Жұлдызды ана
Бүгінгі мақаланың кейіпкері — еселі еңбегімен дараланған, қазақтың айтулы да батыр қыздарының бірі: Социалистік Еңбек Ері Сағила Әбдірахманқызы Есенжолова. Ол осы еңбек даңқына қалай жетті деп ойлайсыз?
Сағила Әбдірахманқызы Ұлы Отан соғысы басталғаннан кейін 1942 жылы дүниеге келген. Сағиланың алдында әкесі Әбдірахман мен анасы Бибісараның 13 баласы болған дейді. Болған деп отырғанымыз, бұл балалардың тоғызы 7-8 жасында тұрмыс тауқыметінің ауыр жылдары, ашаршылықта шетінеп кеткен екен. Тірі қалған төрт баламен кенже қыздары Сағила соғыс кезіндегі ауыртпалықты аналарымен бірге көтереді.
Бесіктен белі шықпай жатып, анасымен бірге фал фермасына барып көмектесіп жүреді. Сиыр саууды да осында үйренеді. Жазда ауыл балаларымен бірге бұзау бағу кезегіне барады. Үйдің бар шаруасына араласады. Анасы не істесе, Сағила соны қағып алып, бастаған жұмысты өзі аяқтап тастайды екен.Таңның атысы, кұннің батысы тынымсыз еңбекпен бірге болады. Балғын балалық шақты көрмей өскен Сағила ерте есейеді.
Ал әкелері Әбдірахман соғыс басталған жылы еңбек армиясына кетеді. Ол соғыста жүргеннен де ауыр, тіпті олар 24 сағат демалмастан еңбек етеді екен.
Бірде анасы Бибісара балаларын қалай тамақтандырарын білмей, мал фермасынан білдіртпей сүт алып шығады. Соны көріп қойған жағымпаздар ферма басшысына белгі беріп оны түрмеге тоғытады. Ол кезде заң қатаң, тәртіп темірдей одан да қатты. Сағила түрмеде масақ теріп қолға түскен әйелдермен бірге отырады. Әйтеуір, бес баласының барын ескерген болар үш күннен кейін оны босатады.
Үйге келсе балалары жалғыз отыр, тамақ жоқ, балалар аш. Қорқыныш пен қуаныштан олар анасының тізесін құшып жылап жібереді .
Сол жылдары анасы бес баламен жалғыз өзі колхоздың жұмысына да, үй шаруасына да араласа отырып, балаларын бағып-қағып аналық қамқорлығын көрсетуден жалықпайды. Балаларын аш-жалаңаш қалдырмайын деп шырылдап жүріп колхоздың басқа да жұмысына араласады.
Тіпті мынандай да жағдай болыпты. Оны айтпауға болмайды. Ол ол ма кезінде анасы Бибісараны байдың қызысың деп сауыншылықтан да шығарып тастайды. Сол жылдары Бибісара апай бес баласын қалай асыраймын деп қиналғанын көрсеңіз. Дегенмен, ол осы қиындықтарды да жеңіп шығады. Сөйтіп, сауыншылық жұмысына қайта келеді. Алдында тұрған бөгеттерге қарамай, адал еңбегінің арқасында алдына жан салмай, сүттен сел ағызған озат сауыншы атанады.
Бибісара апайдың еңбегі де еленеді 1940 жылы оны Москвадағы Бүкілодақтық Халық шаруашылығы көрмесіне /ВДНХ-ға/ жібереді.
Осы жайды естіп өскен Сағила анам сияқты еңбек адамы болсам деп армандайды. Қолы бос болса болды, анасымен бірге мал фермасына бірге барып қол ұшын беріп, оның жанында жүреді 1950 жылдары жер-жерде қазақ мектептері жабылып жатқанда туған ауылы Киров колхозында да қазақ метебі жабылып қалады. Содан Сағила мектепті Ақмола қаласындағы номері 4-ші мектепте жалғастырып, 8-ші сыныпты бітіреді. Бірақ әрі қарай Сағила мектепті тұрмыстың нашарлығынан, әрі анасының шетке жібергісі келмегенінен оқуды жалғастыра алмайды.
Содан тура 13 мүшелінде анасының жолын қуып, мал фермасына келіп, сауыншы болады. Оған алғашында саууға 10 сиыр береді. Бір-екі жылдай жұмыста жоқтардың орнын толтырып, еңбек етеді. Дегенмен, жасына байланысты оның алғашқы екі жыл еңбек өтілі есептелмей қалады. Тек 15 жасқа толғанда ғана оның еңбек кітапшасының алғашқы парағы ашылады.
Сағиланың еңбекке деген құштарлығы анасының үнемі адал еңбек жайлы айтқан мақал –мәтелдері себеп болды дейді. Бибісара апай жоғары институтта оқымасада қанатты сөздерді қызының көкейіне құйып отырады екен. «Еңбек етсең мұратқа жетесің», Еңбек етсең емерсің, ал ерінбесең — жеңерсің»,- деген нақыл сөздерді санама құйып отырды,- деп анасының жақсы қасиеттерін айтып өтті.
Сондықтан да болар, Сағиланың жастайынан анасына еліктеп өскені. Ия, арман алысқа жетелейді дегендей, оның жұлдызы оңынан болды. Сағила Әбдірахманқызы 17-ге толғанда ферма меңгерушісі тәжірибелі сауыншылардай оған да 18 сиыр береді.Сағила таң елеңнен тұрып, фермаға барғанда, алдымен сиырлардың астын тазалап, алдына біраз жем беріп барып саууға кіріседі екен. Сүттерін фермаға тапсырғасын, мал қорада жиналып қалған көңдерді арба немесе шанамен шығарып, сосын сиырларына тағы да қосымша жем- шөбін салып барып түннің бір уағында үйге қайтады екен.
Ал, қыс мезгілінде суаттан мұзды ойып отырып суаратын көрінеді. Өйткені ол кезде бұл жұмыс қазіргідей емес механикаландырылмаған, бар жұмыс қолмен істелетін. Міне, осындай ер адамдар істейтін жұмысты сол жылдары сауыншылардың өздері атқарыпты.
Осы сауыншылық ауыр жұмыста Сағила Әбдірахманқызы тапжылмастан бір фермада тура 20 жыл істейді.
1968 жылы ол партия қатарына алынады. Содан 1975 жылы мол тәжірибе жинақтаған озат сауыншы Сағила Әбдірахманқызын Киров колхозының басшылары фермадағы товарлы сүт фермасының бригадирі етіп тағайындайды.
Ол кезде бұл фермада 400 бас сауын сиыр бар еді. Бірер жылдан кейін оның саны 1200 басқа жетеді. Күн сайын олар Ақмола қаласындағы сүт зауытына 10-12 тонна сүт тапсырып, Қазақстан бойынша озаттар қатарына қосылады. Сағила Есенжолова осы бригадирлік қызметте тағыда тура 21 жыл қызмет етеді. Қарап отырсақ, оның Киров кеншарында еңбек өтілі 41 жылды құрап отыр.
Осындай жауапкершілігі мол жұмыста жүріп, ол қоғамдық жұмыспен де айналысқан. Тіпті сол жылдары еңбек ете жүріп, бір кездегі арман болған оқуын да жалғастырады. 1978 жылы бұрынғы Целиноград ауданына қарасты Новоишим техникумының зоотехник мамандығын бітіріп шығады. Фермаға жаңа келген қаншама сауыншыларға тәлімгерде болады.
Екі рет қатарынан Целиноград облыстық халық Кеңесінің депутаттығына, Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің депутаттығына да сайланады. Ал, 1976 жылы КПСС Орталық Комитетінің ХХV-ші сьезіне делегат болады.Сағила Есенжолова басқарған бригада кезінде өзінің бес жылдық жоспарын, үш жыл сегіз айда орындап шыққаны үшін оған «Еңбектегі ерлігі үшін», ал осындай тамаша биік жетістіктерге жеткені үшін кейіннен екі рет Ленин ордені, «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталады.
Ал, 1981 жылы Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаевтың қолынан «Алтын жүлдыз» медалын алып, Социалистік Еңбек Ері атанады. Міне «Еңбек еткен мұратқа жетеді»- деген осы да. Ия, осылайша Сағиланың жұлдызы жанып, еңбектің ері атанды.
Бір кездегі анамның еңбекке баулып, аталы сөз айтқаны тегін болмады,- дейді біздің бүгінгі кейіпкеріміз, мақаланың майталманы Сағила Есенжолова. Солай деді де анасына арнаған мына бір өлең жолдарын жатқа айтып берді.
Бастадым сөзімді ана деп мен,
Себебі анам ғой мені адам еткен.
Өмірдің бар асылын бойына жиып,
Дүниенің ардақтысы анам екен,- деп тағыда сөзді анасына бұрды.
Ия, өмір жалғасын табады. Сағиланың өзі де бүгін сүйікті ана, қадірлі әже. Балалары да өмірден өз орындарын тапты. Барлығы да жоғары білім алып, бүгінде қазақ еліне еңбек етуде.
Өмірлік жары Темірғали Қанапияұлымен Сағила Әбдірахманқызы кезінде бақытты өмір сүріп, тамаша ғұмыр кешкен. Жолдасы Темірғали 2002 жыды дүниеден өтіпті. Ол да осы Киров кеншарында жүргізуші болған, еліне еңбек сіңірген құрметті адам. Жұбайы Сағила екеуі үш бала тәрбиелеп өсірген.
Бүгінде ұлдары Еркеғали Темірғалиұлы Астана қалалық энергосеть кәсіпорынының бастығы болса, қыздары Мәрзия Астанадағы 41-ші мектептің директоры, ал кенже қыздары Гүлнәр – жеке кәсіпкер.
Сағила Әбдірахманқызының 5 немересі, 7 шөбересі бар бақытты ана, мейрімді әже.
Құрметті демалыста жүрсе де ол үйде бос қарап отыра алмады. Өзі туып-өскен Көктал кентіндегі қоғамдық жұмыстарға араласып, тұрмысы
төмендерге, өзі құрған бастауыш ардагерлердің ұйымына қолдан келген көмегін аямай қызмет көрсетуде.
Сағила Есенжолова бүгінде республикалық ардагерлер Кеңесі президиумының, Астана қалалық ардагерлер Кеңесінің, Сарыарқа аудандық ардагерлер Кеңесі пленумының мүшесі.
Ол уақытының аздығына қарамастан, міне, тура 10 жыл болды Көктал-1 кентінде ардагерлердің бастауыш ұйымын басқарып келеді.
Сағила Есенжоловамен кездесу соңында тағы бір сұрақ қойып, көкейде жүрген ойыңыз, әттеген-ай деген бұйымтайыңыз бар ма деп айтқанымызда:
Адам болғасын арман да, ой да, әттеген-ай да болады. Бұйымтайым — Қазақтың жері кең, шалғын жерлер де баршылық. Елбасы да айтып жатыр ғой. Ауылшаруашылығын дамытып, елдің тұрмыс-тіршілігін көтеру керек. Етті, көкөністерді біз неге шет елден аламыз? Мына елдегі әкімдер Үкіметтен кредит сұрап, алып жас мамандарды елге тарту керек.
Ел жасыл-желекке, жайлау малға толы болу керек. Сонда біз шетелге жалтақтамас едік.
Екінші бір ойым: мына компьютердің, ұялы телефонның соңына түсіп алған жастар түбі не болады? Оқушылардың білімі тек осы компьютермен шектелмесе екен. Балалар тіпті ақын-жазушылардың кітабын оқымайды.
Бастарын жаңағы техникадан алмағандардың білімі де, денсаулығы да болмайды. Жастардың білімі таяз, ренжісе да айтайын кісіліктен, адамгершіліктен алыстап барады. Осы жағы толғантады мені деп көкейде жүрген ойында Сағила Әбдірахманқызы жасырмай ортаға салды. Идеология саласына көңіл бөлу керектігін айтты. Бұрынғы ерте заманның, біздің кездегі жылдардың жақсы жақтарын алуды ұмытпаса деп терезе жаққа қарап ойға шомды.
Р.S Ия, әрбір уақыттың өзіне тән пайдалы жақтары бар. Сағила апайдың заманында жастарды тәрбиелейтін пионер, комсомол, партия ұйымы болды. Мектеп оқушылары арасында тимуршылар командасы жұмыс істеді. Осы жұмыстар арқылы жастар отансүйгіштікке, патриотизмге, үлкенді сыйлауға, кішіге қамқор, адал болуға үйренді.
Көзге түскен Сіз сияқты еңбек майталмандарын, қоғам қайраткерлері мен өнер адамдарын шақырып кездесу өткізетін. Олар өздерінің жемісті де, жеңісті еңбектерін мектеп оқушылары алдында ортаға салатын. Әрине осындай кездесулер мен әртүрлі тақырыптағы шаралардың жастар мен мектеп оқушыларына беретін тәлім-тәрбиесі де өте зор болды.
Сондықтан, Сіздің бұйымтайыңызды ескеріп, осындай жақсы ұсынысты қазіргі басшылар, мектеп директорлары мен мұғалімдері ескерсе дейміз деген ойдамыз.
Ойыңыз да, бұйымтайыңызда орынды деп Жұлдызды анамыз, Социалистік Еңбек Ері Сағила Есенжоловаға бақытты күндер, қызықты сәттер тілеп қоштастық. Денсаудығыңыз мықты, балаларыңыз рухани бай, ауқатты болсын!
Балтабай Ғалия Құсайынқызы
Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері
Қазақстан Республикасының құрметті журналисі