Егер 1937-1938 жылғы халықтың басына түскен нәубет болмаса, жан-жақты дайындығы бар, қолынан үнемі газет, журнал, кітап түспейтін білімділігімен, ел таныған үлкен лауазымды тұлғаға айналар ма еді, кім білсін?! Мәселен, уақытында әкеммен бірге қызмет істеген Жұмабай Шаяхметов ертеде алған білімімен Қазақстан Орталық партия комитетін басқарды. Республикада осындай қызмет атқарған Яковлевтің 9 сыныптық қана білімі болған. Бұларға қарағанда оқуы «көшілгері» дейтін әкем партия қатарына соғыстан кейін, сауда саласында басшылық қызметте жүргенінде, 1958 жылы ғана кірген. Жалпы отбасымызға, әкейдің өмір жолына қатысты туғанына 100 жыл толуына орай 2004 жылы «Жібек жолы» баспа үйінен «Менің туыстарым» деген атаумен өзім қолға алып арнайы кітап жазып шықтым. Сонда біраз жайлар айтылған…
-Олай болса, сөзіміздің желісін осы арадан бір қайырып, Қажахмет аға, өзіңіздің өмір жолыңызға қарай ойыссақ…
-Мен өзім 1926 жылдың 26 маусымында Көкшетау уезінің Ортақшыл болсында №18 ауылда қызметкер отбасында дүниеге келдім. Әкейдің қызмет жағдайына, тағдыр талайына байланысты әр жерге қоныс аудара жүріп бастапқыда Саумалкөлдегі қазақ бастауыш мектебінде, ол жабылған соң Володаровкадағы, ол шалғайлау болғандықтан Качиловка селосындағы орыс мектебінің үшінші сыныбында, Омбы жақтағы Знаменщиковка қаласында, Қызылжар жақтағы Полуденде тұрғанда да оқудан қалмай, ең ақырында 1945 жылы Володаровка орта мектебін орысша бітіріп шықтым. Ұлы Отан соғысының қызу жүріп жатқан тұсында Солтүстік Қазақстан облысы Көкшетау ауданының Сулыкөл колхозында пішен дайындау, элеваторға астық тасымалдау сияқты шаруашылықтың әртүрлі жұмыстарына араластым. Еңбек жолым осылай басталған мен бір жыл Чкалов аудандық әскери комиссариатының әкімшілік-шаруашылық бөлімін басқарып, кейіннен жоғарғы оқу орындарында оқыдым.
Жинақтап айтсам, 1948-1952 жылдары Казгородок (Сырымбет) орта мектебінде тарих пәнінің мұғалімі, Көкшетау облыстық оқу бөлімі меңгерушісінің орынбасары, 1953-1957 жылдары Еңбекшілдер ауданының Макин, Степняк орта мектептерінде директор, 1957-1970 жылдары облыстық халыққа білім беру бөлімі меңгерушісінің орынбасары, меңгерушісі, Көкшетау облыстық партия комитетінің мектеп бөлімінің, үгіт және насихат бөлімінің меңгерушісі, Көкшетау қалалық партия комитетінің хатшысы, кейін бірінші хатшысы, облыстық «Білім» қоғамы кеңесінің төрағасы қызметтерін атқардым. Петропавл мұғалімдер және Семей педагогикалық институттарын тарих пәнінің оқытушысы мамандығы бойынша бітірдім. Осының барлығы менің келешек тағдырыма даңғыл жол ашқан қадамдар болды деп білемін.
-Менің ойымша осы қызметтерде іскерлік танытуыңыз, жинақтаған мол тәжірибеңіз Сізді құрметке бөлеумен қатар, республика өміріндегі жоғары лауазымдарға тағайындалуыңызға да тұғыры берік іргетасты қалап берді дегенге сиятын сияқты.
-Әрине, білім мен біліктілік, талап пен талпыныс, іс пен тәжірибенің орны бөлек екеніне дау жоқ. 1970 жылдың жазында Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің ғылым және оқу орындары бөлімі меңгерушісінің орынбасары қызметіне тағайындалып, халыққа білім беру проблемаларымен, кәсіптік-техникалық білім беру жүйесі жұмыстарымен айналысуыма, ал 1974 жылы 14 тамызда Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен республика Оқу министрі болуым мемлекеттік басшылық тарапынан маған көрсетілген жоғары сенім, білім мен өмір көрген тәжірибенің арқасы екендігі анық. Осы қызметті 1987 жылы жасыма байланысты зейнеткерлікке шыққанымша атқардым. Ел үшін, елдің келешегі – жас ұрпақ үшін өзіме жүктелген жауапкершілігінің салмағы ауыр міндетті абыроймен атқаруға бар қажыр-қайратымды жұмсадым.
Иә, қатардағы мұғалімдіктен республика Оқу министрі сатысына дейін көтерілген, бүгінде 90 жастың төріне иек артып отырған Қажахмет Балахметұлының ұзақ ғұмырында тындырған істері толағайдай тау қопарған ерен ерге бергісіз еңбекпен бір есеп. Өйткені Қажағаң министрліктің тұтқасын қолына алған жылдарда республикамыздағы мектептердің, мектеп жасына дейінгі және мектептен тыс мекемелердің, жоғары және орта оқу орындарының оқу-материалдық жағдайын жақсарту, оларды педагогикалық ғылыми кадрлармен қамтамасыз ету және оқытушылардың біліктіліктерін жетілдіру бағытында бірқатар оң шешімдер қабылданып, жүзеге асырылды. Жыл сайын «Мектеп» баспасынан атаулары 100-ден асып жығылатын әдістемелік құралдар мен оқулықтар жарық көрді. Жалпыға бірдей орта білім алуды жүзеге асырудың алғышарттары жасалынды. Бұл үшін ел аумағындағы барлық колхоздар мен совхоздардың орталықтарында интернаты бар орта мектептер ашылды.
Осы арада Қажахмет Балахметов министр болып тұрған кезде, атап айтқанда, өткен ғасырдың оныншы бесжылдығында 435,5 мың, оның ішінде ауылдық жерлерде – 283,6 мың орындық, ал онбірінші бесжылдықта 348,6 мың орындық 560 мектеп, 143,4 мың орындық 773 мектеп жасына дейінгі балалар мекемесі салынды. Бұларға селолардағы интернаты бар мектептер, мұғалімдерге арналған тұрғын үйлер салынғандығын қоссақ, таудай талпынысты талай істер атқарылғандығына көзіміз жетеді.
-Өзіңіз де білесіз, адамның азамат болып қалыптаспағы алдымен ұстазына, және де содан алған ұлағатына байланысты. Міне, сондықтан да республика министрі қызметімде педаггогикалық оқу орындарының жағдайын жақсартуға айрықша көңіл бөлдім. Себебі өзім де көп жыл мұғалімдік қызмет атқарғандықтан, ұстаздың біліктілігінің шәкірттер үшін қаншалықты маңызды екендігін жадыма мықтап түйген едім. Жаңа үлгімен 30-ға тарта оқу корпустары, жатақхана, жанама құрылыстар салынды. Олардың арасында Қостанай, Көкшетау, Целиноград, Ақтөбе, Қарағанды, Орал педагогикалық жоғарғы оқу орындары, Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогикалық университетінің оқу корпусы, бірнеше жатақхана, тұрғын үйлер, Алматы, Ақмола, Атырау қалаларындағы көрсе көз тоярлық Оқушылар сарайы, спорт және көркемөнер мектептері, Ы.Алтынсарин атындағы Педагогикалық ғылым институтының лабораториялық корпусы, Мұғалімдердің білімін жетілдірудің орталық институтының оқу корпусы мен жатақханасы бар. Интернат мекемелеріндегі, әсіресе олардағы жетім және сырқат балалар айрықша қамқорлыққа алынды. Мектептерде, мектеп жасына дейінгі мекемелерде тегін ыстық тамақ беру тәртібі енгізілді, — дейді Қажағаң әңгімелесу желісінің бір ретінде. Мұны өзім тындырған іс деп мақтану үшін емес, сұхбаттасу үстіндегі менің көзімді жеткізе түсуге дәнекер етіп отырғандығы деп білдім.
Шынында абзал ағаның тындырғаны бір осы ғана емес. Тек онбірінші бесжылдықтың өзінде мектептер мен басқа да білім беру мекемелеріне жоғары білімді 47537 және орта арнаулы білімді 33227 – жалпы саны 80746 мұғалім жіберілді. Облыс орталықтарында және Алматы қаласында мұғалімдердің білімін жетілдіру институттары ашылды. Барлық аудандарда әдістемелік кабинеттер ашылып, олардағы қызметкерлер саны көбейтілді, материалдық негіздері жақсартылды, жеті педагогикалық жоғары оқу орындары мен университеттерде басшы кадрлар біліктілігін арттыру факультеттері құрылды. Екі тілде, оның бірі – «Қазақстан мұғалімі» газеті, қосымшалары бар «Қазақстан мектебі» журналы, басқа да мұғалімдерге көмек ретіндегі басылымдар жарық көрді. Педагогикалық білім саласы дамытылып, тұғыртасы нығайтылды. Осы жылдарда 15 докторлық және 289 ғылым кандидаты диссертациясы қорғалды. Осының барлығы түптеп келгенде республикамыздағы оқу-тәрбие жұмысының деңгейін жоғары деңгейге көтеруге септігін тигізді. Мұндай ілкімді қадамдар Бүкілодақтық ауқымда Қазақстан мектебінің мәртебесі мен беделін көтерді.
Қажахмет Балахметов тек министрліктің қызметімен ғана айналысып қоймай, көптеген жинақтарда, педагогикалық басылымдарда, жеке шығармашылықтарында жалпы саны 100-ден астам білім берудің әртүрлі проблемаларына арналған жұмыстарын жариялады. Министр болып жұмыс істеген уақытында 1978—1987 жылдары мұғалімдердің Ү және ҮІ республикалық съездерін өткізді. Бірнеше шетелдерде және бұрынғы Одақтық республикалардағы білім берудің, осы саладағы ғылым жетістіктерінің ғылыми-практикалық конференцияларына қатысты. Мәселен, Азия және Океания елдерінің оқу министрлерінің Шри-Ланкада өткен төртінші аймақтық конференциясына қатысып, республикамыздың білім саласындағы жетістіктері турасында толымды баяндама жасады, басқа елдердің білім берудегі көптеген қызметкерлерінің делегацияларын қабылдап, олармен пікірлер алмасты.
Жасыратыны жоқ, біз кейде кеңестік жүйені сынға алып жатамыз, сөйте тұра ол кезеңнің білім берудің берік жүйесімен ерекшеленетіндігін де жиі еске алатынымыз шындық. Осы жайындағы Қажахмет ағаның да пікірін осы арада келтіре кетсек артық болмас деп білеміз.
-Ол кездегі мығым жүйенің қалыптасуы мыңдаған ғалымдар мен педагогтардың сарылып атқарған ой еңбектерінің жемісі. Өзім облыстық деңгейдегі білім саласында қызмет істеген жылдарда 568 мектеп жұмыс істеді. Солардың әрқайсысын аралап, кеңес беріп, талап қойып жүрдім. Мұның бәрі білім сапасын жақсартсақ деген мақсатты көздегендіктен еді. Дегенмен, ашығын айтсам, кеңес заманында да мұғалімдердің беделі биік емес болатын, қазір тіпті төмендеп кетті. Кәсіби шеберліктерін жетілдіру жағы әлсіз. Оңтайландырамыз деген желеумен оқушы санын көбейтті, бұрынғы 20-25 баланың орнына бір сыныпта 40-45 бала оқитын жағдайға жетті. Бұрын республикадағы ұстаздардың 73 пайызы әйелдер, 27 пайызы ер адамдар болса, қазір соңғыларының саны тіпті аз. Бұл мұғалім болуды ар санайтын теріс пікірдің салдары. Керісінше мұғалім бола алмағандыққа, білімнің таяздығына ұялу қажет. Қазір жұмыссыз қалған агроном, зоотехник, мал дәрігері, инженер күнкөрістік жалақы алу үшін мектептерді жағалай бастаған. Ал кәсіби шеберлігі, ұстаздық ұлағаты жоқтардан қандай шәкірттер тәрбиеленіп шығатындығын ойласақ, төбе шашыңыз тік тұрады. Біз, осыдан қорқуымыз, осыдан арылуымыз керек. Мен бүгінгі мектеп директорларының бойынан мектепке қажетті бояу, шеге, тақтай, қысқы отын жиып алсам деп қара шаруаның қамын күйіттеген адамды емес, шын мәніндегі шығармашыл тұлғаны көргім келеді. Қысқасы қаржы тапшы деген сылтаудың бәрін ысырып тастап, ел келешегіне негізделген оқу-білім саласына ерекше қамқорлық, мұғалім беделін көтерер алғышарттар жасалуы тиіс. – Міне, қоғам қайраткері, уақытында еліміздің Оқу министрі болған ардагер ағаның бүгінгі білім саласына қатысты айтар ойлары осындай.
Бүгінгі тәуелсіздік жағдайындағы Қажахмет Балахметұлының тағылымы мен түйінді тұжырымдары да көңілге қонарлық. Ол: «Тәуелсіздік – бақыт, кез келген салада өз еркіңмен қызмет істеу. Сондықтан өз әдебиетімізді, тарихымызды, жағырапиямызды өзіміз жазып, өзіміз оқып үйренуге қол жетті. Ендігі міндет сапалы, әлемдік стандарттарға сай оқулықтар жазу. Бұл бағытта ақсап жатқан тұстарымыз аз емес. Әлемдік ілім ілгерілеген сайын өз республикамыздың шеңберінде ғана қалған білім тоқырап, өркениеттен алыстай бермек. Елбасының Ломоносов университетінің филиалын ашу, Лондон университетімен байланыс жасау, дарынды шәкірттерді шетелдерге шығарып оқытып алу, мектептерді компьютерлендіру сияқты ілкімді қадамдарды алға міндет етіп қойып отырғандығы содан», — дейді. Асыл ағаның бұл сөзі: «Оқусыз халық қанша бай болса да, біраз жылдардан кейін оның байлығы өнерлі халықтың қолына көшпекші», — деген Алаш жұртының ардақтысы Ахмет Байтұрсынұлының пікірімен астасып жатқандай.
Республикамыздың оқу-ағарту саласындағы нардың жүгін көтергендей жарты ғасырлық жемісті еңбегі де елеусіз емес. Екі мәрте Қазақ Жоғарғы Кеңесіне депутат болып сайланды. үш мәрте Еңбек Қызыл Ту орденімен, бірнеше медальдармен, 4 рет Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің мақтау грамотасымен, «Ы.Алтынсарин», «Н.К.Крупская» медальдарымен, СССР және Қазақ ССР оқу-ағарту ісінің озаты белгісімен, сондай-ақ 80 жасқа толуы қарсаңында «Парасат» орденімен марапатталды.
Зейнеткерлікке шыққаннан кейін де қарап отырған жоқ. Қоғамдық жұмыстарға белсене араласты. 1988 жылдың қаңтарынан он жыл бойына Қазақстан Балалар қоры төрағасының орынбасары, төрағасы, соңғы екі жылында, Балтық жағалауы елдерін қоспағанда, бұрынғы Одақтың құрамындағы барлық республикалардағы балалар қорының басын біріктірген Халықаралық балалар қоры ассоциациясының вице-президенті болып сайланды. Соның бір айғағы – 2007 жылдың 14 қазанындағы Патриарх Московкий и всея Руси Алексей ІІ-нің Жарлығымен берілген орден. Бұл жарлықта: «За особые заслуги в попечении о детях нуждающихся, сирых и больных жалует Балахметова Кажахмета Балахметовича Орденом святого Благоверного царевича ДИМИТРИЯ, Московского и Угличского чудотворца», — деп жазылған. 1988 жылы маусым айыннан өзі туып-өскен аймақтағы – Көкшетау университеті ректорының кеңесшісі, профессоры болып жұмыс істеп, «Қазақстандағы педагогика тарихы және педагогикалық ойлар» тақырыбында лекциялар оқыды. Ақмола облыстық, Республикалық ардагерлер кеңесі төралқасының мүшесі болып сайланды. Көкшетау қаласының, өзі туған Сотүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданының «Құрметті азаматы» атанды, және де салалық министрліктің «Құрметті педагог» атағын иеленген. Бұдан басқа да көрген сый-сияпаттары өз алдына бір төбе. Бұл жайында абзал ағаның ауыз толтырып айтарлық та жөні бар.
-Мен өмірімде өзімді өзім мақтап сөз айтқан адам емеспін. Соғыс жүріп жатқан 1944 жылы, онда оныншы сыныпта оқитынмын, менің жасымдағы жастар әскер қатарына шақырыла бастады. Алайда осы кезде мектептің соңғы сатысында оқып жүргендерге уақытша әскерден босату туралы үкіметтің шешімі шықты. Әкемнің ағасы Мырзахметтің қызы, менің немере апам Бопаш 1943 жылы әскерден жараланып офицер – лейтенант шенімен оралған Жантеміров Қасым деген жігітпен отау құрып, мен оқуды бітірер жылы Чкалов ауданындағы әскери комиссариатта бастық болып қызметке ауысты. Жасымнан көзімнің нашар көретіндігі болғандықтан, облыстық әскери комиссариат арқылы мені өзінің қарамағына, шаруашылық-әкімшілік бөлімін басқару қызметіне алды. Сол себеп болып соғыс біткеннен кейін Ұлы Жеңіс меркесі кездерінде мені атаулы медальдармен марапаттайтын болды. Бұл да мен көрген бір абырой, — дейді Қажахмет Балахметұлы.
2016 жылы Қажахмет Балахметұлы өзінің 90 жасқа толған мерейтойын атап өтті. Осы айтулы күнге байланысты елімізге белгілі тұлғалардан бөлек, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев өзінің Құттықтау хатын да жолдаған екен. Онда: «Құрметті Қажахмет Балахметұлы! Тоқсан жасқа толған үлкен мерейтойыңыз құтты болсын. Қазақстандықтар Сізді еліміздің халыққа білім беру саласына көп еңбек сіңірген белгілі мемлекет қайраткері ретінде құрметтейді. Сіз еңбек жолыңызды қатардағы мұғалім болып бастап, ұстаздық қызмет пен халыққа білім беруді ұйымдастырудың барлық баспалдақтарынан өттіңіз. 1974-1987 жылдары республикамыздың Оқу-ағарту министрі болып жүргеніңізде елімізде мектептердің санын көбейту, олардың материалдық базасын нығайту, білім берудің сапасын арттыру, ұстаздарға әлеуметтік жағдайлар жасау жөнінде жақсы нәтижелерге қол жеткіздіңіз. Сіздің сол ұйымдастырушылық қызметіңіздің нәтижесінде Қазақстан халыққа білім беру жөнінде бұрынғы одақтас республикалардың арасында алдыңғы орындардың біріне көтерілді. Балалар қорының жұмысына білікті басшылық жасау арқылы жас бүлдіршіндердің алаңсыз білім алып, жақсы азаматтар болып қалыптасуына ықпал еттіңіз. Сіздің ғибратты өміріңіз бен еңбек жолыңыз өз Отанын қалтқысыз сүйіп, халыққа адал да абыройлы қызмет етудің жарқын үлгісі екені сөзсіз. Еңбегіңіздің жемісін ұзағынан көре беріңіз. Зор денсаулық, әулетіңізге амандық пен құт-береке тілеймін.
Қазақстан Республикасының Президенті
Н. Назарбаев
2016 жылдың 26 маусымы, Ақорда» делінген.
Өзге қоғам қайраткерлері, басқа да зиялы қауым өкілдері Қахахмет Балахметұлына өмірінің әр кезеңінде жүрекжарды көптеген шынайы ойлары мен құрмет сезімдерін білдірген десек те, Елбасының жоғарыдағыдай шын ықыласты бағасының орны бөлек екені даусыз. Өйткені, қырандар самғайтын биік тұғырға көтеріліп, өмір шыңының асқарына табанын тигізген ағаға Елордамыз ақбасты Алатаудың баурайынан Астанамызға келіп орын тепкен 20 жылдық мерейтойы қарсаңында біздің де айтар ізгі тілегіміз бар.
Жақсы бір іс істесең, артта өшпес із қалар,
Біреу оған сүйсінсе, ал біреулер қызғанар.
Оқу, білім, өнерге жақын болсаң – бақыт сол,
Биік тау да орнынан жылжып бері қоғалар, — дейміз.
Сөз соңында: «Тау тұғырлы биігіңізден аласармай, әлі де ұзақ ғұмырыңыздың жемісін көріп, өсіріп-тәрбиелеген ұрпақтарыңыздың қызығына бөлене беріңіз!» — деген тілегімізді біз де өзіңізге арнауды жөн көрдік.
Аманкелді ЖҰМАБЕК,
Қазақстан журналистикасының ардагері,
ақын, аудармашы