Организация ветеранов

Организация ветеранов

Астанинский городской филиал Республиканского общественного объединения

ЖАРҚЫН БЕЙНЕҢ ЖАДЫМЫЗДА!

Жарқын бейнең жадымызда

РЫСТЫ АПАЙ.jpg

Өмірден өтсе де көңілден өшпейтін адамдар болады. Соның бірі,бірігейі Рысты Тұрғымбайқызы Атығаева. Ол жүрген ортасының ұйытқысы, жақсылықтың,мейірімділіктің нұрын шашып жүретін кісілік келбеті ерекше жан еді.Қай салада жүрсе де көш бастаушы , ұйымдастырушы, үйлестіруші бола білді. Ол жаратылысынан алғыр,сезімтал пысық болды.Өзіне тапсырылған іске жауапкершілікпен қарап тиянақты атқаратын.Бұл қабілеті ішкі істер органдарында жұмыс істеген кездерінде жарқырай көрініп әріптестерінің назарын аударды. Қарапайым құжат тіркеуші болып жүрген жас қыз шамалы уақытта конкурстан өтіп Целиноград қаласының паспорт столының бастығына дейін көтерілді. Қазақ ,орыс тілдерін жетік білетін уставты жан жақты меңгерген, іске алғыр тиянақтылығының арқасында қиындығы мен жауапкершілігі көп саланы тез меңгеріп әкетті.Жастық жігері жалындап тұрған Рыстының қабілет – қарымын байқаған басшылық оны аса қиын жұмыс жастар мен кәмелетке толмаған жасөспірімдер тәрбиесін жетілдіру, оның ішінде ішімдікпен күрес, қоғамдық тәртіп бұзушыларды тәрбиелейтін бөлімге бастық етіп тағайындайды. Бұл жұмыстың да тетігін тауып ата – аналар комитетімен қоғамдық ұйымдармен тығыз байланыс орнатып жақсы нәтижеге қол жеткізе білді. Іскерлік пен тынымсыз еңбегі лайықты бағаланды . Ол «ССРО ішкі істер саласының, Қазақстан Республикасы ішкі істер саласыныің үздігі» . «Қазақстан полициясына 25 жыл», «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 25, 30 жылдық медальдарымен марапатталды. «ҚРІІМ мінсіз қызметі үшін 1,2,3 дәрежесіне жетті. «Ерен еңбегі үшін», ардагерлер ұйымының «Құрмет белгісі» төсбелгісімен , «Астанаға 10 жыл» медальдарын иеленді. Рысты Тұрғымбайқызы «Құрмет» орденінің иегері . 36 жыл ғұмырын Ішкі істер қызметіне арнаған Рысты Тұрғымбайқызы талай қиындықтармен бетпе бет келіп шыңдалды. Ер азаматтар көтеретін жүкті лайықты алып жүрді. Абырой беделі жоғары болды. Заты әйел болса да жасыған жері, сөзден тайған кезі жоқ. Қашан да кім болсада ашық сөйлесіп, кем – кетікті бетіне тура айтатын.Азаматтар ығып жүрді.Қорыққаннан емес Рекеңнің білімді , біліктілігін, шыншылдығын мойындап құрмет көрсетті. Үнемі Р.Тұрғымбайқызын алдарына ұстап өздеріне көшбасшы санады. Қызметтес болып соңынан ерген жастар Рекеңді ұстаз тәрбиеші ретінде өнеге тұтты. Ұрпақтар сабақтастығын жалғастырған аяулы Анасындай қадірледі. Рысты Тұрғамбайқызы құрметті еңбек демалысына шыққаннан кейін де тынымсыз еңбек етті.Астана қалалық ардагерлер Кеңесі құрылғаннан бастап Алматы кейіннен Есіл ауданы ардагерлер ұйымын үздіксіз 15 жыл басқарды. Ардагерлерді ағасындай ардақтап, бауырындай бауырына басты.Олардың заман талабына сай өмір сүріп, зейнет жасында елеусіз, ескерусіз қалмай қоғам ағымына ілесуіне бар күш жігерін жұмсады. Республикалық ардагерлер Кеңесінің пленум мүшесі ретінде тиісі мәселелер көтеріп «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталықтарының ашылуына да белсене ат салысты. Әрбір ардагердің әсіресе майдангерлер мен тыл еңбеккерлерінің жағдайын назардан тыс қалдырмай үнемі байланыста болды. Әрбір мереке, туған күндерінде ұмытпай қолдан келгенше сый - сияпат жасап жүретін. Соңғы кезде денсаулығы сыр беріп сырқаттанып жүрсе де ауруханада жатсада көмекші қыздарына ақыл кеңес беріп, жоспарлар құрып тыным таппағанын көзіміз көрді. Қайран қадірі бөлек Рекем - Рысты Тұрғымбайқызы сіздің орныңыз ойсырап тұр.Ол толар – ау бірақ сіздей рухы биік ақыл парасаты мол, жүрегі мейірбан адамгершілігі жоғары, кісілік келбеті келісті, адамзаттың бәрін сүйген жаны жайсаң , көңілі дархан аяулы жанды ешкім алмастыра алмайтыны анық. «Жақсы адам өлсе дүние кеміп қалады» , дегендей сіз кеткелі дүние тарылып қалғандай көрінеді бізге. Ол – қимастық. Ол – сыйластық. Ол – жақсының қадірін білу шығар. Ия, сіздің қадіріңізді ақсақалдар, Ер азаматтар қатар жүрген қызметтестер білді. Сіз көз жұмған күннен бастап сізді ақтық сапарға шығарып салу рәсімдерінің бәрін өздері атқарып тік тұрып қызмет көрсетті. 60 жылдай жолдас болған құдай қосқан қосағыңыз, қайғыдан қан жұтып, жас баладай еңіреп жылаған Шәкен ағамызға салмақ салмай сүйеу бола білген Сансызбай Сейтжанұлы бастаған ел ағаларына алла разы болсын! Сізді ұмытпаймыз! Сізді сағынатын күндеріміз әлі алда. Сіздің жарқын бейнеңіз біздің жүрегімізде. Рухыңыз шат, иманыңыз жолдас болсын аяулы асыл әпкеміз!

Арты өкініш , бұл жалғанның алды үміт,
Күн батады, таң атады жаңғырып.
Күнді айналып біз жүргенде , сізді Реке ,
Алла нұры аймаласын мәңгілік!

                    Астана қаласының ардагерлер Кеңесі.