Тұңғыш сенатор жолы
Көптің ішінде көзіңе бірден жарқ етіп түсетін адамдар болады. Оның сыры неде екенін біле алмадым. Сондай жанды Астананың солжағалауындағы мәртебелі жиындарға қатыса жүріп бірде мен де байқадым. Қасымдағы көршім ол жайлы ақпарат бере бастады. «Ә-әә, бәсе!» дедім. Ойда жоқта залда ұшырасып қалған біздерге аялы көздерімен жылұшырай таныта амандасуы бар емес пе. Торғай даласының еркін жүрген елігіндей сезінетін өз басым селк еттім. Ел ағасының бұл ілтипаты, өзім де елді аңсап «жетімсіреп» жүргенде, сол елде қалған жақсы ағаларымның аялай еркелетуін сағынғаннан ба екен, бір қуантып тастады.
Өткен жылы Астана қалалық әкімдігінің алтыншы қабатына жайғасқан республикалық ардагерлер кеңесінің тұсынан өтіп бара жатып, тағы да осы кісі ойыма оралды. Қасымдағы Астана қалалық ардагерлер кеңесінің кеңесшісі Аманкелді Әшіровке, «реті қалай келер екен, қалай сұхбаттасақ?» деп едім, қуана құптай кетті…
Сәті түсіп, міне, жаңа жылдың алғашқы күндері алтыншы қабаттағы оның жұмыс бөлмесінің есігін қағып тұрмын. Бірден ежелгі танысындай жарқын көңілмен орынынан тұрып ізетпен ішкі шақырды.
Біраз оқырмандарымыз жалпақ елге танымал мінезінен әңгіме 2013 жылдан бастап республикалық ардагерлер ұйымының төрағасы, бүгінде төрағаның бірінші орынбасары, Парламенттің тұңғыш сенаторы, т. ғ. д., профессор, президент, Халықаралық және Ресей білім беру және де Қазақстан Жоғары мектеп академияларының академигі Өмірзақ Озғанбаев жайлы екенін аңғаруы әбден мүмкін.
Тілдей аққағазға маржандай етіп көк сиямен әлденеңі жазып отыр. Үстел үстіндегі дәл алдында жатқан сарғыштау мұқабасында қазақтың небір шешен данагөйлерінің суреті бейнеленген кітапқа көзім түсті. Жазу үстінде отырған оның ойын жинақтап алсын дегендей мен де асықтырмай, назарым кітапқа ауған күйі отырмын. Мұның бұл кісіге «не қатысы бар екен» деп қоямын ішімнен. Мен көрмеген бір дүние секілді.
Әңгімеміз де осы кітаптан басталды. «Қазақ шешендігі мен көсемдігінің психологиясы» атты бұл ғылыми басылымда Асан қайғыдан басталатын қазақтың 19 данагөйінің айтып кеткен жыр-термесі, ұлағатты ой-пікірлері талдауға алынады. Ал, оның «Шешендігі мен көсемдігі астасқан Нұрсұлтан Назарбаев» деген бөлімінде Елбасының әр жылдары айтқан ұтымды тұжырымдары мен қанатты сөздері кіргізілген. Таяуда ғана жарыққа шыққан кітапты әлі де мұқият тексеріп отыр. Жаңағы тілдей ақ қағазға түсірген жазбалары қосымша түзетуі боп шықты.
Менің іздеп келген адамым ардагерлер кеңесі басшысының бірі еді. Алайда, оның үстіне академик, профессормен жүздесіп отырғанымды естігенімде, «о, ел тілшісі, қайдан қайда келдің, ал керек болса, заңғар таумен жүздесіп көр» деп бір жағынан шошып, бір жағынан сыр бермей отырған жәй болды. Шегінер жер жоқ. Профессор бұл оқытушылардың, ал академик дегеніміз – ғылыми қызметкерлердің жоғары деңгейі. Демек, ағамыз ұстаздығы жағынан профессор, ғалымдылығы жағынан – академик. Екеуін де алған болса, сонда осы екі сала жолындағы еңбегі ерекше болғаны ғой, өз ойыммен өзім әлі арпаласудамын. Міне, мықтылық! Ал, тарқатып көрелік, шама жетсе.
Көзімнің қырымен атынан ат үркер тұлғалы тарихшы ғалымға қарап қоямын. Қағаздарын жиыстырып барып ойлы қалпы маған бұрылды. «Жазған құлда жазық жоқ» дегендей, келген шәруамды айта бастадым. «Биыл аталып өткелі отырған Астананың 20 жылдығына орай сізбен сұхбаттасу орайы кеп тұр» дегенім сол еді, құйылып тұрған телегей теңіз ақыл-ой кені салиқалы әңгіме тізгінін өзі жетектеп ағытып кетті.
«Мен осы Астананы Алматыдан Ақмолаға көшіру шешіміне екі рет қол көтердім. Астананың осында көшірілуіне тікелей араласып келген адаммын. Ол былай болды. Маңғыстау облысында қырық жылдан астам еңбек еткен мен осы елдің атынан Жоғарғы Кеңестің депутаты болып сайландым.
1995 жылы жаңа Ата Заңымыз қабылданғанда Қазақстанға тұңғыш рет қос палаталы парламент келді. Сол бірінші топта мен Қазақстанның тұңғыш сенаторы боп сайландым. Алты жыл бойы заң шығарумен айналыстым. Бір жарым жылдайы 13-ші шақырылған кеңеспен кетті.
1994 жылдың 6 шілдесінде Елбасы ХІІІ шақырылған Жоғарғы Кеңестің отырысына келді. Парламент іші гуілдеп тұр. Бұл жолы Елбасы астананы Ақмолаға көшіру жайында ұсыныс айтады, сол бойынша келеді-мыс. Көп депутаттар, «сол шешімге қарсы дауыс берейік, себебі, көші-қоңды ел экономикасы көтере алмайды» деп біздің жәшіктерімізге үгіт парақшаларын салып қойыпты. Елбасы келіп баяндама жасады, ол Ақмоланың Алматымен салыстырғанда 30-дан астам артықшылығын тілге тиек етті. Астана іргесі шекарадан алыс болуы керек. Алматының сейсмологиялық және экологиялық зардаптары тізіліп шықты. Жер қозғалып тұрады. Алматы таудың аңғарында орналасқан. Ауаны ластайтын газ, басқа да түтін-түнек осында тығылып кептеледі. Ақмола тегіс, ашық жел айдап қуып кетеді. Сонымен, Елбасы баяндамасын бітірді. Әртүрлі пікірлер айтылып жатты. Сол жиналысты басқарып отырған Әбіш Кекілбаев ағамыз еді. Депутаттардың әу-жайын байқағаннан кейін ол мынандай ұсыныс жасады. «Бүгін, 6 шілде, Елбасының туған күні, Елбасына бір қала сыйласақ қайтеді», деп бір серпілтіп алды. Сол дүрмекпен, іле Президентпен ақылдасты да, «енді осы ұсынысты қолға салайық» деген кезде депутаттардың басым көпшілігі Елбасы баяндамасының әсерімен бе, жиынды басқарып отырған азаматтың сөзтапқырлығының әсерімен бе шешімді қолдап шықты. Бірінші рет, мен осы Жоғарғы Кеңестің отырысында қол көтердім. Сөйтіп, көші-қонға дайындық басталып кетті».
Сол кезеңнен бастап ол мемлекет басшысы Н. Назарбаевтың сенімді серіктерінің бірі ретінде рухани жаңғыру саласында аянбай қызмет етуде.
…Ә дегеннен-ақ, ел мен Елбасы, қоғам байлығы халық, оның тірегі тарихқа терең тізгін босатпас бұрын, сөзін бөліп өз сұрағымды кірнелеп кіргізіп бақтым. Бір таңқалғаным, аузыңды ашып сұрақ қоя бастағаннан-ақ ол кісі бірден кілт тоқтап, сөзінді бұзбайды екен. Ойландырады. Амалсыз жақсы мен жаманды салыстыра отырып дұрысын қауешегіне құйып аласың. Біраз елдің адамдарымен пікірлессек те, батыстың өкілімен бетпе-бет кездесуім. Содан да болар, білейін деген жәйтті барынша сұрап қалуға тырыстым.
Өмірзақ ағамыз мұнайлы Маңғыстаудың теңіз жағалауындағы балықшылардың шағын ғана Құрық кентінде дүниеге келді.
Теңіздің жағасында Қарақия деген балықшылардың станы болған. Қарақия қазір аудан болғанымен, ол кезде шағын ғана артель. Жан-жақтан күнкөріс үшін ағылатын жұмысшылар нәпақасын осыдан табады. Әкесі Озғанбай Шопанұлы приемщик-қабылдаушы. Отанға өткізетін әр балықтың есебін әділ жүргізбесе о кезде берілетін қатаң жаза бар. Соғысқа сол станнан кетті. Елге оралмады. Жөргөкте қалған сәби әкенің аялы алақанынсыз, анасы Құрманова Ақажанның құшағында өсіп ержетті. Менің анам айтушы еді, «е, Құдай, бала берсең сана бер, сана бермесең ала бер» деп. Жалғыз болса да қарағайға қарсы біткен бұтақтай өмірінде нық қадаммен келеді. Әкенің де, ананың да арманы орындалды. Ошақтың емес елдің ұлы атанды.
Маңғыстау, Гурьев бұрын бір облыс құрамында-тын. Атақты Форт Шевченко қаласы осы Маңғыстау түбегінде. Қазір Гурьев облысының аумағында екі облыс бар. Бірі Атырау, екіншісі Маңғыстаудың орталығы Ақтау қаласы –– ежелгі қарт Каспийден басталып Үстіртке дейін созылып жатқан байтақ өлке. Теңізінің басты байлығы – балық, оның ішінде қызыл балық. Аумағы 167 мың шаршы шақырым. Тарихында ел басынан алуан қиындықтар өткен. Бұл өлкеде ағып жатқан өзен жоқ, айдын шалқар көлі жоқ. Содан да тұщы су қажеттілігі қай кездеде үлкен мәселе. Халқы түрлі нәубетке ұшырады. Оның басы 1921-ші жылғы аштық, 28-ші жылғы ұжымдастыру, 31-32-ші жылдардағы Қазақстандағы жаппай аштық және осы кезде – 30-31-ші жылдары Адай көтерілісі бұрқ ете түсті. Оның себебі қаналған халық күнкөріс етіп отырған алдындағы аз малынан айырылып қалады. Ұжымдастырамыз деген себеппен ортаға түскен көп малдан ешкімге қайыр да болмады. Бұрынғы «кіш-кіш» деп баққан бес-алты бас малына ие болып жүрген шәруа далада қалды. Бірден ортаққа түскен малдың не жемі жоқ, не қорасы жоқ боп, қырылып қалады. Осыдан барады да егетін егіні жоқ, бағатын малы жоқ аш халық еріксіз ереуілге шықты. Өз кезегінде тарихтан мәлім, қызыл империя Адай көтерілісін аяусыз ауыздықтап басты. Ұсталды, атылды, асылды, тірі қалғаны ата-баба мекенін тастай қашып қоныс аударуға мәжбүр болды. Одан кейінде нешеме нәубет өтті, 37-ші, 1941-45-ші жылдар. Сөйтіп, Маңғыстау түбегіндегі Қазан төңкерісіне дейінгі 350-дей мың халықтан 30 мың шамасындайы ғана қалды. Бұл сол елдің трагедиясы еді.
Иә, небір арпалысты бастан өткеріп, түбегінде 30 мыңдай ғана қалған батыстың өр халқының жарасы жазыла келе, уақыт өте келе бұл өлкеден небір дүлдүлдер шыққанын жақсы білеміз.
Қарап отырсақ, тарихы да, тағдыры да Торғаймен үндес. Содан болар, Торғайдың Тасты сайында аты аңызға айналған Көкембайұлы Кейкі батырдың бас сүйегі елге оралып, өткен жылы республикалық деңгейдегі осы қастерлі қайта жерлеу рәсіміне қатысып қайтқан сәтіне тарихтың қатпар-қатпар сырынан қанық ағамыз қайта-қайта орала берді.
Ақтар шауып, қызылдар жортып өткен Торғай да небір құқайды көрді. Тәуелсіздік таңы атқаннан бергі 26 жыл тарихында көзден таса қылса да санадан өшпеген құлан Кейкі батырының рухымен қайта қауышты. Кейкі (Нұрмағамбет) Көкембайұлы 1916 жылғы – Торғайдағы ұлт-азаттық көтерілістің хас батыры, мергендер мыңдығының басшысы, Әбдіғапар хан мен Аманкелді батырдың үзеңгілес серігі. Қазақтың елі мен жерінің тұтастығы үшін алысты. Қанын да, жаның да аямады. Батырдың өзімен қоса отбасының сүйектері де шашылып қалған еді. 90 жыл бойы Санкт-Петербургтегі Кунсткамерада сақтаулы Кейкі батырдың бас сүйегінің елге оралуы сауапты іс болды.
Сол қасиетті күндері сапарлас боп, Арқалыққа бірге бардық. «Астана-Арқалық» поезы күнмен таласа жетеді. Өзіміз сырттай танитын Ө. Озғанбаевты қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жәнібек Ғапбасов қарсы алды. Іле құлан-қыпшақтардың ата қонысы Тасты сайындағы арнайы мемориальды комплекстке жол тартып кетті. Рәсімге тікелей қатысып, үкімет мүшелерінің қошаметімен арнайы ұшақпен жеткізілген қара жәшіктің бір құлағына жерлеу орынында қол тигізуін, Алланың бұйыртқан сәті деп отырған, Өмірзақ аға ерекше тебіренеді. Үлкен ұйым, қадірлі ұйымның ақсақал басшысы ретінде Мемлекеттік хатшы, мәдениет министрі, Мажарстанның елшісі бас қосқан кигіз үйде сөз беріліп, тарихтан толғана деректер тізгінін ағытты. Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетовтің сұрауымен, бата берді. Мыңдаған шақырымдап шетелдерге іс сапармен шығып, талай шақты бастан өткеріп, том-том шаң басқан мұрағатты ақтаруымен тарих жоқтаушысы ретінде танылып жүрген, ұстаздардың ұстазы, көрнекті қайраткердің кеудесіндегі мемлекеттік орден-медальдар қатарын, бұл жолы «Кейкі батыр. 1873–1922» медалі толықтырды.
Ардагерлер кеңесінің басшысына көш түзелді, керуен басы өзгерді, ендігі уақытта осы ұйымның қоғамдағы орыны бәсеңсіп қалмады ма деген сауал қойған едік.
«Жоқ. Ақсақалдар ұйымының қызметі шегі де, шеті де жоқ дәрияның кемесіндей. Қазір басшылыққа қай жерде болмасын жас лек келуде. Өмір бір орнында тұрмайды. Алдыңғы ұрпақ кетеді, жасы келеді. Жастарға дұрыс ағалық әңгімесін айтатын, елдің тарихынан хабар беретін, ұрпақ тәрбиесіне араласатын ардагерлер керек. Қай жерге бармасаңыз да ел басшылары қасына ардагерлерді ертіп жүреді. Ол ардагерлер жұмысына сұраныстың өскенінің белгісі. Солар арқылы бедел жинайды. «Мына ақсақалдармен ақылдасып, бірге жұмыс жасап жатырмыз» дегенді аңғартады. Арабтар айтады екен, «жастар ата-анаға тартып тумайды, заманына тартып туады». Қазіргілердің бұрынғыдан көптеген ерекшелігі бар. Цифрлық технология, түрлі гайджеттер жетістігі ұрпақтар сабақтастығын үзуде. Қарттар оларға өз әулеті, отбасы құндылығы, арғы-бергі тарихтың ащы-тұщысынан әңгімелейін десе еститін құлақ жоқ. Көз смартфонда, құлақ тығындаулы. «Тоқта! Тыңда! Өз тегіңді таны!» деп тамылжыта айтқан әңгімесін тыңдата алатын, тағы да айтайын, қарттар керек-ақ. Жер-жерлерде ардагерлердің жастар аудиториясына жиі баруы сол қажеттіліктен туындады. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы соның жарқын бір көрінісі. Туған жер, қасиетті өлке, оның азаттық тарихы үшін күрескен бабалар, ғылым, өнер жолында еңбек еткен ғұламалары жайлы дана қарттардан артық кім әсерлі әңгімелей алады, кім олардан артық жерімнің әр қарысы оттан ыстық деп, көзінен жасын төге алады. Байтақ қазақ жерінің қадір-қасиетін түйсігіне түймей өткен жан ол бәріне немқұрайлы қарайды. Ешкімге жаны ашымайтын хәлге жетеді. Мысал айтайын. Бір шетел компаниясында қызмет істейтін қазақтың туысы қайтыс болады. Сұранады ғой. «Отбасымның қымбат адамынан айырылдық» дейді. Анау көңіл айтады да, «жақсы, ертең шығасың ғой жұмысқа» депті. Біздің дәстүрде ондай жағдайда ана адамның әу-жайына қарайды, «байқайсың ғой, келерсің» деп шығарып салып, отбасыңа кіріп шығады, хәл-қадерінше бата жасайды. Міне, құндылықтарымыздың қадірі осындай. Содан айырылып қалсақ, қазақ боп туғаннан не пайда».
Ұстаздың сөзін бөлгенді жөн көрмедік. Ойын әрі жалғастырды. «Адамдардың психологиясы өзгеріп барады. Осы кезде аға керек, ақсақал керек халыққа. Жасы жеткен ер адамды қазақ негізінен үш топқа бөледі. Ол – шал, қария, ақсақал. Шал дегеніміз кім? Мен Елбасымен бір кездескенде айтқан бұл әңгіме желісін, Нұрсұлтан Назарбаев ерекше мән беріп еді. Шал деген – бұрынғы ұғыммен алғанда киіз үйдің ортасындағы ошақтың қасында ауын қақтап, бүгінгі күнмен алғанда терезенің астындағы радиаторға аяғын тіреп қойып жатқан, құдайдың есебінде бар, адамның есебінде жоқтау, бір кезде құлай сүйген сүйіктісі тұсынан өтіп бара жатып, «әй, шал, шәй іш» деп, кейде айтады, кейде айтпайды. Шуылдаған немерелері ойыншықтарымен дүрілдеп бара жатыр, бірде-біреуі назар аудармайды. Бұл жатқан – шал. Қария кім? Мұқағали Мақатаев айтқан екен, «ауылда бір қария болмаса ағайын араздасып кетер еді». Өзінің кіндігінен өрбіген балаға, келінге, құдаға әңгімесі өтетін, сол отбасын уысында ұстай алатын жан, бұл – қария. Қария керек бізге. Ақсақал кім? Бұл, өзінің төңірегіндегі туыстары иә туғандары, руластары ғана емес, сол елді-мекенге сөзі өтетін ақылшы адам. Оның сөзі тиянақты, ол арғы тарихтан да, бергі тарихтан да, ата-бабаның шежіресінен де төгілтіп әңгіме айтатын, тыңдата алатын адам, бұл – ақсақал. Абыз деген кім? Ұлттық деңгейде тұтас қазаққа әңгіме айта алатын, елдікке, бірлікке, татулыққа үндейтін, мейірім-шапағатты уағыздайтын, кең жүректі ел тілекшісі. Бұл адамды абыз дейміз. Үлкен кісі осы әңгімемді халық даналығы деп қабылдап еді».
Елбасымен кездесуде ардагерлер ұйымының атқарып жатқан қызметі, немен шұғылдануы керектігі, алдағы тұрған міндеттер баяндалатынын білеміз. Елбасымыз да ардагерлердің қоғамдағы алатын рөліне ерекше мән береді. Осы тұста Өмірзақ аға мына бір жәйтті қосты. «Біздің ағаларымыз, күні кешегі еңбек сапында тұрғандар. Бүгінгі еліміздің экономикасының іргетасын қалады» деп, қамқорлықты аямауды жиі ескертеді. Елбасы жыл сайын қабылдап отырады. Ораза, айт кезінде ауызашар ұйымдастырады, ардагерлерлермен дастархандас боп әңгіме айтылады. Бір жылы батыр Баянға ескерткіш ашылды. Тарихтан мәлім, батыр Баян өзінің ағасы Сарымен екеуі Абылайхан әскерінің құрамында болған мықты батырлар. Абылайхан үлкен жорықтарға шығатын болса, «Баян батыр келді ме» деп сұрайды екен. «Баян батыр әлі келген жоқ, шұғыл шәруасы болып» десе, оның келуін күтеді. Келгеннен кейін барып қана жорыққа аттанады. Сол тұста Нұрекеңе айттым, «мен жақында Керекуден келдім. Батыр Баян ескерткіші ашылды, конференция өтті, сонда сөйледім, ақындар айтысы ұйымдастырылып, халықтық той боп өтті» деп едім, ол кісі айтты, «мен естіген жоқпын». «Жігіттер айта алмаған ғой, енді жолыңыз түсіп барғанда көрерсіз» дедім. Артынан естідім, мемлекет басшысы қыруар шәруасына қарамастан бір сапарында батыр ескерткішіне арнайы барып тағзым етіпті. Тарихын сыйлағаны, бабаларын құрметтегені ғой».
Өмірзақ Озғанбаевтың бірқатар қаланың құрметті азаматы атанғанын білеміз. Алайда, мына жәйтке қатысты таңқалушылықты жасыра алмадым. АҚШ-қа Парламент комитеттері төрағаларын бастап барған бір жолы сенаторға мұнайлы «Техас қаласының құрметті азаматы» куәлігін президент Д. Буш өз қолымен табыс етті. «Мынау сіздің тұратын үй, кез-келген уақыттта келуіңізге болады» депті. Барып көрсе, іші толық жабдықталған. Жалға беріледі. Бүгін жұмысқа орналасса, таңертең есік алдында төрт доңғалақты «сәйгүлік қаңтарылулы». Разы болып, бірақ, «біз қазақ деген елдің ұл-қыздарымыз, Құдай қаласа, сол халыққа қызмет еткіміз келеді» деп алғысын айтады. Тілегі қабыл болып, кейіннен еңбегіне қарай туған елінің бірнеше қаласының құрметті азаматы атанды.
«Мамандығыңыз кім» деген сауалға ағамыз оқыс күліп жіберді. Дұрыс сұрамадым ба екен деп қысылып анықтай түстім. Оның мәнісін кейін түсіндім. Тарих пәнінің мұғалімі. Бірақ, мамандығы мұғалім болғаныменен өмірде талай рет өзгертуіне тура кепті.
Пионервожатыйлықтан бастап академикке дейінгі аралықты, өз сөзімен айтсақ, «жаяулап» жүріп өткен. Қызыл галстукты мойынға тағып алып талай қызықты шараларға қатысты. Соның ішінде есте қалғаны, ағып жатқан судан жүзіп өтіп, арғы жағаға шығып от жағуда алдыңа жан салмапты. Ол арада от жағатын сіріңке жоқ, оны су қылмай теңізден жүзіп өту керек. Қалайда шырпыны суға тигізбеудің айла-тәсілін тауып, өзгеден озықтығы осылайша таныла бастаған.
Жастар аудиториясында жиі өтетін бір кездесуде өзінің 59 жыл педагогикалық өтілі барын айтады да, «әттең-ай» деген, өкінішін білдіреді. Онысы білім беру саласында бармаған бір сала қап қойыпты. «Ол қайсысы, айтыңызшы» деп шуласады аудитория. «Ол – балабақша!» дейді. «Білім беру саласында мен соқпаған бір мамандық бар екен» дейді тағы. «Айтыңызшы, ол қандай мамандық?». «Ол балабақша тәрбиешісі» дейді». Содан басқаның бәрін ұстаз атқарған. Аға пионервожатый, бастауыш сыныптың, пән мұғалімі, мектеп басшысы, аудан, облыс білім басқармаларының басшысы, кәсіптік-техникалық, жалпы білім беру, оның ғылымы, орта арнаулы, жоғары мектеп, соның бәрінен Білім академиясының президенттігіне дейінгі аралық, бұл оның ағартушылық қызмет жолы. Тақтайдай даңғыл болған жоқ. Қашанда жаңашылдық рухты, әсіресе, замана талабына сай, тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдарда өзі басқарған білім ұжымдарының жұмысын жаңа үлгіге көшіртіп отырды. Ол дегеніміз не, біз оқыған оқулықтарда орыстың ақ аюы, солардың ғана классик жазушылары, күрескерлері боп кете беретін. Қазақта өзінің барысы, маралы, қоңыр аюы жоқ па, қазақтың өзінің өсімдіктер әлемі жоқ па, қазақтың өзінің қасиетті елді-мекендері жоқ па… Міне, осы деректерді біртіндеп оқу бағдарламасына енгізді. Бұдан басқа қайраткерлік, жазу-сызушылық, тарихтың қойнауына сүңгіп, небір тұлғаларды еліңе ғана емес, кейіне туған әулетіне қайта оралтуы ше!
Ғылымдағы ең жоғары дәрежесі – академик. Қайраткерлікте қазақ Парламентінің тұңғыш сенаторы атануы. Осыны ерекше мақтан тұтады. Бірінші рет сенатор деген сөз жаңа Ата Заңмен берілгенін білеміз. Іле сенат, сенатор деген сөз кірікті. Парламент, сенат, сенатор, мәжіліс, мәжілісмен терминдері сөздік қорда бұрын жоқ еді. «Үлкен мақтанышпен айтатын сөзім – сенатор. Сенатор деген сөзге – «бұрынғы, экс» жұрнағы қосылмайды. Сенатор деу шетелде депутаттың бүкіл өмірінде сақталып қалады. «Сенатор келе жатыр» дейді.
Байыпты да ұстамды, қызуқандылық пен ұшқалақтық, өркөкіректік, менменшілдіктен ада сенатор жайлы қазақпен біте қайнасып кеткен жазушы Герольд Бельгер өзінің қайталанбас тамаша пікірін айтып кетіпті, «…статный, неизменно собранный, деликатный и корректный, улыбчивы, учтивы, порою застенчивый Омирзак заметно этим свойством выделяется в шумной, буйной, порою необузданной ватаги депутатов, находившихся в то время под эйфорией юной свободы и независимости страны…
Он из тех кто не отрывается от реальности, смотрит далеко вперед и медленнно, но верно идет по намеченному пути».
Өзін депутат етіп сайлаған жерлестерінің аманатына да адал болып, талай рет «тар жол, тайғақ кешуден» өтті. Маңғыстаудағы Ақтау-сити қаласы, Кендірлі демалыс аймағы, туризм орталықтары, аэропорт, ірі теңіз порттары, мұнай өңдеу зауытының құрылыстары сияқты көтерілген мәселелердің бастауында осы халық қалаулысы тұрды.
Қазақ парламентінің қызметі жайлы монография жазып, онымен Лондон, Вашингтон, Гавана, Тегеран, Стамбул, Санкт-Петербург, Мәскеуде өткен түрлі жиындарда баяндама жасап, тезистерімен бөлісті.
Батырларымыз бен қайраткерлеріміз жайлы жазған тарихи тақырыптағы ірі туындылары қаншама. «Ресей Мемлекеттік Думасы және Қазақстан. /1905-1917 ж.ж./» еңбегінде Думаға қазақ даласынан сайланған 12 қазақ депутаты жайлы бұрын еш жерде жарияланбаған не аз жариялған деректер бар. Ол депутаттар арасында Ә. Бөкейханов, А. Бірімжанов, Б. Қаратаев, М. Тынышбаев, С. Жантөрин, Ш. Қосшығұлұлы бар. Тың зерттеулер жемісі сол халқына жетті олар. Ендігі бір ойы, ғұмыры жетсе әрқайсысын жеке-жеке жазып шықсам дейді.
Осылардың ішінен бір ғана Шәймерден Қосшығұлұлын алайықшы. Астананың жаңа ауданында осы кісінің атында кең де, ұзын көше бар. Астаналықтар оның кім екенін біле ме? Ол Көкшетаудың Қотыркөлінде дүниеге келген. Ө. Озғанбаевтың «Рух күрескері» кітабында осы Ш. Қосшығұлұлы ұлы Абайға, «бірлік туын көтерейік, қазақ намысын таптатпай, елдігімізді танытайық» деп, көкірек көзі ашықтығын танытқан хат жазды. Дін қайраткері шоқындыруға қарсы тұрды. Сол үшін жазаланып Сібірге жер аударылып кетеді. Өзге қайраткерлердің араша түсуімен зорға дегенде босанып, кейін де күрескерлігімен танылған ол орыс Думасының депутаттығына екі қайтара сайланды. 1917-19-шы жылдары Алаш қозғалысына қатысады. Кеңес өкіметі болса 1931 жылы Петропавл түрмесіне жабады. 1932 жылы небір азапты басынан кешірген ол Омбыға барар жолда қайтыс болды. Айтайық дегенміз, Озғанбаевтың тынбай зерттеген бірқатар еңбектерінен азаттық үшін жанын пида еткен, тарихтың ақтаңдағына айналып ұмыт қала беретін қаншама тұлғаларды танимыз. Жаңағы қазақтан шыққан 12 депутаттың ішінде байтақ қазақ жерінің барлық дерік оқірлерінің азаматтар бар. Мәселен, Торғайдан – Ахмет Бірімжанов, Семейден – Әлихан Бөкейханов, Көкшетаудан – Шәймерден Қосшығұлұлы, Жетісудан – Мұхамеджан Тынышбаев, Оралдан – Бақытжан Қаратаев… Осы тұста Торғайдың ғана емес жалпы қазақтың арқалы ақыны Серік Тұрғынбекұлының, «Маңғыстаудың даласын кезіп жүрген, Секілдісің Арқаның арғымағы» деп дөп басқан өлең жолдары еріксіз ойға оралды. Киелі Маңғыстаудың азаматы ұлт мүддесіне келгенде бөлінбей біртұтас елге қызмет жасауы, оның азаматтығы.
Алаш қайраткерлерінің кіші отаны Торғайдың төл тумасы, Ұлы Отан соғысының орденді ардагері жарықтық Мұратқали аға Камалұлы осы өңірден шыққан, алаштықтармен бірге Семейде қызмет атқарып, сонда қызыл мен ақтың аумалы-төкпелі тұсында қапияда 1919 жылы ақтың оғынан қаза тапқан жалынды революционер, қазақ әдебиеті мен өнерінің қайраткері, ағартушы Нұрғали Құлжанов мен оның жары, қазақтың қайраткер қызы, тұңғыш журналист, патшалы Ресей заманының өзінде тұңғыш рет Семейде екі тілде баяндама жасап, ұлы Абайдай тұлғаның атын айдай әлемге жәрия еткен Нәзипа Сегізбайқызы жайлы үкімет деңгейіне дейін мәселе көтеріп, аттарын тарихта қалдыру жолында өмірінің соңғы сағатына дейін күресті. Өз басым Мұратқали Камалұлының көз көрмей отырып қалған 90 жасына дейін Қостанай, Арқалық, Астанадағы біраз мекемелердің есігін қолымен де, таяғымен да қағып, егіз тұлға жайлы егіле де, емірене айтқанының куәсі болған ек. Біраз мәселенің басын қайырды. Нәзипа Құлжанованың есімі ел тарихында аракідік еске алынса, ал Нұрғали жайлы тарихшылар әлі күнге ауыз ашып мардымды ешнәрсе айтпай отыр. Н. Құлжанов кезінде Ы. Алтынсарин, А. Байтұрсынов, М. Дулатов, Ж. Аймауытов, С. Торайғыров, С. Сейфуллин, М. Хәкімжановамен қатар еңбек еткен. Н. Нұржанов еліне жан беріп қызмет етсе де не алаштар қатарында, не ақтарға қарсы шыққан Ә. Жангелдин, С. Сейфуллин, Қ. Қайдосов, А. Иманов, Ә. Майкөтовтермен есімі қатар аталмай, осы тұстан із-қайымы жоқ боп үзіліп қалды. Ол да егеменді еліміздің азаттығын аңсаған күресте патша жендеттерінің қолынан қаза тапты емес пе? Айтайын дегенім, тарихтың ақтаңдақ беттерін ашуда Ө. Озғанбаев секілді ғалымдарымыз көп болса екен. Тәуелсіз елдің әлі талай боздақтары жарыққа шықпай жатыр.
Әлемнің 30-дан астам елінде боп, тәжірибе алмасқан, 39 кітап пен 300-ден аса ғылыми танымдық мақалалардың авторы. Ал, менің есебім бойынша 2016 жылы жарық көрген автордың өзі жайлы «Өмір өткелдері» мен кіріп келгендегі қолындағы сиясы кеппеген «Қазақ шешендігі мен көсемдігінің психологиясы» кітаптарын қосқанда, 41. Және де еңбектері ғылым мен білімге негізделген қатып қалған қасаң тіл емес, әдеби көркемдігімен тұшындырады. Ана тіліміздің небір асыл маржандары қалқиды.
Ғалым ағамыздан «Ресей Мемлекеттік Думасы және Қазақстан», «Дәуір бел-белестерінде», «Рух күрескері», «Баталы сөз – аталы сөз», «Адай көтерілісі» секілді ғылыми негізделген еңбектерін мектеп бағдарламасына неге енгізбеске деген сауалымызға, академик ағамыз, «жалқаулық» қой, деп нүкте қойды. Уақыт еншісіне қалғанның өзінде бүгінгі көкейкесті мәселенің бірі деген ойға қалдық. Оған да жаңашыл маман қажет-ау.
Көзі тірісінде жазушы, бұрынғы Қазақстан Білім академиясының президенті Ақселеу Сейдімбек, «Қазақстан тарихын оқытудағы жаңа тұжырымды оқулықтардың тапшылығын ескере отырып, Ө. Озғанбаевтың «Ресей Мемлекеттік Думасы және Қазақстан» атты кітабы оқулыққа қосымша құрал ретінде пайдалануға әбден жарамды, мейлінше қажет еңбек деп білеміз» деген екен.
Айналасын жылы жүзі жадыратқан ағадан осының сыры не екенін білгім келді.
–Жапонияда бір айға жуық Токиа, Киото, Якагама, Шива, Нара, Досиша университеттерінде болдым. Еліміз, халқымыз жайлы айтып жатырмыз. Жапондықтарға айтам, дүниеде қанша ұлт болса да, (бір дереккөз бойынша 7 мыңнан астам ұлт, 200-ден астам мемлекет), дүниеде соның ішінде қазаққа туыс ел жапон. Жапонға ең жақын ел қазақ. Оны мен айтып тұрғаным жоқ. Бұл ДНК-ның деңгейінде зерттеу жүргізген жапон ғалымдарының қорытындысы. Сәби дүниеге келгенде жамбаста не құйымшақта аздаған көк таңба болады. Ғылымда оны «монгольское пятно» дейді. Сол, жапондарда бар. Басқа бізге жақын ұлттарда да бар. Дегенмен, аналарға солай деп айттым. Дүниежүзіндегі осынша көп халықтың ішінде жапон да, қазақ та тоғызыншы орында. «Неге» олай деп таңқалады. Қазақтың тоғызыншы орыны мемлекетінің жер көлемі бойынша, Жапония өзінің халқы саны бойынша дүниедегі тоғызыншы орында, халқы 135 миллионға жақындап қалған деп едім, қасымда тұрған елші Кавабата, «Озғанбаев мырза, сіздің рұқсатыңызбен мен айтқаныңызды жазып алайын. Дипломант ретінде бұл дерек мен үшін аса құнды» деді. Жапон халқына күліп тұрып амандасу, бұл бір ерекше дарыған қасиет. Токио мен Киотаның арасы 560 шақырым соған тез жүретін электропоезы бар. Екі сағатта жетіп барады. Сонда жолсерік қыз біздің артымыздағы есіктен кірді, біз оған арқамен отырмыз. Көзімнің қиығымен қарап отырмын, оны ешкім көріп тұрмаса да, кіргеннен жымиып, қайта-қайта иілумен болды. Бұл оларда туа біткен қасиет, тәрбие солай. Маған да бұл қасиет ана сүтінен дарыған, Алланың сыйы болар. Адамның өмірдегі бағы көбіне мінезге де байланысты.
Ғалым Ө. Озғанбаевтың әржолғы шетел сапарларында өзінің білімімен тамсандырып, әркез сый-құрметке бөленуі бір бұл емес.
Адамды сүйе білу бұл да оның бойындағы асыл қасиеттің бірі. Жөргекте қалған ұл әке тәрбиесін көрмесе де, адамдардың ықыласына бөленді. Тәуба дейді. Қазақтың арқайың кең «менікі, сенікі» демейтін ауыл дастарханында бір тілім нан жатса да қонағымен бөлісетін ұлттың ұрпағы, соларды көріп өсті. Бірінші сыныптан бастап кісі есігінде жатып оқыды. Сегізінші сыныпқа жеткенде ғана интернат ашылады. Үшінші сыныпта бір жаумайтын жерде қар жауып, балалармен асыр сап ұзағырақ сырғанақ теуіп кеткен оның кешкілік қызуы көтеріліп қатты науқастанады. Емші қарияны шақыртуға тура кепті. Үйге әкеп тонға орап, қарабұрыш салған сорпа ішкізіп, пеш түбіне жатқызады. Таң атқанша қозғалмай жатқан ол құлан-таза айығады. Аман алып қалған Меке деген кісіні кездестіре алмаса да оның балаларын тауып алғысын жеткізеді. Осының бәрін ол «адамнан қайырды көп көрдім, оларға қарыздармын. Елден ерекшеленіп кеткен ештеңем жоқ. Қандай биіктікке көтерілсем де, қандай ортада болсам да мен елдің баласымын» деуі, тек парасат-пайымы мол абыздың даналығы.
–Арманыңыз бар ма, аға! – Өзі жайлы біраз мағлұматқа қанық болғаннан кейін осылай сұрауыма тура келді. Қазақтың даналығымен былайша жауап берді. Байқап отырмын, қай сұраққа болса да төтелей жауап бермей, даналық пен шежірелі төкпе әңгімесімен тұздықтап, «керегін өзің теріп ал да түсіне біл» дейді екен. Ұстаз әдісі.
–Бабамыз ер Қосайдың алты ұлы, алты ұлы алты ауыл болған. Мал жайылып жатыр, қора-қора қой, үйір-үйір жылқы, табын-табын сиыр, келе-келе түйе. Немере-шөбере шапқылап жүр. Көлеңкеде қымыз ішіп, марқаның етін жеп отырған қариялар бірде өзара кеңесіп, «осы дүниеде армансыз жан бар ма» екен деседі. «Армансыз адам болса, ол мына ер Қосай болар». «Неге?». «Алты ұлы алты ауыл боп отыр. Не ішейін, не жейін демейді. Елге сыйлы». Қосайға келеді. «Осы армансыз бір адам болса, ол сіз шығар деп келіп отырмыз. Сізде арман бар ма?». «Менде арман бар» деп, мына кісі жұлып алғандай тез жауап береді. «Е, қандай арман?». «Әй, жігіттер, армансыз адам болмайды ғой. Менің мына алты ұлымның ортасында бір қыз болмады». «Ол қыз болғанда не болады?». «Ол қыз болғанда, «ана Қосайдың үйінде бір бойжеткен қыз бар» деп, ағайындар ойдан да, қырдан да, «Қосайдың қызына құда түссек, сол қызды келін ғып түсірсек» деп, армандайтын еді. Олар менің ауылыма құда түсуге келеді, «қызым әлі жас, әзір ұзататын жағдайым жоқ. Кейін бір хабарлассаңдаршы» деп бір шалқаятын едім. Сол мүмкіндік менде болмады ғой» дейтін көрінеді. Сол айтпақшы, армансыз адам болмайды. Менің арманым, «мың өріліп, мың тірілген», түрлі құқайларды көрген, сансыз катаклизмнен, яғни астан-кестені шыққан өзгерістерден аман шыққан, аз ғана қазақ халқы, бір жағынан тарыдай шашылып жер ауып кеткен отандастарымыз, бір мықты мемлекет болып, онда біздің келер ұрпақ шалқып-толқып жүрсе, бүкіл әлемге өркениетті елдің атын таратса. Қазақстанға ойдан да, қырдан да тәжірибесін игерейік деп келіп жатса, Жаратқан Ием бұл елдің қойнауына өлшеусіз байлық салған, соны халық өз игілігіне жаратса. Менің арманым да, батам да осы!».
Халифа Алтай, «1991 жылы желтоқсан айының ортасында Ыстамбұл көшесінде келе жатып, көпшілік радиодан, «Бүгін қазақ елі тәуелсіздік алды, жер бетінде Қазақстан деген дербес мемлекет пайда болды!» деп түрік тілінде саңқылдап жатқан дауысты естідім. Естідім де, егіліп жыладым. Сол тұрған жерімде құбыланы тауып алып, сәждеге кеттім. Жаратқан Иеден: «Иә, Аллам, қазақ деген халыққа ақыры еркіндік келді-ау, абырой бердің-ау! Айбарлы мемлекет қыла гөр! Ғұмырлы қыла гөр!» деп дұға тіледім. «Қуаныштан ыршыған көз моншақтарым тас еденге тырс-тырс тамады. Сәжде қылған жерімде ұзақ жатып қалыппын…» деген аманаттай сөз қалдырыпты. Өнебойынан адами ізгілік тұнып тұрған сенатор, қайраткер Ө. Озғанбаевтың ұлтын сүйген дара жолынан абызымыз Халифа Алтайдың тілегі орындалып жатқанын сездім. Демек, «батамен ел көгерер» дегендей, келер ұрпақтың бойынан да қазақ елінің туын биікке көтеретін жалындаған отты көретін боламыз.
Сөз соңында айтарымыз, 362 әулиелі Маңғыстаудың жүз тұңғышының бірі емес бірегейі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, республикалық ардагерлер төрағасының бірінші орынбасары Өмірзақ Озғанбаев ағамыздың өмір жолын әр тұстан бір шолып өткендегі қанық болғанымыз осы, әлі айтылмай қалған қанша сыр, жазылмай қалған ерлік пен өрлікке толы ұшан-теңіз еңбегі қанша. Бұл тұста ғалымның том-том еңбегін терең талдап, ондағы тарихи тұлғалардың болмысын зерттей түсіп, кейінгі ұрпаққа толығынан жеткізу қажеттігі ғылыми жобаға сұранып-ақ тұр. Келер ұрпақ «Тамаша адамдар өмірі» атты сериялы кітап шығаратын болса, оған нөмір бірінші боп кіретін тұлға, сенатор Өмірзақ Озғанбаев болар бәлкім!
Майра Шөкен,
Қазақстанның құрметті журналисі