Зейнеткер — ғалымдар Венгрияның ұлттық мейрамын тойлауға қатысты
Венгрияның Қазақстан Республикасындағы Елшілігі ұсынысымен «Венгр революциясы: 60 жылдан соң» атты Венгрияның ұлттық мейрамы – 1956 жылғы революцияға арналған халықаралық дөңгелек үстел дайындап, 2016 жылдың 3 қараша күні Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Отырар» кітапханасында өткізілді. 1956 жылғы Венгр Революциясының 60 жылдығы мен Бостандық үшін күрес Мемориалдық Комитетінің қолдауымен Қазақстан Республикасындағы Венгрия елшілігі және Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті ұйымдастырған жиынды ЕҰУ ректоры, тарих ғылымдарының докторы, ҚР ҰҒА академигі Ерлан Сыдықов ашты.
Дөңгелек үстел жұмысын Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ тарих факультетінің деканы, тарих ғылымдарының докторы, профессор Тілеген Садықов жүргізді.
Венгрияның Қазақстандағы елшісі Андраш Барани мырза құттықтау сөзін қазақша бастады. Венгрияның ұлттық мейрамының тарихына кеңінен тоқтала келіп, Қазақстан халқын Тәуелсіздіктің 25 жылдығы мерексімен құттықтады.
Конференцияда тарих ғылымдарының докторы, Петер Пазманя (Будапешт, Венгрия) атындағы Университетінің профессоры Миклош Хорват «Біз бүгін 1956 жылғы оқиғада құрбан болғандар алдында бас иеміз» атты тақырыпта баяндама жасады және арасында 1956 жылғы Венгр Революциясы туралы деректі фильм көрсетіп отырды.Тарих факультетінің Еуразиялық зерттеулер кафедрасының доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Сағынтай Бердағұлованың «1956 жылғы Венгрия революциясының тарихи сабақтары» атты арнайы баяндамасы аса үлкен ынтамен тыңдалды.
Конференцияның құрметті қонақтары: ЕҰУ проректорлары Дихан Қамзабекұлы, Баубек Сомжүрек, Айтмагамбетов Думан, академик Болат Көмеков, ЮНЕСКО кафедрасының меңгерушісі Ғаділбек Шалахметов, Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасының меңгерушісі Анатолий Башмаков, Венгрия елшісі кеңесшісі Шандор Дороги, әскери-тарихи музей директоры Перизат Акселеуқызы, т.б. ғалымдар мен қоғам қайраткерлері. Конференцияның қатысушылары: тарих факультетінің профессор – оқытушылары және факультеттің докторанттары мен магистранттары.
Ардагерлер кеңесі мүшелері: Тулебаев Зейнолла, Қабылшаев Қайырбек, Жиентаева Бегайым, Досымбаева Айман, Ермекбаев Жарас, Садвокасова Закиш, Шаймуханова Сәуле конференция жұмысына белсене қатысты. Дөңгелек үстел барысында «1956 жылғы 23 қазан – 9 қарашадағы Венгер оқиғалары халық жадында», «1956 жылғы Венгр Революциясының тарихи маңызы», «Венгр Революциясы туралы шындық пен дақпырт», «Венгр Революциясы туралы тарихи құжаттар дәлелдері», «1956 жылғы Венгр Революциясы әдебиет пен өнерде» атты тақырыпта әңгіме қозғалды. 1956 жылғы революцияның ащы сабақтарын еске ала отырып, дөңгелек үстелдің қатысушылары қанды қырғындар біздің өмірімізде енді қайталанбасын деген шешім қабылдады.
Конференнция соңынан Венгрияның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі Андраш Бараниге және Венгрия университетінің профессоры Миклош Хорватқа ЕҰУ-дің 20 жылдығына орай шығарылған кәде-сый тапсырылды.
Дөңгелек үстелді тікелей ұйымдастырған Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Ардагерлер кеңесінің төрайымы, «Ардагерлер ұйымы» Республикалық қоғамдық бірлестігінің Астана қалалық филиалы президиум мүшесі және жастар, этносаралық қатынастар, спорт жұмысы бойынша тұрақты комиссиясының төрайымы, «Қазақстан мен Венгрия арасындағы достық пен мәдениет Ассоциациясының» вице-президенті, профессор Күлзира Искакова болды.