Қыран боп ұшқан қыр баласы
Мен журналистік өмірімде халқына адал қызмет етіп, маңдай терін төккен, Тәуелсіздік жылдары еліне жан жүрегімен қызмет еткен талай тарландарды білемін.Солардың бірі, бірі де болса бірегейі, менің ерекше силайтын тетелес інім –Қуаныш Махмұтұлы Алпысбеков. Бұрын сырттай біліп жүрсем де кейіннен бірнеше рет кездесіп жүздескеннен кейін, одан соң әңгімелесіп сұхбаттасқаннан соң, маған алғашқы беттен-ақ еліне деген адалдығы, қызметіне деген әділеттігі ұнады. Әйтеуір, оны қай кезде көрсем де, іштей разы болып,үнемі құрмет тұтып жүрем. Қай жерде болса да, мейлі біреудің мерей тойы ма, жоқ әлде ресми жиналыстарда ма, Қуаныш бір қалыптан айнымайды, байыппен сөйлеп, қандай бір эмоциялық жағдай болсын, даусын көтермей, мәдениетті түрде жымиып қана сөзін аяқтайды.
Қуаныш Алпысбековты алғашқы рет көруім 1994 жылдың 6 шілдесі болатын. Жоғарғы Кеңестің сол күнгі сессия жұмысына қатысу үшін Республика Президенті Н.Ә.Назарбаев келді.Мен ол кезде Конституциялық сотта баспасқөз хатшысы болып істейтінмін. Сол себепті сот төрағасы Мұрат Баймақанов Жоғарғы Кеңес сессиялары жұмысына қатысып отыруды маған тапсырған еді.
Отырысты ашқаннан кейін, Президент сөз алып, астананы Алматыдан Ақмолаға көшіру жайлы ұсыныс енгізді. Осындай ұсынысты депутаттар күтпеп еді. Сол себепті басында Президент ұсынысына қарсы шығушылар көп болды. Мұның күтпеген жағдай болғаны соншалық, оның жүзеге асарына күмәнмен қарағандар аз болмады. Дегенмен, Президент ұсынысын қолдағандар да болды. Солардың ішінде депутат Қуаныш Алпысбеков сөз сұрап, мінберге шықты. Оның себебі сол жылдары Қуаныш Махметұлы Целиноград қалалық атқару комитетінің төрағасы болатын.
— Депутат жолдастар, көз қорқақ, қол батыр дейді қазақ. Целиноград қазіргі кезде өсіп өркен жайған Сарыарқаның дәл кіндігінде орналасқан облыс орталығы. Мұнда республиканың бетке ұстайтын бірнеше ауыр және жеңіл өнеркәсіп орындары шоғырланған. Онымен қоса қалада төрт жоғары оқу орындары мен бірнеше орта білім беретін училищелер мен техникумдар жастарға білім беруде. Мәдени нысандар ішінде М.Горький атындағы драмтеатр, облыстық филормония, демалыс паркі тағы басқа да сауықтыру орындары қанат жайған, халыққа тұрмыстық қызмет көрсететін комбинат бар. Ол жақтың адамдары да, табиғаты да ғажап, қорқатын ештеңесі жоқ,— деп Алпысбеков сөзін қортындалады. Не керек, ұзақ айтыс тартыстан кейін депутаттар көпшілік дауыспен астананы Целиноградқа көшіру жөнінде шешім қабылдады.
Сол жолы Қ.Алпысбековпен кездесудің сәті түспеді. Қуаныш Махмұтұлы Президент әкімшілігінің тапсырмасымен шұғыл түрде Целиноградқа ұшып кетіп, көшіп келетін мемлекеттік қызметкерлер үшін уақытша тұрақ пен әкімшілік ғимараттарды дайындау мәселесімен айналыса бастады.
Алайда осы мерзім ішінде ел ішінде елеулі оқиғалар болып жатты. Атап айтқанда сол кезде «Казахстанская правда»газетінің аты шулы тілшісі Татьяна Квятковскаяның сайлау кезінде бір сайлау округінде анықталған сайлау ережесінің бұзылуына байланысты Конституциялық сотқа журналистің талап—арызы түсен болатын. Сот журналистің талап арызын орынды деп тауып, жаңа ғана шақырылған Жоғарғы Кеңес депутаттарын заңсыз сайланды деп шешім шығарып, таратып жіберді. Бұл келеңсіз жағдайға шыдамаған белгілі ақын Олжас Сүлейменов; «Россиский парламент разогнали танки, казахский парламент разогнала одна Танька» дегені қанатты сөзге айналып кетті.
Қуаныш Махметұлы 13 шақырылған Жоғарғы Кеңес тарағаннан кейін біраз уақытқа дейін бос болды. Әдетте Кеңес үкіметі кезінде өмірлік тәжірибесі мол, бірнеше лауазымды қызметтер атқарып, беделге ие болған кадрлар қай кезде болмасын билік үшін таптырмайтын құнды мамандар қатарына жатады. Ондай кадрлар үшін биліктің лауазым есіктері үнемі ашық болатын. Ал Қуаныш Алпысбековке келгенде не үшін биліктегілер ол есікті тарс жабуға тырысты? Қуаныш Махметұлымен кездескенде осы сауалды өзіне қойдым.
—Жоғарғы Кеңес тарағаннан кейін төрт ай жұмыссыз отырдым. Ақмола облысына облыс әкімінің орынбасарлығына сұрандым. Бірақ осы лауазым орны бос бола тұра, себеп салдарын түсіндірместен, мәдениетті түрде өтінішімді орындаудан жоғарғылар бас тартты. Қалыптасқан ахуал үйреншікті емес, еңсе түсірердей еді. Өмір бойы еңбекке үйренген адамға жұмыссыз бос жүру аса қиын екен. Өзіңді қоярға жер таппай, тіпті, үйдегілерге бөгесін жасағандай күй кешесін.
Ал Қуаныштың төрт ай бойы жұмысыз отыру себебіне келетін болсақ, ол былай болған.
Депутаттыққа сайланғанға дейін Қ.Алпысбеков көлік министрлігінің орынбасары ретінде теңіз және өзен көліктерінің жұмыстарын қадағалайтын.Министрдің орынбасарлығына дейін ол СОКП Орталық партия Комитетінің аппаратында жауапты қызмет атқарған болатын. Партия тарағаннан кейін республика басшылығы Қуаныш Махмұтұлын жаңадан ашылған Көлік министрінің орынбасары етіп тағайындады.
Бірде Қуаныш Алпысбековты өзі бұрынаннан бері жақсы білетін министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары Ежиков-Бабаханов шақырады. Кездесу кезінде премьер-министрдің орынбасары үш мұхит лайнерін сатып алу жайлы әңгіме қозғайды. Алайда, Қ.Алпысбеков бұл ұсынысқа үзілді-кесілді қарсы шығады. Қуаныш Махметұлы осы тұста, егер осындай қымбат кемелер алуға бел бусақ, онда жаңадан құрылып жатқан Ақтау теңіз-кеме қатынасы айлағы үшін «өзен-теңіз» үлгісіндегі танкерлер алуымыз қажет екенін дәлелдейді.Сондай-ақ, үш лайнерлердің жұмыстарын бақылаудың қымбатқа түсетінін, халықаралық кеме қатынастар тәжірибесінде қымбат лайнерлерді көбінесе қару-жарақтар, есіртікелер тасымалында жиі пайдалынатынын ескертті.
Алпысбеков бұл әрекетке қарсы қанша дәлелдер келтіргенімен, Ежиков- Бабаханов әңгіме барысында енді бұл мәселені сөз бұйдаға салудың қажет еместігін, лайнерлер сатып алу мәселесінің шешіліп қойғанын білдірді. Алпысбеков болса,бұл жұмыстың ақылға симайтындығына көз жеткізгеннен кейін, қарсылық белгісі ретінде қызметінен отставкаға кететіні жайлы өтініш берді.
Реті келгенде айта кетелік, бұған дейін азаматтық авиацияны реформалауға қатысты ұсыныстары жоғары жақтағыларға ұнамаған болатын. Алпысбековтың үкіметке берген ұсыныстары негізінен өзі басқарып отырған авиация, кеме және теміржол қатынастары салаларының қызметі халық көңілінен шығуын, мемлекетке барынша мол пайда әкелуін көздеген еді. Сол жылдары жолаушылар тасымалында мол пайда әкелетін осы салалар «көз қысты, бармақ басты» әдісімен жоғарғы жақтағылардың жақын туыстарына жеке меншігіне беріле бастаған болатын. Адал қызмет жасап үйренген Қуаныш Махметұлы үшін мұндай жымысқы әрекеттер бүкіл болмысына жат еді.
Жоғарыда сөз болған үш теңіз лайнерлерін қазақстандықтардың көргені немесе сол лайнермен саяхат жасағандары бар ма екен? Лайнерлерді сатып алуға жұмсалған есепсіз қаржы қай жақтан келді, кімнің қойны қонышына түсті екен?
… Қуаныш Алпысбековтың балалық шағы соғыстан кейінгі қазақ ауылыда өтті. Қазір бұл елді мекен қазақтың атын бүкіл әлемге танытқан, кіндік қаны осы жерде тамған балуан Қажымұқан ауылы деп аталады. Қуаныштың әкесі Махмұт «Новоишимка» дейтін қолхоздың төрағасы болған. Соғыстан кейінгі ауыр жағдайға қарамастан, сол жылдардағы колхоз—совхоздардың жұмысын тік тұрғызып, ел экономикасы мен халықтың әлеуметтік тұрмыстарын көтерген Махмұт ағаның есімі осы уақытқа дейін халық жадында. Азаматты жақсы сөзінен ғана емес, тындырған ісінен де танитын қарапайым көпшіліктің ол кісіге деген ықыласы ерекше еді. Қолы босаған сәттерде Махмұт ағай, ағынан жарылып, балаларына «ерінбей еткен еңбектің түбі зейнет, жұмыстың жақсысы немесе жаманы болмайды,атқарған жұмысыңа шын беріліп істегенде ғана өзіңе де қоғамға да пайда еселеп келеді, еңбек еткен ұжымдағы беделің де арта түседі» деп отыратын. Осы қағидаларға Қуаныш биліктің сан салалы қызметтерін атқарғанда талай рет көз жеткізді.
Тынымсыз колхоз жұмысы қашанда бастан асып жатса да әкесі Махмұт пен анасы Хафиза балалар тәрбиесіне, олардың білім алуларына ерекше мән беріп отырды. Әкесі қолы бос кезінде балаларын жанына отырғызып алып — балапандарым, қолдарыңда біреуге көмектесу мүмкіндігі болса, міндетті түрде қол үшін беріңдер және одан жақсылығыңның қайтарымын күтпеңдер. Халықта: «Жақсылығыңды міндет етпе» деген даналық сөз бар. Жасаған қайырымың өзіңе қайтпаса да, сендердің туған туыстарыңа, әулетіңе жақсылық нұры болып ерте ме, кеш пе, әйтеуір оралары анық. Әкесінің бұл айтқан өсиеті Қуаныштың бүкіл болмысында жатталып қалды. Қайда болса да, қандай лауазымды қызметтер атқарса да ол ешқашан әкесінің айтқан ақылын естен шығарған жоқ.
Қолхоз орталығы Ақмола қаласына жақын болғандықтан Қуаныш мектепті қалады бітірді. Онжылдықты тәмәмдаған соң ол өзінің қалауымен Новосибірдің темір жол транспорты инженерлік институтына түсіп диплом алысымен осы салдадағы жұмысты Есіл станциясынан бастады. Жас маманның іскерлігін байқаған Тың теміржол басқарма басшылығы біраз уақыт істеген Қуанышты Ерейментауға станция бастығы етіп тағайындады. Осы бір құтты мекен Қуаныштың лауазымдық қызметінің өсуінің бастамасына айналды. Екі мыңнан астам адамы бар ұжымда жас маман нағыз еңбектің қадірін біліп, әр кезде де жинақы және жауапты болудың негізін қалай білді, адамдармен қоян қолтық араласып, шыңдалу мектебінен сүрінбей өте білді. Осы бір қасиеттер жас Қуаныштың тіршілігінің ажырамас серігіне айналып, кездесе қалған қиыншылықтарды еңсеруге және алдына қойған мақсаттар биігінен көрінуге қуат берді.
Сол жылдардағы партияның кадр саясатында бүгінгі күнге үлгі етіп аларлық жақсы ерекшеліктер бар болатын. Өз ісіне қабылетті жастарды батыл жоғарылатып, қолдап отыратын. Соның мысалы ретінде көп ұзамай Ерейментау аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Зикен Рамазанов Қуанышты аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшылығына ұсынды. Ол болса, қанша қасарысып, көнгісі келмегенмен сол кездегі тәртіп – партия айтты ма, оны сөзсіз орындау қажет болатын. Аудандық комсомол комитетіндегі Қуаныштың жұмысы ұзаққа созылған жоқ, бір жылға жетер жетпес мезгілде облыс басшылығы Қ.Алпысбековты Целиноград облыстық комсомол ұйымына жетекшілік етуге шақырды.
Обкомның бірінші хатшысы Н.Е. Кручинаның қабылдауында болғанда ол кісі:
—Қуаныш, сені облыстық комсомол комитетінің бірінші хатшылығына ұсынып отырмыз. Біздің жастарымызға сен секілді адал, өз ісін жақсы білетін жас керек. Біздің сенімізді ақтайтыныңа мен кәміл сенемін, іске сәт деп, Қуанышқа сәт— сапар тіледі.
Шынын айтсақ, Қуаныш мұндай күрт өзгерісті күтпеп еді. Неліктен таңдау маған түсті. Жауапкершілігі мол мұндай жұмысты алып жүре алам ба, деген санқилы сұрақтарды өзі өзіне қойып, абдырап қалды…
Шаруашылықтағы қоғамдық- саяси, мәдени жұмыстардың барлығын өз қолына алған жаңа комсомол жетекшісі зор жауапкершілікпен құлшына іске кірісті. Облыс орталығында еңселі ғимараттар—Кеңестер үйінің, сол заманғы Тың игерушілер сарайының, Жастар сарайының, ауруханалар мен балалар бақшаларының құрылыстары қарқынмен жүріп жатты. Құрылысшылардың басым бөлігі жастар мен комсомолдар болатын. Ауыл шаруашылығында да жағымды өзгерістер болып жатты. Егін ору, шөп шабу, отар-отар қойлар мен ірі қара малды бағып жүрген де жастар еді. Соның нәтижесінде көп ұзамай ақ, оның ұйымдастырушылық қабылеті көріне бастады. Мұндай іскер, ізденімпаз қызметкер партия органдарына да қажет еді.
Жас маманның қарымын байқаған Целиноград қалалық партия комитеті Қ. Алпысбековты Совет аудандық партия комитетінің тізгінін сеніп тапсырды. Осылайша қызмет бабы өскен сайын Қуаныш Алпысбеков түрлі ортада болып, адамдармен жұмыс істеу тәжірибесін жинақтады, жаңалыққа жаны құмар маман ретінде еңбек ұжымдарында болып, жұмысшылардың талап шағымдарына ерекше көңіл бөлуді жағымды әдетке айналдырды.
1985 жылы Целиноград қалалық атқару комитетінің төраға қызметін жемісті атқарып жүрген Қуаныш Алпысбековты Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің ұйымдастыру бөлімінің инспекторы қызметіне шақырылды. Жауапкершілігі мол Орталық партия комитетінің жұмысы Қуанышты одан әрі шынықтыра түсті, кадрлармен жұмыс жасаудың, оларды іріктеудің, қабілетіне қарай лауазымды қызметке ұсыну сияқты тәжірибелерді кеңінен қолданды. Бұл қызметтің ең басты талабы – адамдармен тіл табыса білу, әсіресе партия кадрларының мүмкіншілігін аша білуде Қуаныштың білімі мен түрлі салаларда жинақтаған тәжірибесі осындайда көмекке келді, ұжымдағы әріптестермен қоян қолтық араласып, өздеріне қатысты мәселелерді талқылауда Қуаныштың ой өрісі дараланып, нақты ұсыныстары көптің көңілінен шығып жататын.
Орталық партия комитетіндегі Қ.Алпысбековтың аппараттағы нәтижелі жұмысы туралы жағымды пікір Димаш Ахметұлы Қонаевтың да назарына іліккен болуы керек.
1986 жылдың қыркүйек айы болатын. Жұмыс уақыты аяқталып, үйге кетуге жиналып жатқан Қ.Алпысбековты телефон шырылы тоқтатты. Телефонды көтергені сол еді ар жағынан ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі Қуаныш Сұлтановтың ентіккен дауысы естілді: — Тездетіп Димаш Ахметұлының кабинетіне кіріңіз деді ол.
Қабылдау бөлмесіне кірген Қуанышты, бірінші хатшының көмекшісі Дүйсетай Бекежанов есікті ашып, ішке итермелегендей болды. Одан әргі әңгімені Қуаныш Алпысбековтың өз аузынан естілік.
— Димекең ұзын үстелдің басында отыр екен. Мені көріп, баяу тұра бастады. Столының үстінде жатқан өз құжаттарымды байқадым. Қол алысып, амандасқан соң, отырыңыз дегендей ишара білдірді. Содан соң сәл тыныс жасап:
— Қуаныш, сені өсетін жерге жіберіп отырмын. Қостанай обкомының хатшылығына ұсынылдың. Жолың болсын!— деді ықыласпен.
Сосын орыс тілінде: «Қазір Мәскеуге, КОКП Орталық Комитетіне әңгімелесуге барасың. Ол жерде мен туралы «қыртыл—мыртыл» секілді бейәдеп сөздер айтылуы мүмкін. Жауабын қалай беруді өзің білесің»,— деді Димекең қоштасарда қолымды қысып тұрып. Өзімнің пайымдауымша, мен оның ақ жол тілеген соңғы кадрларының бірі болуым керек.
Д.Қонаев кабинетінен Қуаныш көтеріңкі көңілмен шықты. Республикада адал қызметімен халықтың зор беделіне ие болған үлкен адамның ақ батасын алып, қызметтің жоғары сатысына көтерілу екінің бірінің маңдайына жазыла қоймаған бақыт шығар. Осылайша арман қуалаған қиялмен Мәскеуге жетті. Келісімен Орталық партия комитетіің инспекторы Мищенко, одан соң ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі Разумовскийлердің қабылдауында болып, олардың аузынан шыққан Қонаев атамыз айтқан «қыртыл мыртылды» естіген Қ.Алпысбековтың Алматыдан келген көтеріңкі көңілі су сепкендей басылды. Партияның жауапты қызметкерлері бірінің аузына бірі түкіріп қойғандай, әңгімелерінің сарыны Қонаевты жамандау, «оны қоршаған кілең қылмыскерлер мен парақорлар, сондықтан Қазақстан билігіне басқа адам келмейінше бұл жүйе оңалмайды. Яғни, Қазақстанды да Өзбекстандағы жағдай күтіп тұр, сендер бір-біріңнен ажырамайтын егіздің сыңары сияқты қылмыскер халықтар қатарына жатасыңдар».
Қуаныш өмірінің сол кезіне дейін бірде бір адамнан осындай бейпіл сөзді естіп көрмеп еді.Көзі ашық, таза ауыл зиялыларының отбасында тәрбиеленген Қуаныш Махмұтұлы үшін мұндай жүгенсіздікті бұрын көрмеген де, естімеген де еді. Әсіресе бүкіл Кеңес Одағына есімі жақсы қырынан танылған, халқының адал перзенті атанған Дінмұхамед Қонаев туралы осы уақытқа дейін ешкім жаман пікір айтып көрген емес. Кремльден шыққан Қуаныш Алпысбеков үшін Орталық Комитеттегі мәскеулік партократтар мәдениеттен жұрдай, білімдері таяз, саналары улы шовинистік зәрмен уланған, осындай жоғары лауазымға кездейсоқтықпен келген, жеке бастарының жағдайын ғана ойлаушы, басқа ұлттар өкілдеріне немқұрайды қарап, шовинизм мен шизофренизм дертіне шалдыққан науқастарды елестеткендей болды. Әйгілі Желтоқсан көтерілісінен кейін СОКП Орталық партия комитеті қабылдаған «Қазақ ұлтшылдығы» туралы қаулыны дайындағандар да сонда ұзақ жылдар бойы тамыр жайған осындай шовинистер тобы болуы әбден мүмкін.
Қостанай облыстық партия комитетіндегі қызметіне Қуаныш осындай көңілсіз күйде кірісті. Жұмысты неден бастау керек, кіммен сөйлесу керек деп дел—сал болып отырған обком хатшысын қабылдау бөлмедегі қыздың жедел хат беруі Алпысбековты сергітіп жіберді. Хат иесі Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев екен. Үлкен адам мәдениетті түрде Қуанышқа сәт сапар тілеп, шын ықыласын білдіріпті. Сол кездегі байыпты кадр саясатының және алған білімі мен біліктілігінің арқасында ауылдың қарапайым баласы Қазақстанның ірі аймағы басшыларының қатарына дейін көтерілді. Осының бәрі Қуаныштың табиғат берген қабілеті мен адал жұмысының арқасында мүмкін болды. Ал мұндай қасиет ананың ақ сүтімен, әкенің қанымен дарыйтыны белгілі.
Өмірде күтпеген түрлі жағдайлар болады. Қазақта «қайтып кірер есігіңді қатты серппе» деген қанатты сөз бар. Әрине, Қуаныш бұл сөздің мағынасын жақсы білер деп ойлаймын. Мәскеу шенеуніктерінің Димекең туралы айтқан «қыртыл мыртылын» естіп шыққанда ызалы Қуаныш олардың есіктерін қатты серпкен де шығар, ондай пасық шенеуніктердің есіктері түгелі өздерін де көрместей болған көңіл күйін де біз түсінеміз. Мұндай күйзеліске түсу намысы бар әр қазаққа тән болар деймін. Қостанай облыстық партия комитетінде хатшы қызметін жемісті атқарып жүрген Қуаныш Алпысбеков тағдырдың жазуы ма, жоқ әлде сол кезде қалыптасқан партия тәртібі сондай болды ма, СОКП Орталық партия комитеті орталық аппаратта қызмет істейтін білікті қызметкерлерді Одақтас республикалар арасынан іріктей бастағанда таңдаулары Қуаныш Махмұтұлына түсті. Олар Қ.Алпысбековты Орталық партия комитетінің ұйымдастыру бөлімінің инспекторлығына тағайындап, әрі оған Ресейдің Вологда, Псков облыстарының кураторылығын қосып берді.
Мәскеуде СОКП Орталық Комитетіндегі ұйымдастыру бөліміндегі жауапты қызметтері тізіп өтуге ғана жеңіл, ал осының бәрін саралайтын болсақ, оның сыртында қаншама төгілген тер, ізденіс пен нәтижелер соқпағы,шешуі күрделі проблемалар сайрап жатыр. Кездескен сәтсіздіктерге мойымай, қайта содан тиісті қорытынды шығаруды Қуаныш жас кезінен болмысында қалыптастыра білді. Алпысбеков үшін ар тазалығы мен азаматтық адалдық өмір бойғы кредоға айналды. Жат жерде жүрген Қуаныш Алпысбековтың жанында сүйенері де сенім артар ешкімі болмады. Сондықтан қандай бір жауапкершілікті өз мойнына артып, қазаққа тән иманшылдық пен нартәуекелдік арқасында өзіне жүктелген міндеттерді мінсіз атқара білді.
Әсіресе Вологда облысы мен сол аймаққа қарайтын Чероповец және Великий Устюг қалаларында өткізілген облыстық және қалалық партия конференцияларында Қуаныш Алпысбековтың білімі мен біліктілігі, дәйекті дәлелдері сол аймақтағы коммунистер мен жұмысшыларды, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерін таң қалдырды. Ол өз баяндамасында қол жеткен жетістіктермен қатар, ірі кәсіпорындарында орын алған еңбек тәртібінің сақталмауын, сондай—ақ, облыста ертеден қалыптасып қалған, бірақ осы уақытқа дейін шешімін таппаған проблемаларды, әсіресе жастардың жаппай қалаға кетуіне байланысты селолар мен деревнялардың қаңырай бастағанын, сонда өмір сүріп жатқан халықтың жұмыс істеуден гөрі ішімдікке салынатынын өткір сынға алып, бастауыш және аудандық партия комитет басшыларын айтылған кемшіліктерге тосқауыл қою қажеттігін ескертті.
Бұл кезде Орталық партия комитетінде де өзгерістер болып жатты, атап айтқанда аппарат қысқартыла бастады. Бұрын Қуаныш істеген Солтүстік Батыс экономикалық ауданы секторындағы 7 қызметкерден өзі ғана қалды. Енді Қуанышқа қарасты облыстар сапына Ленинград қаласы мен Ленинград, Архангельск,Новгород, Мурманск; Калинград облыстары, Карелия мен Коми автономиялы республикалары қосылды. Жұмыс бұрынғыдан да күрделене түсті.
Мәскеуде қызмет атқарған жылдары Қуаныш сонда қызмет жасап жүрген елімізге кеңінен танымал мемлекет және қоғам қайраткерлері КСРО кәсіподақтары басшыларының бірі Қаратай Тұрысов, әйгілі ақын, КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты Кәкімбек Салықов, Қазақстанның КСРО министрлер Кеңесіндегі өкілі Серікболсын Әбділдин, КСРО қатынас жолдар министрінің орынбасары Нығметжан Есенғариндармен араласып, қолдары босағанда бір- бірінің үйінде жиналып, дәм- тұздары жарасып жүрді.
КСРО тарағаннан кейін осы азаматтар Қазақстанға оралғанда да жұптары жазылмады, бірінің үйіндегі той барлығына ортақ болып, бастары бірге қосылатын. Тіпті Қаратай ағамыз Мәскеуден ең соңында келген Қуаныш Алпысбековтың жаңа жол қатынасы министрінің орынбасары болуына үлкен ықпал жасады.
Тәуелсіздік жылдары Қуаныш Махмұтұлы екі рет Парламент депутаты болып сайланды. Бірінші рет 1994 жылы 13 шақырылған Жоғарғы Кеңестің депутаты болып сайланды. Депутаттық мандаты мерзімінен бұрын аяқталғанмен Қ.Алпысбековты жаңа қызмет—Ақмола облысы әкімінің бірінші орынбасары қызметі күтіп тұрды.Қайда еңбек етсе де, қызметтік міндеттерді ойдағыдай орындауға күш қабілеттерін аямай жұмсап, осы лауазымға қойылған басшылардың үлкен сенімінен шығуға және қарапайым жұрттың үміттерін ақтауға тырысты. Елдің сенімін арқалаған кезде жауапкершіліктің нағыз салмағын айырықша түсіне білді.
1999 жылығы Мәжіліске депутаттар сайлау науқаны өте қиыншылық жағдайда өтті. Бұл кезде Қазақстанның тұрғындары үлкен қиындықтарды басынан кешіріп жатты. Республиканың экономикасы жамбастап жатып қалған еді. Ел жалақыларын, шамалы зейнетақы мен әлеуметтік төлемдерін айлап ала алмаған уақыт еді. Дәл сол кезде Қуаныш облыс басшыларының бірі болатын. Жұрт одан өздерінің өміріндегі қиындықтарға кінәлі билік өкілдерінің бірін көретін. Қ.Алпысбеков жоғарғы қызметтің тұтқасын ұстағаннан кейін елде болып жатқан оқиғалар үшін жауапты екенін жақсы түсінді. Сондықтан сайлаушылардың қойған сауалдарына орай, елдегі қиындықтар үшін өзінің жауапты екенін ашық мойындап, мүмкіндігінше адал, дәлелді жауаптар беруге тырысты. Ақырында облыстың алты ауданы Қуаныш Алпысбековтың кандидатурасын қолдап, ол депутат болып сайланды.
Мәжілістің бұл құрамы білімдері жоғары, мол өмірлік тәжірибелері бар депутаттардан тұратын. Парламентте қаралған республиканың көкейкесті мәселелерін көрнекті ғалымдар, әйгілі жазушылар, сондай—ақ, қазақтың тұңғыш ғарышкері—Тоқтар Әубәкіровтардың қызу талқыға салуы үнемі қоғамның назарында болатын.
Депутаттық мандатты пайдаланып, Қуаныш Ақмола облысы бойынша бірнеше мектептер салу үшін республикалық бюджеттен қаржы бөлдірді, көптеген ауылдарында ауыз су мәселесінің шешілуіне ықпал жасады, автокөлік жолдарын жаңадан салуға, күрделі жөндеуден өткізуге қомақты инвестициялар салдырды. Қуаныш өзіне тән жігермен қайнаған оқиғаның ортасында болып, көкейкесті жайлардан жалтармай, сайлаушылардың үміттерін ақтау үшін азаматтық белсенділік таныта білді.
Қуаныш Махмұтұлының депутаттық мандаты аяқталысымен оны «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамында кеңесші қызметіне шақырылды. Сан-салалы әл-ауқат қорындағы жұмыс өзіне жете таныс еді және айлығы да қомақты болатын. Әл-ауқат қоры басшылығының қандай да болсын тапсырмасын ынта-ықыласымен атқара білді, өзіне тән ұқыптылық пен біліктілікті сондағы жас әріптестеріне үлгі етті. Осы кезде, Астана қалалық әкімшілігі мен Республикалық ардагерлер Кеңесінің Орталық Президиумы басшылығы Қ.Алпысбековтың адамдармен жақсы қарым-қатынас орната алатын тәжірибесін және елорда ардагерлерінің басым көпшілігін білетінін ескеріп, оны Астана қалалық ардагерлер Кеңесін басқаруды ұсынды.
Адам қартайған шақта бір бала демекші, олардың сәл нәрсеге қуанып, болмашыға бола жабырқап қалатыны белгілі ғой. Ардагерлер Кеңесін басқарған жылдары Қуаныш Махмұтұлы мүмкіндігінше әрқайсысына жан шуағын силап, көңілдеріне қаяу түсірмеуді сондағы қызметкерлерге үнемі тапсырып отыратын. Қала кәсіпкерлері мен үлкен супермаркет қожайындарын жақсы білгендіктен оларға әл-ауқаты төмен ардагерлер отбасына көмек беруді, мерекелер сайын берілетін сый-сияпаттар таратуды ұйымдастырып отыратын.
Сонымен бірге Қуаныш рухани және ұлт қайраткерлерін ұлықтау мәселелеріне де бей-жай қарамайтын. Ұлтымыздың бетке ұстайтын перзенті, мемлекет қайраткері Жұмабек Тәшеневтің 95 жылдығын атап өтетін конференция жұмысына белсене қатысып, қаржылық мәселелерді шешкізіп берді. Қоғамдық ұйымның жетекшісі ретінде Қ.Алпысбеков қарт адамдардың сүйеніші әрі қорғаны бола білді.
Қырық жылдан аса халқына қызмет жасап, мәртебелі биігінен, азаматтық тұлғасымен, қадыр-қасиетімен көрінген Қуаныш Алпысбековтың қайраткер тұлғасы осындай. Түрлі қызметте жүріп, Қуаныш ұзақ жылдарғы өмірінде әділдік пен шындықты ғана өзіне серік еткенін пайымдайсың.
Жетпістің жетегінен асқан ел ағаларының бірі, парасатты басшы, білікті ұйымдастырушы Қуаныш Алпысбеков өмірлік жары Тыныштық Зейноллақызы екеуі Жанар мен Талғат есімді балаларын тәрбиелеп өсірді. Енді олар немерелерінің қызығын көріп отырған ұйыған отбасы.
Осы мақаланы Қуаныш Махмұтұлының сүйікті немересіне арнаған сөзімен аяқтағанды жөн көрдім: «Балаларымның баяны ұзақ, тұрмыстары берекелі болуын Жаратушы иемізден тілеп отырамыз. Дегенмен, олардың ең үлкен жетістіктері-өзіміз бұл жарық дүниеде бәрінен де жақсы көретін алтындай немерелер силағаны деп ұғамыз»!
Менің қосарым, Қуаныш және Тыныштық, сүйікті немерелерің Елнұрдың ержетіп, отау тіккен тойының куәсі болуға жазсын демекпін.
Мейрам Байғазин, журналист. Астана қалалық ардагерлер Кеңесінің мүшесі