Жалғыздың жаңғырығы
Елбасымыз Н. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты тың бастамаларды арқау етіп аса шебер де көркем тілмен жазылған жаңғыру ұсыныстары халықтың көкейіндегісін дөп басып, тұшына оқып, жер-жерде кеңінен қолдау тауып, нақты іске басшылыққа алынып жатқаны баршаға аян. Осы бағдарламалық ұсыныста мынандай жолдар бар: «Біз «Жаныңда жүр жақсы адам» деген сөздің байыбына бара бермейміз. Шын мәнінде, тәуелсіздік дәуірінде өзінің еңбегімен, білімімен, өнерімен озып шыққан қаншама замандастарымыз бар. Олардың жүріп өткен жолдары – кез келген статистикадан артық көрсеткіш.
Сондықтан оларды телевизиялық деректі туындылардың кейіпкеріне айналдыруымыз керек. Жастар өмірге шынайы көзбен қарап, өз тағдырларына өздері иелік ете алатын азаматтар болуы үшін оларға үлгі ұсынуымыз керек».
Иә, Елбасымыз баса назар аудартып отырған бүгінгі жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды. Бүгінгі сұхбаттасып отырған Сарыарқа сардары – отставкадағы генерал-майор, әлі де саптағы – «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі орталық кеңесі төрағасының орынбасары Бекболат Мұқышевтың бар өмірі адасқандарды қоғамға кері қайтаруға жұмсалып келді. 37 жыл ішкі істер органында, содан кейінгі 18 жылда ардагерлер ұйымының қым-қиғаш қызметінде жүріп атқарған 55 жылдық еңбегі ұшан-теңіз. Еңбек өтіліне 55 жыл, өзі қазағымның қасиетті қос жеті – 77 жасқа толғалы отырған – генерал-майор, ардагер Бекболат Бапанұлымен болған әңгіме желісі төмендегідей.
–Ойыма бір мықты ақынның мына бір:
«Біз қырқыншы жылдарданбыз, Тар кезде туғандармыз. Кештетіп бүр жарғанбыз, Көп тойдан құр қалғанбыз, Шыңырауда шыңдалғанбыз, Жығылып тұрғандармыз, Мұңлы ән-жырларданбыз, Ертеңгі думандармыз – Біз қырқыншы жылдарданбыз!» – жыр шумағы оралып тұр. Сіздің бар-болмысыңызды сызып беріп тұрғандай. Қызмет барысында бірқатар қырқыншы жылғылармен сырлас боп, өмір жолына үңілген едік. Ішінде осалы жоқ. Құрыштан қаланғандай қайратты, қай істе болса да өздері тырбанып, талпынып шыңға өрлеу, өмірлік мақсат болғанын аңғардым. Осының сыры неде!
–Айтары бар ма. Біз сұрқиялы да сұм заманнан аман қалғандармыз. Адам боп келген соң адам боп қалудағы басты қағидатымыз – ар, намыс, жігер! Осы үшеуі бойда болғанда, елге адал қызмет етіп, әулетіне қамқор боп, қандай да бір жетістікке жетесің. Сөз жоқ, әке мен ананың тәрбиесі де қайрап, сынап, күзеп, жігер беріп отыратын. Көп жағдай осындай тәрбиеге байланысты. Екі ана мен бір әкеден жалғыз болсақ та, өмірдің ыстық көрігінен өткен өз басымның жаңғырығының гуілі қайрақтың отынан кем болған жоқ.
–Сіз жайлы қызметтік жылдарыңызда ірілі-уақты баспасөз беттерінде аз жазылмаған екен. Сол әріптестер қойған сұрақты мен де қайталап отырмын. Ауылдың кеншісінен генерал шеніне дейінгі бұралаң жолын тағы да әңгімелеп берсеңіз. Көзқарақты жастардың біреуінің болмаса біреуінің қызығушылығын туғызар деген ой да жоқ емес.
–Мен осы өңірдің төл тумасымен. 1940 жылдың 27 шілдесінде Ерейментау ауданының Бестөбе руднигінде дүниеге келдім. Отбасының 1932 жылы осында қоныс аударуының себебі, мұнда жұмыс болды, артельдер құрылып, шахтадан алтын шығарылды. Әкей осында жұмысын бастап, кейін артель басшысы болды. Алтын қазбасын өндірудің ел экономикасына пайдасы айтпаса да мәлім. Кент ашылған жылдары бір метр ғана тереңдіктен өндірілетін қазба бүгінде 1000 метрге дейін қашып кетті. Әкем Бапан Мұқыш пен оның бәйбішесі Дәмегөй Құдасқызы екеуінен өмірге бес-алты бала келгенімен, бәрі туа сала қайта берген. Өмірде қарап отырсаң, сол бір заманда жас сәбидің шетінеуі жиі орын алды. Мен екі ананың телқозысымын. 35-ші жылдар болса керек, жас қыз, ісмер тігінші Биғайша Әлжанқызы жұмыс іздеп осында келеді. Кейін әкем екеуі үйленеді. Оның себебі түсінікті. Әкемде ұрпақ жоқ. Содан қиын-қыстауды бастан өткере жүріп, өкінішке орай, 1948 жылы 48 жасында әкем дүниеден өтеді.
Әу бастан қара қазанды бірге қайнатып жатқан қос ана мені «қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай» өздері тәрбиелеп, өсірді. Негізінде тәрбиенің бәрін үлкен анам Дәмегөйден алдым. Өз анам Биғайша таңертеңнен кешке дейін өкімет жұмысында. Соғыс жылдары сықсима керосин шамымен куфайка, күртеше тігіп, майданға жөнелтеді. Жапондық тұтқындардардың күшімен көмір шыққан Бөгенбайда тэц іске қосылып, жарық көзі содан Бестөбе, Жолымбетке тарады. Анамды басқа да, «ананы бітіріп кет, мынаны істеп кет» деп колхоз шаруасынан босатпайды. 1966 жылы Дәмегөй анамызды арулап ақтық сапарға жөнелттік. Онда мен 36 жаста едім.
Өз анам Биғайша өміріне риза боп, немере, шөбере сүйіп 103 жасында Астанада қайтыс боп, елге Бестөбеге әкейдің қасына апарып жерледік.
1958 жылы орта мектепті тәмамдаған соң жағдайдың жоқтығынан елде қалып, қара жұмысқа, артель бар, соған жегілдік.
Еңбек жолымның басында да, кейін де жақсы жандарға жиі жолықтым. Ол жөнінде әлі талай оралатын боламын. Соның бірі Бестөбедегі еңбек жолымды жаңа бастағандағы шахта басқарушысы Евгений Мазурдың қамқорлығы. Ол буыны қатпаған мені жердің астына түсірмей үстіндегі жұмысқа қосты. Аз да болса табыс тауып, тұрмыс көтеріліп қалды. Жалақымды түгелдей шешемнің қолына әкеп беремін. «Еңбек етсең ағарады аузың» дегенді осы күннен сезіндім. Саған, «мен жетіммін, мен жаспын деп» боздап отырсаң, ешкім ештеңе бермейтіні мәлім. «Адамнан сұрағанша, Алладан сұра» деген де бар. Түпкі негізі – жалқау болма, еңбек ет, жауапкершілікті сезің.
«Талабы таудай жас» деп көп ұзамай көзге түскен болармын, кеніш комсомол ұйымының жолдамасымен милиция органына қызметке жіберді. Бұл кезде Қазақ мемлекеттік университетінің заң факультетін сырттай бітірген-мін. Заң саласындағы қым-қият 37 жылға созылған қызметім учаскелік уәкіл, аға уәкіл боп, бөлім және аудандық, облыстық ішкі істер органдарын басқарып, сатылап көтерілуіммен, ары қарай тоқтамай өріле берді. Ең ауыр учаске – қылмысты іздестіру бөлімдерінде ұзағырақ жүрдім.
Талай сындарлы шақта сыр бермесем керек, әбден сынақтан өтіп, тәжірибе жинақтаған, ұйымдастырушылық қабілетім ашылған деді ме екен, лайықты кадр деп тауып, мені 1980 жылы Шортанды аудандық милиция бөлімінің бастығынан Мәскеудегі Ішкі істер министрлігі академиясының күндізгі екіжылдық бөліміне оқуға жіберді. Одан соң Ақмола облыстық қылмысты іздестіру бөлімі бастығының орынбасарлығынан министрлік жаңадан құрылып жатқан Торғай облыстық ішкі істер басқармасы бастығының бірінші орынбасарлығына тағайындады.
–Екінші дүниежүзілік соғыс та төрт жыл да аяқталды, менікі ең ұзақ – 37 жылға созылды деп отырсыз. Әрине, органдағы соқтықпалы соқпақты жолда өмір мен өлім бетпе-бет келетін тұстар аз болмайды. Есте қалған бір сәттерді еске түсіріп көрсеңіз.
–Арқалықта Торғай облысы 1988 жылы бірінші рет жабылғанға дейін қызмет жасадым. Сол кезде обкомның бірінші хатшысы мемлекеттік қайраткер Оразбек Қуанышев болатын. Жарықтықтың, естуімше, талай адамға шарапаты тиді. Оны айтып отырғаным мына себептен.
1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының дүрбелеңі кімді шарпымады. АрқМПИ-дің студенттері мен оқытушылары топ-топ боп жалаулатып-алаулатып үдере көтеріліп көшеге шығып кетті. Мен оқиғаға орай жедел құрылған штабты басқардым. Не істеу керек. Ол кезде іргедегі Державин қаласында кеңестік әскери полигон бар, олардың жасақтары, арнайы жасақталған полиция наряды мүлт кетсе лап беруге дайын тұр. Жастарға айттым, «сендер терезе сындырып, біреуді жаралап, текке күйіп кетесіңдер. Айтарларың болса, ашық айтыңдар тыңдайық». Ақырындап айтып, әупірімдеп көндіріп қаладағы Саяси-ағарту үйіне кіргіздік. Сабаға түскендей болды. Келесі күні обкомның Спицын деген хатшысы үш әріпке, «мынау Мұқышевты байқаңдар, аналарға жақтас» деген емеуірін танытады. Содан не керек, маған «Сен Ауғанстанға аташаның кеңесшісі боп барасың» деп жан-жақты тексеріп жүз пайыз дайындап қойды. Естіген үйдегілер анам, зайыбым у-шу боп, «сен одан аман келесің бе жоқ па», деп жылап жатыр.
Ойда жоқта О. Қуанышев шақырды. Бардым. Бәрінен хабардар екен. «Не ойың бар» деді. «Ойлағанда, Оразбек Сұлтанұлы, қан төгіліп жатқан жерге соқа басым болса ойланбас едім. Шиеттей бала-шаға, қарт анам бар дегендейін…». Ұзын сөздің қысқасы, ретін келтіріп мені құтқарып қалды.
Көп ұзамай облыс тарап, Батыс Қазақстан облыстық ішкі істер басқармасына бастық болып тағайындалдым.
Еліміздің егемендігі мен тәуелсіздігі енді-енді ғана жарияланған тұста аңдамасаң жан-жақтан төніп тұрған қауіп зор. Ұлтшылдар, әсіресе, Оралдағы казактар Қазақстанды іштен ірітуге, өздерінше автономия құруға жанталаса әрекет етіп жатқан кез. Оралдағы қызмет те осындай алмағайып тұспен дөп келді. Ақыл-айла, темірдей салқынқандылық пен сабырлықты қажет етті. Екі оттың ортасында қалдық. Абырой болғанда осы тұста «Азат» азаматтық қозғалысы құрылып, текетіресті жағдай тізе қоса отырып қалыптасқанды. Оңай болған жоқ, аналарды қорғауға сырттан қарулы күш кіруге ентелеп тұрды. Шешуші сәтте қиыннан жол тауып елді де, халықты да аман алып қалдық, Алла жар болып. Шиеленісті оқиғаны көзімен көріп, куәсі болған оралдықтар ұзақ уақыт аңыз ғып айтып жүрді. Осы екі оқиға менің де жадымда мәңгі сақталып қалды.
–Генерал шенді Бекболат Бапанұлының ендігі кәсіби зейнеткерліктен соңғы республикалық зейнеткерлер ұйымындағы қызметіне ауыссақ.
–Иә, ардагерлер ұйымының жұмысына қалай араласа бастағанымды қысқаша әңгімелей кетейін. Алдымен, Ішкі істер министрлігінің ардагерлер ұйымына келдім. Онда олар Алматыда болды.
Кейін республикалық ардагерлер ұйымының тәй-тәй басар тұсындағы – Мақтай Сағдиев секілді білікті басшының қалауымен қанаттаса қызмет еттім. Жалпы ардагерлермен жұмыс жасап отырғаныма 18 жыл. Осы ұйымның Елбасының қатысуымен өткен ІҮ съезінде мені орынбасарлыққа сайлады. «Е, онда қай мардымды жұмыс істерміз» деп ойлағаным қате боп шықты. Бір ардагер келер «маған үй керек», тағы біреуі тағы бірдеңе қажет дер дейтінмін. Жоқ, қатты қателескен екенмін. Мұндағы қызмет те мемлекеттік қызметшілердікінен әсте кем емес. Республика бойынша Алматы, Астана мен 14 облыстағы жағдайды күн сайын барынша бақылап отыру керек. Қаншама саяси-әлеуметтік шаралардың бел ортасынан қоғам ардагерлер – алдымен, дуалы ауызды қарттарды іздейді. Баталы сөзіне тоқтайды. Тәжірибесімен бөліседі.
Бұл ұйымды үлкен күшке айналдыру осы алмағайып заманда қолға алынды. Бір формациядан екінші формацияға ауысу кезінде қамқорлыққа зәру әлсіз топтың бірі осы ардагерлер. Иә, елді талай тығырықтан қан мен жанын аямай қорғап алып шыққан, небір ерлік пен өрліктің үлгісін көрсеткен ғажап та, рухы қуатты аға ұрпақты мейлінше қамқорлыққа алу басты парызға айналды.
ТМД-ғы ардагерлер ұйымының халықаралық одағы шеңберінде байланыс орнатылды. Басқа да шетелдермен қарым-қатынас жасау арқылы ұйымның беделін көтеріп отырдық.
Басқасын айтпағанда, ардагерлер ұйымының биылғы аталып өтілген 30 жылдық мерейтойына орай 500-ге тарта адам арнайы мерекелік медальдармен, басқа да марапаттармен мадақталды. Бұл олардың елге сіңірген еңбегінің жемісі ретінде жүздеріне қуаныш, көңілдеріне мақтаныш ұялатты. Ұрпақтары мақтан тұтып, жақсылыққа үндеу сабақтастығы жалғасты. Елбасымыз да биылғы рухани жаңғыру үндеуінде осы жәйтке баса назар аударып отыр ғой.
Құдая шүкір, материалдықтан гөрі моральдық көтермелеуді қалайды, көбіне қарттарымыз. Қайта құру кезеңіндегі жағдай мен мына заманның арасы жер мен көктей.
–Бұрындары республикалық ардагерлер ұйымының беделі өте жоғары боп, мазасыз күй кешіп жатушы еді. Қазіргі таңда мамыражай тыныштық, бірізділік қалыптасқан іспетті. Республикалық ұйым қарапайым ардагер батып кіре алмайтын төбедегі бұлтқа айналған жоқ па. Мұның себебін неден іздеуге болады.
–Жоқ, олай емес, рас, заман өзгерді, жағдай түзелді. Неге жоғарыға сабылушы еді. Ардагерлерге зейнетақы уақытында төленбей, тіпті, жолдарды бекітіп, ереуілдетіп те кетті. Онда тұрмыс та, көңіл-күй әхуалы да басқаша болатын.
Елімізде халықтың әлеуметтік жағдайы түзеле бастады. Осыған орай, мәселелері енді өз жерінде де шешілуде. Оны шешеу үшін мүмкіндік керек. Ол мүмкіндік енді өз ауданында да, өз қаласында да бар. Мұның бәрін республикалық ұйым ақпараттық тетік арқылы бақылауда ұстауда. Арып-шаршап алыстан ағылудың тоқтауының бір себебі осында. Хат-хабар жазып хабарласушылар аз емес.
Дегенмен, келем деушілерге есік ашық. Бір бәйбіше келді көмек сұрап. Әкесі соғыста қайтып қаралы хабары ғана келеді. «Жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған елміз». Әмеңгерлік жолмен бір-екі баламен қалған жеңгесін артыңда қалған інісіне қосады. Көп ұзамай ол да майданға аттанып қаралы хабар келеді. Ағайындылардың сүйегі қалған жердің табылуына байланысты соған барып, елден бір уыс топырақ салсам дейді. Көмек қажет. Екі әкенің де зираты бір маңда – Польша мен Украина шекарасында. Содан дереу бір кәсіпкерді шақырып ап жағдайды түсіндіріп ек, бір сөзге келместен жаңағы әруанаға жәрдем берді. Осындай шаралардың бәрін үкіметтің емес кәсіпкерлердің көмегімен шешеміз. Оларға мың алғыс!
–Сіздер отырған республикалық ұйымның «бас штабы» Астанадағы Бейбітшілік пен Абай көшелері қиылысындағы әкімдіктің алтыншы қабатында. Сонда ертеңгі күні бір қарт өз аузымнан жағдайымды баяндап, көзбен-көз сөйлесемін десе қалай болады. Таяғын тарсылдатып, көзілдірігін сүртіп ресепшенде кіру қағазын толтырып отырар ма, қайтер екен?
–Ардагер келіп тұр ма. Бірден бізден шығады. Ешқандай қиындық көрмейді. Ресепшеннен хабарлайды, лып етіп бір маман барып жеделсатымен алып келеді.
–Сауалдан сауал туады. Бір ой көкейімнен шықпай жүр. Оның жауабын осы «төбеден» іздеу керек сияқты. Неге ардагерлердің бас газетін осы Астанадан шығармасқа. Кадр десек, жан-жақтан жиналған небір мықты қаламгерлер осында. Қарттардың көрген-білгенін қағазға түсіріп, кейінгі ұрпаққа тарихтың небір қатқыл да тұмшаланған тұстарын баспа бетінде қалдыруға оларға неге мүмкіндік бермеске. Дербес өз айнасы – төл газет Астанадан шығарылатын болса, көмек беруге дайынбыз. Мен өзім соны калькаға дейін қаттап берер едім. Бастапқы сәттегі қаржылық көмектен соң жер-жердегі 2 миллиондай ардагердің өзі-ақ баспасөзге жазылу арқылы тік көтеріп әкетер еді. Бір жағынан, барша ардагермен де, үкіметпен де, жергілікті билік органдарымен де ақылдасып, қоян-қолтық қызмет етудің иделогиялық бас үйіне айналар еді де.
–Сөзіңіздің жаны бар. Қазіргі уақытта Қызылордада шығатын «Ардагер айнасы», «Ардагер және қоғам», «Ветеран и общества» журналдары республикалық ақпарат құралдары ретінде ұсынылып отыр.
Астанада республикалық деңгейдегі «Астана ақшамы» газетінің бетінде небір жайсаң ардагерлер жайлы мақалалар, жалпы ұйымның қызметінен жедел ақпараттар жиі жарияланып отырылады. Бұл газет редакциясына айтар алғысымыз зор.
–Елдің құлағында, жастардың назарында жүрсін. «Еңбегіне қарай өңбегі» деген мақал бар. Марапаттарыңызға да тоқтала кетсеңіз.
–Жөн. «Парасат» ордені, «Ерен еңбегі үшін», басқа да 13 медальдың иегерімін. Қылмыспен күресте Ақмола облысы бірінші орынды иеленген 1984 жылы КОПК ОК-і мен Министрлер Кеңесінің Ауыспалы Қызыл Туын облыстың ішкі істер басқармасына Жастар сарайында табыс етілуі облыс қана емес, республика үшін үлкен жетістік деп саналды. Бес қырлы «Отличник милиции» құрмет белгісін осындағы ІІБ-сының акт залында халықтың алдында бастығымыз Ұлы Отан соғысының ардагері М. Васютин тапсырды. Онда мен Қорғалжын аудандық ішкі істер басқармасының бөлім бастығы едім. Бірінші рет көріп отырған белгіні залдағылар қолдан қолға өткізіп түгел көріп шықты. Тағы да Қорғалжында жүргенімде облыста бірінші болып Жоғарғы Кеңестің жарлығымен «За отличную службу по охране общественого порядка» медалімен марапатталдым. Оны да мен бірінші боп иелендім. Ол кезде қылмысты іздестіру бөлімінің бастығымын. Бұл барлық қылмыспен күресетін бөлім.
Көбісі табылмайды. Біздің кезде табылатын.
–Сөзіңіз аузыңызда. Бұл мықты қағида екен. Әлі күнге өкініші кетпейді. Арқалықта 1998 жылы біз отырған кеңседегі ірілі-уақты мекемелердің 17 сейфін бір түнде «жарып» тастап, қанша дүние қолды боп, шашылғаны шашылып, кеткені кетті. Ол біз үшін «тар жол, тайғақ кешу» кезі еді. Табылмады. Қалалық басқарманың бастығы онда И. Гертнер деген болды.
–…Табылмайтын қылмыс жоқ. Ондап тұрып ізіне түссе қандай да бір ілгек шығады. Қылмыстың ашылу тәсілдері көп…
–Өзіміз қатысқан ардагерлер ұйымының отызжылдық салтанатты жиынында Мемлекеттік хатшы Г. Әбдіхалықова өз қолымен «Алтын барыс» төсбелгісін тапсырды. Парақтап отырмыз, республикалық «Құрмет кітабына» есіміңіз алтын әріппен жазылыпты. Құтты болсын!
«Айтпасам жөнімді өзім, біледі кім» дегендейін, көп жайға қанықтық. Сізге құрметпен қарап, жадыңыздың мықтылығына таңғала отырып, әр сөзіңізді аманаттай сақтап шама келгенше сол қалпында оқырманға жеткізуді жөн санадым.
–Рахмет!
–Күн-түн қатып, мұз жастанып түзде жүргенде отбасыңда жылылық болмаса, жарыңыз қас-қабағыңызға қарамаса күйіңіз болмас та еді ғой. Апамызға құрметіңіз қалай екен.
–Ерекше! Қызылту ауданындағы Чапай ауылының қызы Алтын Мақұлқызы екеуіміз жастайымыздан қосылдық. Қуанышта да, басқада да мәңгі біргеміз. Осы дәрежеге жетсем, бір Алладан соңғы қуат беріп, қолдап жүрген алтын жарым, Алтыным! Төрт ұл, бір қызымыз бар. Бәрі де Астанада. Үйлі-жайлы. Азаматым, Азатым, Дарханым, Думаным, Сұлтаным, Әлиханым, Бауржаным менің немерелерім.
–Құдай берген екен!
–Тәуба! –Дуалы ауыздан естіп, санаға түйіп қалған татымды әңгімеңізді бажайлай отырып, тағы да мына бір сұрақты қойғым кеп отыр. Әдетте, сіздей мамандықтың иесін сөзге жоқ, қатаң бұйрық беруші, өзі де суық, сөзі де суық адам деп танушы ек. Өнерге, әдебиетке қалай қарайсыз.
–Өте жақсы қараймын. Кезінде М. Әуезовтың «Абай жолы» эпопеясын екі рет оқып шықтым. Домбырамен ән салғанды ұнатамын. Фәриза ханымның терең мазмұнды өлеңдерін өз «репертуарыма» енгізгенмін. Қолдан келсе, «Сегіз қырлы, бір сырлы» болғанға, не жетсін.
–Ұзақ жылдарғы қызметіңізде ішкі істер органында болсын, қазіргі ардагерлер ұйымында болсын – Елбасымыздың бір тілекшісі, кеңесшісі болдыңыз деп айтуға негіз бар сияқты. Алда да жасап жатқан қызметіңіз елге де, өзіңізге де қуаныш сыйласын! Жалғыздың жаңғырығы, осылайша, генералдың дүбіріне жеткен екен деген ой түйдік.
Салиқалы әңгімеңізге, рахмет!
Майра Шөкен,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.