ЗЕНИТШІ ЗИНАИДА
Бүгінгідей бейбіт күннің қадірін сұм соғыстың ортасынан оралғандар жақсы біледі. Жеңіс күні қарсаңында астаналық ардагер Зинаида Берниязованың шаңырағына бас сұққан едік. «Адамдарды үстінен таптап, ауыр зеңбірекпен езгілеп өткен күндеріміз де болған. Жердегі тозақ деген сол, қарақтарым!» деп қария терең күрсінді.
Зинаида апа – Атырау өңірінің тумасы. «Соғыс басталғанда сегізінші сыныпта оқитынмын. 1942 жылы құрбыларым Жеміс Ақбөпиева, Юлия Захарова, Ажар Хасенова төртеуміз соғыс комиссары Бегеевке барып, майданға сұрандық. Ол бізге ұрсып, кабинетінен қуып шықты. Салып айдап аудандық комсомол комитетіне келдік. «Ел басына күн туған кезде пеш түбінде тығылып қалай жатамыз?» деген сөзімізді естіп, пысық хатшы Гурьевтегі бастығына жүгірді. Ақыры өтінішіміз қанағаттандырылып, қалада екі айлық әскери дайындыққа кірістік. Мылтық оқтап, снаряд ұштауды үйренген соң, Астраханьдағы 416-шы әуе атқыштары дивизиясына қабылдандық» деді жауынгер әже сол шақты еске алып. Эшелонмен жолға шығып, шабан жүрісті пойызға мінгенде Зинаида апаның қолындағы бар жүгі – ақталған тары мен сиырдың қарнына салып сақтаған сары май ғана еді. Киім алуға рұқсат жоқ. Іші-бауырын жұқа керзі етіктен өткен қара суық қарығанда да, зеңбіректің жанынан екі қадам аттай алмай отырғанда да, қанға бөккен далада қайда бас сауғаларын білмей аласұрғанда да үйден әкелген азығы жанын сақтапты. – Беларусь жеріне табан тіреген біздің әскерді немістер бомбамен қарсы алды. Жолшыбай куә болған көріністер жаға ұстатарлықтай еді. Қираған ауылдың орнында тек үйлердің мұржасы ғана қалған. Жердің бетін солдаттардың өлі денелері жапқан. Зеңбіректі сүйреп келеміз. Салмағы бірнеше тонна ауыр артиллерияның доңғалағы адамдарға тіреліп, айналмайды. Жаншып өтуге жүрек дауаламайды. Кібіртіктейміз. Командирдің «Тоқтаушы болма!» деген бұйрығынан соң амалсыз ілгері жылжимыз. Дүние төңкеріліп жатыр. Аспан жоғалып кеткен. Ауадан тек оқ пен қан иісі сасиды, – деген Зинаида әже аз-кем кідіріп, үнсіз қалды. Қарттың әлсіз үнінен тамағына тығылған өксікті сездік. Тарамыс қолдарымен орамалының шетін шиыршықтап отырып, сәлден соң әңгімесін қайта жалғады. – Таңнан түнге, түннен таңға жалғасқан шайқаста өзіңді ұмытасың, аштыққа да шыдайсың. Бірақ шөлге төзу мүмкін емес екен. Күшің сарқылғанда су іздейсің. Ойдым-ойдым жерлерге иірілген шалшық су адам қанымен араласқан. Бетін шайқап жіберіп, уысымызға толтырып ішеміз. Су емес, қан іштік. Жиіркенбедік. 1943 жылдың қысында қар қалың жауды. Кей күндері аяз 63 градусқа дейін жетті. Үстімізде – биттің қабығындай жұқа шинель. Суық сүйектен өтеді. От жағуға болмайды. От жақсақ, жау жағы мұқият жасырылған ауыр артиллерияны байқап қалады. Орнымыздан секіріп, аяғымызды бір-біріне соғамыз. Сөйтіп жылындық. Курскінің түбінде Асыл жанды қалдырдым. Елестейді бұл күнде Сол бір қимас жан құрбым… Үйге кірсе де, шықса да, Зинаида әже осы жолдарды сан мәрте қайталайды. Аудандық газет редакциясында терімші болып жүріп майданға сұранған құрбысы Жемістен дәл сол тұста айырылған еді. Жау ұшағының түнделетіп тастаған ауыр бомбасы зеңбірек күзетінде тұрған бойжеткенді бір сәтте жоқ қылып жіберген. Кейіпкеріміз фашистердің жауыздығын талай рет көрген. Әсіресе, Беларусь өлкесіндегі Касторная стансасында неміс солдаттары қырық шақты баланы тамақтарынан асып, отқа қақтап кеткенін Зинаида әже ешқашан ұмытпайды. – 1945 жылы 25 қазанда Доссор вокзалына түстім. Елде жағдай қиын екен, карточкалық жүйе. Бір қалаш қара нан 400 сом тұрады. Аудандық атқару комитетіне жұмысқа тұрдым. Артынан майдандас құрбым Юлия Захарова екеуміз Гурьев медицина училищесіне сырттай түсіп, бітіріп алдық. Аудандық өкпе аурулары ауруханасына мейірбике болып орналасып, сол жерден 1980 жылы зейнеткерлікке шықтық, – деп сөзін түйіндеді қария. Жұбайынан ерте айырылса да, ұл-қыздарын оқытып, жетілдірді. Қазір Зинаида әже Астанада немере-шөберелерінің ортасында бақуатты тұрмыс кешуде. Жатса да, тұрса да, қаһарман әже ел тыныштығын тілеуден шаршамайды.
Ботагөз МАРАТҚЫЗЫ